Әйелдерді аямаған НКВД оларды ату жазасына кескен

2046
Adyrna.kz Telegram

Советтік жүйе «халық жауы» деген жаламен әйелдерді аямаған. «Халық жауының» жұбайларын қудалап сүргінге ұшыратқан. Басқа да әйелдерге бірнеше бап бойынша айып тағып, соттап, ату жазасына да кескен. 

ХХ ғасырдың 30-жылдары Қазақстанда еңбекпен түзету лагерьлері құрылған.  Ел аумағындағы лагерьлердің бірі – АЛЖИР. Ол Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері. Бұл лагерь Ақмола аумағында 1937 жылы арнайы бұйрықпен салынған. Тарих беттерінде АЛЖИР лагерінде 20 мыңдай әйел отырғаны көрсетілген. Оның ішінде 62 ұлт өкілі болғаны айтылады. АЛЖИР, ҚарЛАГ лагерінде ұлт зиялылары Тұрар Рысқұловтың, Бейімбет Майлиннің, Қайсар Таштитов пен бірнеше зиялылардың әйелдері, қазақ қыздары отырған.

ВЕТЕРИНАР РЫСҚҰЛОВА

АЛЖИР-де әйелдер қауымы қара нан мен ботқа жеп, қара жұмысқа жегілген. Мұражайдағы құжаттарда Тұрар Рысқұлов пен оның жұбайы Әзизаның өмірбаянынан деректер сақталған. 1931 жылы Әзиза Рысқұлованың отбасы Мәскеуге көшіп, Әзиза Тұрар Рысқұловқа тұрмысқа шыққан. Ал 1937 жылы мамырда Рысқұловтар отбасы Кисловодск қаласына қысқа мерзімді демалысқа келген бойда Тұрар Рысқұлов қамауға алынған.

Ол сол ұсталғаннан соң сегіз жарым айдан кейін 58 бап бойынша «халық жауы» ретінде айыпталып, сотталып, 1938 жылдың 10 ақпанына қараған түні атылған. Артынша сол жылы 30 сәуірде Әзизаны емшектегі қызы Ридамен бірге Қарағанды лагерінің 26-нүктесіне айдап жіберген. Бес жасқа толмаған үлкен қызы Сәуле Украинаға, Одесса облысы Дубки ауылына балалар үйіне жіберілген. Әзиза АЛЖИР-де ветеринар болып жұмыс істеген.

Рысқұловтың әйелі Әзиза сегіз жыл АЛЖИР-де жазықсыз жазасын өтеген. Өмірінің соңғы жылдарында Әзиза Рысқұлбекова Алматыда тұрған. 1988 жылы Рысқұлова қайтыс болды.

ЖАЗУШЫНЫҢ ӘЙЕЛІ ШОПАН БОЛҒАН

Лагерьге айдалғандардың бірі - Гүлжамал Майлина. Ол қазақ халқының сауатсыздығын жоюмен арпалысқан көрнекті жазушысы Бейімбет Майлиннің әйелі.

Майлинаға күйеуінің «жазасы» үшін 5 жылға үкім шығарылды. АЛЖИР мұражайының деректерінше 1938 жылы Бейімбет Майлин ату жазасына кесілгеннен соң оның әйелі де тұтқындалып, Қарлагқа жіберілген.

Гүлжамал Майлина Батық лагерь бөлімшесінде жазасын өтей жүріп, шопан болып жұмыс істеген. Майлина бостандыққа шыққаннан кейін де ауыр тағдырды бастан кешірген. Қарағандыда шахтерлердің киімін жуып, көмір кәсіпорындарының әкімшілік ғимараттарында еден жуған. Артынша ол толық ақталып, Алматыда өмір сүрген.

ТӘШТИТОВТІҢ ЖҰБАЙЫ

ЛКЖК Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы болған Қайсар Тәштитовтың жұбайы да күйеуі үшін жазаланған.

Сағадат  Тәштитова 1914 жылы Қарағанды ​​облысында туған. Оны Алматыда Қазақ КСР НКВД 1938 жылдың 9 сәуірінде тұтқынға алды. 1938 жылы 10 маусымда РСФСР Қылмыстық кодексінің 58, 2, 58, 7, 58, 8, 58, 11 тармақтары бойынша 8 жылға сотталды.

Сағадат Тәштитованың ісі 1956 жылдың 12 сәуірінде тоқтатылған.

ХАЛЫҚ КОМИССАРЫНЫҢ ЖҰБАЙЫ

Нығмет Сырғабеков – қилы заманда ұлты үшiн қызмет еткен халық комиссары. Оның жұбайы Бибіжамал Құрмағалиқызы да НКВД шешімімен «Отанын сатқанның отбасы мүшесі» деп айыпталған.

1938 жылдың 22 мамырында Отанын сатқандардың отбасы мүшесі ретінде 8 жыл бас бостандығынан айырылды.

Сырғабекова Алматы түрмесінен 1938 жылдың 19 шілдесінде Ақмола лагеріне әкелінді. 1946 жылдың 27 наурызында босатылды.

АТУ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛГЕН ӘЙЕЛДЕР

Сталиндік қуғын-сүргін заманында әйел адамдар да ату жазасына кесілген. Соның бірі - Торғай Сүлейменова. Ашық дереккөзде  тұтқынды  «молда, байдың қызы, сауатты, «КПСС-ке 15 жыл» белгісімен марапатталған, КПСС мүшесі» деп жазған. Торғай Сүлейменова ауылнай болған.

Архив құжаттарында 1936 жылы Қарағанды өз алдына жеке облыс болып құрылғанда облыстық атқару комитетінің төрағасы, белгілі қоғам қайраткері Абдолла Асылбеков Мәжен Сүлейменовтің үйінде қонақта болғаны жазылған. Абдолла Асылбеков «халық жауы» атанып қамалған. Ал ерлі-зайыпты Сүлейменовтерді «халық жауының» сыбайластары ретінде көрсетіп,  олардың үстінен НКВД-ға арыз түсірілген.  Солай Торғай Сүлейменова да ату жазасына кесілген.

Шахзада Шонанова – «халық жауының қызы» деген айыппен атылған қазақ қызының бірі. Тұтқын анкетасында оның әкесі – бай-жартылай феодал деп көрсетілген.

Шахзаданың әкесі Арон Қаратаев белгілі қоғам қайраткері болған. Шонановаға «тап жауының қызы» деген айып тағылған. Шахзада Аронқызы ҚазМУ-дің биология факультетіне оқуға түсіп, 1937 жылы тұтқындалады. Оған «буржуазиялық-ұлтшыл, төңкерістік бағыттағы ұйымда болған, Кеңес өкіметінде төңкеріс жасап, Қазақстанды Кеңестер одағынан аластатуды көздеген, Сәдуақасов, Жүргеновтермен байланыста болған, 1936 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік университеті ғимаратын өртеген, ұйымның төңкерістік және террористік бағыттағы жоспарларымен таныс болған, зиянкестікпен айналысқан, мектепке дейінгі балалар тәрбиесіне кері әсерін тигізген» деп айыпталып, ату жазасына кесілген.

Мәмилә Таңатова – шала сауатты, қарапайым колхозшы әйел. 1937 жылдың 29 тамызында сұраққа алынып, өмірбаяны жазылған. Мәмилә Таңатованың сөзінше ол 1907 жылы, Қарағанды облысы, Қу ауданында туған, кедей шаруа отбасынан шығып, колхозда жұмыс істеген. Бұрын ешқандай қылмыстық ұйымда болмаса да ол ату жазасына кесілген. Мәмилаға Қазақстанда «Совет үкіметін құлатпақ болды» деген айып тағылды. Кейіннен «қылмыс құрамы анықталмағандықтан» 1957 жылы ақталған.

Сымбат Наухан,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер