Қаңтардағы азаптау. Әбілбековтің не үшін ұсталғаны айтылды

1383
Adyrna.kz Telegram

Алматы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Берік Әбілбеков Қазақстанда 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде азаптау дерегі бойынша ұсталды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. Бұл туралы еліміздің Бас прокуратурасы мәлімдеді. 

Ведомствода бұл іс Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қошмамбет ауылындағы арнайы тергеу изоляторында қамауда отырғандарды азаптауға қатысты екенін түсіндірді. Прокуратура тергеудің басқа мәліметтерін жарияламады.

Отандық БАҚ-тардан ORDA.kz Әбілбековтің ұсталуы қаңтар оқиғасы кезінде соққыға жығылған қырғыз джазмені Викрам Рузахуновтың азаптау ісіне байланысты деп жазады. Бұл туралы басылымға музыканттың адвокаты Рена Керимова хабарлады.

Сондай-ақ Vlast.kz басылымы бұрынғы полиция бастығының Рузахунов ісі бойынша ұсталғанын жазды. Іске джазменнен бөлек, Қошмамбет ауылындағы арнайы абақтыда азаптаудан аман қалған тағы 22 жәбірленуші қатысты. Олардың арасында Өзбекстан азаматтары да бар екенін «Республика» басылымы бұған дейін жазған.

Рузахунов сонымен қатар, өзін азаптап жатыр деп айыптаған таратылған бейнежазбаны шындыққа жанаспайды деп тануды, оны жоққа шығаруды және ресми түрде кешірім сұрауды талап етіп, ҚР Ішкі істер министрлігі мен «Қазақстан» телеарнасының үстінен азаматтық іс қозғады. Алайда Астана соты бұл талапты қанағаттандырудан бас тартты.

Еске сала кетейік, бұған дейін қалалық полиция департаментінің бұрынғы орынбасары Берік Әбілбеков қаңтар оқиғасы кезінде азаматтарды азаптау дерегі бойынша ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.

 

Пікірлер