5 жылда 3 рет ант берген Президент 71 жасқа толды

2629
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Бүгін – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың туған күні. Мемлекет басшысы 71 жасқа толды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Қасым-Жомарт Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматы қаласында туған. Әкесі – Кемел Тоқайұлы Тоқаев (1923-1986) Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі жазушы, қазақ әдебиетінің детективті-шытырман оқиғалы жанрының негізін қалаушы. Шешесі – Тұрар Шабарбаева (1931-2000) Алматы шет тілдері педагогикалық институтында қызмет еткен.

Қ.К.Тоқаев 1975 жылы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институт бітірген. КСРО-ның Қытай Халық Республикасындағы елшілігінде диплом алдындағы тағылымдамадан өткен. 1983-1984 жылдар аралығында Бейжің лингвистика институтында тағылымдамадан өтті. 1992 жылы Ресей федерациясы сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясын тәмамдады.

Ол 1993 жылы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары және 1994 жылы Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. 1999 - 2002 жылдары Тоқаев премьер-министр болды. Осы кезде үкімет құрамындағы біршама тұлғалар оппозицияға өтті. Премьер оларды "киндер-сюрприз" деп атады.

Сыртқы істер министрі лауазымында Қ-Ж. Тоқаев, тұтастай алғанда, 10 жыл еңбек етті (1994-1999, 2002-2007).

2007 жылдан бастап "Нұр Отан" партиясының және осы партияның саяси кеңесі бюросының мүшесі. Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі. Төтенше және Өкілетті Елші. Дүниежүзілік гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі. Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы "Ғұламалар кеңесінің" мүшесі. Шэньчжэнь университетінің (ҚХР) және Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының құрметті профессоры. Қазақстанның халықаралық қатынастар жөніндегі кеңесінің құрметті президенті. Женева Дипломатия және халықаралық қатынастар мектебінің құрметті деканы. Ресей биографиялық қоғамының тұжырымы бойынша 2018 жылдың "Жыл адамы" лауреаттарының тізіміне енген. 13 жыл бойы Қазақстанның үстел теннисі федерациясын басқарды.

2019 жылғы 20 наурызда Нұрсұлтан Назарбаев өкілетін өз еркімен табыстаған соң сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев  президент ретінде ант қабылдады. Сол жылғы маусым айындағы сайлаудан соң ол екінші рет ант қабылдады.

2022 жылы қарашада кезектен тыс президенттік сайлау өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% дауыс жинап, үшінші рет ант қабылдады.  Ол билікке келгелі "Тыңдайтын үкімет", Жаңа Қазақстан" және "Әділетті Қазақстан" ұранын көтергендігімен есте қалды.

Пікірлер