Өткен жылы 116 мың гектардан астам орман қоры өртеніп кетті - Олжас Бектенов

1393
Adyrna.kz Telegram
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр өрттен қорғау жұмыстарын сынады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеп.

Елімізде өткен жылы 116 мың гектардан астам орман қоры өртеніп кетті. ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов биыл да аптап ыстық пен құрғақшылық болжанып отырғанын айтты.

«Жыл сайын елімізде мыңға жуық табиғи өрт болады. Тілсіз жау адам өміріне, сол сияқты қоршаған ортаға да орасан қауіп төндіреді. Өткен жылы 116 мың гектардан астам орман қоры өртеніп кетті. Еліміздегі орман алқаптары онсыз да өте аз, олардың аумағы өрт салдарынан жыл сайын сиреп барады», - деді О.Бектенов Үкімет отырысында.

Премьердің сөзінше тілсіз жаудан келген материалдық шығын 160 млрд теңгеден асып түскен.

«Қазгидрометтің болжамына сәйкес, биыл жаз айлары ыстық әрі құрғақшылық болады деп күтілуде. Әсіресе, еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде аптап ыстық ұзақ сақталуы мүмкін. Демек, өрт қаупі күшейе түседі. Биылдың өзінде 30-ға жуық орман өрті тіркелді. Мәселен, өткен жылы өрттен қатты зардап шеккен «Семей орманы» аумағы биыл тағы да отқа оранды. Абай облысының әкімдігі бақылауды күшейтуі керек», - деді Үкімет басшысы.

Бірнеше облыстарда қызыл жалынның пайда болу себебі қураған шөп пен қоқыстар. Олжас Бектенов  Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қамыс пен қураған шөп жанып, өртке ұласқанын да баса айтты.

«Қазір мүдделі мемлекеттік органдар Табиғи өрттердің алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын іске асырып жатыр. Алайда кейбір салаларда бұл жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Абай және Ұлытау облыстарында минералданған жолақтарды жасау енді ғана басталған, қажетті көлемнің үштен біріне әрең жетеді. Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарындағы аумақтар әлі күнге дейін қураған шөп пен қоқыстардан тазартылмаған», - дейді Премьер-Министр.

Пікірлер