Әйгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің 26 томдық толық шығармалар жинағы Қазақстанда басылып шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
26 томдық жинақ қазір Алматы, Астана, Түркістан, Қарағанды, Шымкенттегі кітап дүкендерінде сатылымға түсіп отыр.
Осыдан төрт жыл бұрын ғана, Америка Құрама штаттары, Мэриленд, Силвер Сприң қаласында, «Мagauin Publishing» баспа үйі арқылы, атақты қаламгердің сексен жасы, алпыс жылдық шығармашылық қызметінің мерейлі қорытындысы ретінде
шектеулі таралыммен жиырма бес томдық шығармалары жарыққа шыққан болатын.
Жазушының magauin.com ресми сайтында жаңа басылымның өткен томдықтарды ешқандай өзгеріссіз, қаз-қалпында жарияланғаны жазылған. Бар айырма – жақында ғана жазылып біткен «Алтын Орда» шежіресінде екені белгілі болған. Ал толық жинақ жанрлық, хронологиялық негізде түзілген.
26 томда әрбір кітаптың көлемі 550-650 беттен тұрады. Мұндағы кітаптың жалпы тиражы – 2 мың дана. Мұхтар Мағауиннің томдық кітабының алғашқы үшеуі – əңгімелер жинағы.
Кітап дүкендерінде кітаптың бір данасы - 4900 теңге шамасында болса, тұтас 26 томы - 100 мың теңге тұрады.
Айта кетейік, бірінші том – «Əуелгі əңгімелер», «Өткінші əңгімелер», «Иесіз əңгімелер», «Доңыз жылғы балалық» аталатын топтамалардан құралған. Атап айтқанда, жиырма жаста жазылған «Бір уыс бидай», «Тіленші», жиырма бір жастағы «Кешқұрым», «Əйел махаббаты» əңгімелерінен басталып, тəуелсіздік қарсаңы, 1990 жылы жарыққа шыққан «Пұркоралдың көк аты», «Ең əділ сайлау», «Тас-судан өткен қашқындар», «Əбдіғаппар сері», «Абақтыда өлген Уан атам» дейтін əңгімелермен түйінделген.
Əңгімелердің екінші томы – тəуелсіздік замандағы азат қаламгердің жаңа бір тұрпаты. «Еркіндік бастауындағы екі əңгіме», «Тамыздан соңғы əңгімелер», «Одағай əңгімелер», «Жəне одағай əңгімелер» топтамасы. Таратып айтқанда: «Салах-ад-Диннің үкімі», «Коммунистік реализмнен» басталып, «Ұлт-аралық жанжал», «Қасқыр-Бөрі», «Сұркөжек аттың соңғы шабысы», «Травеннің əңгімесі», «Қос ағаш», «Құмырсқа-қырғын» жəне осылар қатарлас тағы қаншама əңгіме.
Үшінші том – «Əдепкі əңгімелер», «Əрқилы əңгімелер», «Талайсыз əңгімелер», «Оқшау əңгімелер» аталатын топтамалардан құралған. Жіктеп атасақ: «Бір нəзік сəуле», «Эльза жеңешем», «Келде-мұнара», «Бесінші түлік», «Он жеті əйел алған Исақан ағам», «Түйеші Қамбар», «Өлі мен тірі» қатарлы əңгімелер. Бұл кітап «Құждың қу жілігі» аталатын əңгімемен түйінделеді.
«Толық жинақтың» келесі жеті кітабы – романдар мен хикаяттар. Бұл қатарда Төртінші том – қаламгердің 1971 жылы жазылған алғашқы романы «Көк мұнар» жəне содан бұрынғы һəм кейінгі «Тазының өлімі», «Қара қыз», «Бір атаның балалары» деген хикаяттар.
Бесінші том – «Көкбалақ» романы жəне «Өмір жыры», «Жыланды жаз», «Жүйрік» қатарлы хикаяттар. Алтыншы, Жетінші томдар – «Аласапыран» тарихи дилогиясы. Бұл – бір тарабы Москва, екінші қиыры Пекин мен Берлинде басылған, авторына Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық əперген атақты романның түпнұсқа – қазақ тілінде тоғызыншы мəрте басылымы екен.
Сегізінші том – советтер заманында жазылып, жарыққа жеткен «Шақан-Шері», «Сары қазақ» романдары жəне тəуелсіздік кезеңінде еркін қаламға түскен «Шипалы Aрасан», «Қисық ағаш», «Оңғақ» хикаяттары. Тоғызыншы том – «Мен» дилогиясы: «Шытырман», «Қия жолдар» аталатын ғұмырбаяндық екі роман. Оныншы том – өзгеше бітімді «Қыпшақ аруы», «Кесік бас – тірі тұлұп хикаяты», «Жармақ» романдары. Сонымен, бастапқы он том құрамында əрқилы тақырып, сан салалы əдеби тəсілмен жазылған сексен жеті əңгіме, он хикаят, он бір роман топталып отыр. Мұхтар Мағауиннің биік өрелі прозасы. «Толық жинақтың» келесі он алты томы – əдебиеттану, тарих тарабындағы ғылыми зерттеулер мен мемуар, көсемсөз, аударма үлгілері.
Он бірінші, он екінші, он үшінші және он төртінші томдар «Шыңғыс хан» тарихи тетралогиясынан тұрады.
Он бесінші том – «Шыңғыс ханның» тікелей жалғасы есепті, танымдық тауарих аталған «Алтын Орда».
Он алтыншы том – əдебиет тарихына қатысты зерттеулер: жас ғалымның жиырма бес жасында жазылып, атағын шығарған жəне алдынан сара жол ашқан «Қобыз сарыны» монографиясы һəм «Ғасырлар бедері» деген атаумен жинақталған тетелес ғылыми еңбектер.
Он жетінші том – бұрнада үш қайтара кітапқа шыққан «Тасқа басылған қолжазбалар» – əдеби сын.
Он сегізінші том – ғылыми зерттеулер: Бұқар-жырау, Шортанбай мен Мұрат, Абай мен Шəкерім жəне Жамбыл. Сонымен қатар, ағымдағы əдеби сын үлгілері.
Он тоғызыншы том – «Қазақ тарихының əліппесі» жəне тəуелсіздік заманның алғашқы жылдарында жазылған, «Ұлттың күре тамыры» деген тақырыппен топталған көсемсөз үлгілері.
Жиырмасыншы том – жазушының жас шағы – 1968, 1973 жылдарда жасалған аудармалар: Хаггардтың «Сүлеймен патшаның кеніші» романы жəне Сомерсет Моэмнің таңдама тоғыз əңгімесі.
Жиырма бірінші томның бастапқы жартысы – кітап ішіндегі кітап: «Кұңфудзының даналық дəрістері» аталады. Ханзу жұртының ұлы ойшылы Кұңфудзының философиялық «Кеңес пен толғам» ғақылия кітабының өзгеше тəржімасы жəне толымды зерттеу мақала мен ғұмырбаян, түсініктемелер. Сонымен қатар, бұл томда қазақ тарихындағы Шыңғыс хан, Абылай хан, Кенесары хан, Бердіқожа батыр жəне Кеңгірбай би, Жобалай би, Құнанбай қажы, Құрманғазы мен Абайға, Мұхтар Əуезовке қатысты шағын эсселер, ең ақыры – «Ешкі жетектеген екеу» атты, Шыңғыс хан тарихына қатысты көлемді мақала.
Жиырма екінші том – əйгілі «Ұлтсыздану ұраны» жəне бүгінгі күн тақырыбындағы «Кейісті мақалалар», «Оқшау мақалалар» атты топтамалар. Жəне «Қарымта» деген ортақ тақырыппен жинақталған бес мақала: негізінен 2002-2006, бірнеше жыл бойы Мұхаңа қарсы жаппай жүргізілген, жалалы, былғаныш науқанға қаламгердің өзіндік реакциясы көрініс тапқан амалсыз жазбалар. Мұхтар Мағауиннің ғұмырбаяны ғана емес, сол кезеңдегі əдеби жəне рухани ахуал туралы дерек беретін дəйектемелер ретінде қатарға қосылды.
Жиырма үшінші том – эмиграция кезеңіндегі көсемсөз. Бастапқы «Қазақсыз Қазақстан» аталатын топтама құрамындағы «Қан төгілді» – 2011 жылғы Жаңа-Өзен қырғынына байланысты, оқиғаның ізін суытпай жазылған суреттеме һəм айыптау лепес. «Ғаламат апат шындығы» – 1931- 1933 жылдарғы қазақ ашаршылығы, себеп-салдары мен бүгінгі зардабы. Ал «Қазақсыз Қазақстан» дейтін көлемді толғам – Назарбаев билігі жеткізген сұмдық пен ұлтқа қарсы қылмыс, қазақтың елі мен жері, қазына байлығының жойдасыз тонауға ұшырауы, рухани жұт жəне саяси қысым турасында. Бұл томда Шəкерімнің ғұмырбаяны пен мұрасы туралы көлемді екі зерттеу мақала жəне алаш арыстары: Міржақыпқа, Мағжанға, Əлімхан Ермековке қатысты шағын толғамдар һəм қазақ тілі мен руханияты төңірегіндегі бірнеше мақала бар.
Жиырма төртінші, жиырма бесінші, жиырма алтыншы томдар – тұтасымен мемуар. Қаламгердің жеке басы емес, көрген, білген, алдынан өткен, қатарлас жасаған белгілі тұлғалар туралы. «Естеліктер кітабы» аталады. Үлкендерден бастап айтсақ – өзі дəрісін тыңдаған Мұхтар Əуезов, игілікті ғылыми жетекші – Бейсенбай Кенжебаев, ықыласына бөленіп, қамқорлығын көрген Мəлік Ғабдуллин, Əлкей Марғұлан, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Есенберлин, Нығмет Ғабдуллин, қатарлас жасаған Əбіш Кекілбаев, Мұқағали Мақатаев, Сайын Мұратбеков, Жұмекен Нəжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Кенжеғали Сағадиев, Мағауия Сембай жəне басқа да атпал тұлғалар қамтылған. Сондай-ақ, жастары үлкен, таныған һəм біліскен, жақсы қатынаста болған Гүлнар Дулатова, Əди Шəріпов, Темірғали Нұртазин, Өтебай Қанахин, Лəйла Əуезова, Əбдірəшит Ахметов, Əйтікеш Толғанбаев, кейінгі іні Жəнібек Кəрменов туралы толымды естеліктер.
Бұл қатарда соңғы жиырма алтыншы томның бір ерекшелігі – балалық шақ туралы «Балақан» атты роман-мемуар. Сонымен қатар, осы томда жазушының жеке басына қатысты ғұмырбаяндық деректер, бұрынғы-соңғы жазылған шығармалардың хронологиялық тізбесі, түпнұсқада жəне əрқилы аудармаларда шыққан кітаптар көрсеткіші жəне «Толық жинақтың» əліпби тізбесі берілген.