Шашыңды қима, бойжеткен, қырсық шалады!

15966
Adyrna.kz Telegram

Кісінің көркі болып саналатын шашта кие болатыны бағзыдан айтылатын болжам. Шашқа қатысты ырым, нанымдар да, қазақи тыйымдар да жетерлік. Бұрынырақта аналарымыз белден асқан шашты кеспеген. Ұзын шашты орынсыз кесу үлкен қасіретке ұшыратуы мүмкін деп пайымдаған. «Бір тал түскен шашты кез келген жерге тастамайды, құс іліп кетсе, бас ауруына шалдығады» деген де бұрыннан бар тыйым.

Ғалымдар осы тыйымның астарында ақиқаттың жатқанын анықтады. Олардың пайымдауынша, адам шашы ғарыш энергиясын қабылдайтын «антенна» боп табылады екен, яғни шаш өзін қоршаған ортамен хабар алмасып тұрады-мыс.

Ғалымдардың сөзіне сенер болсақ, антеннаға шаштың сыртқы ғана емес, ішкі құрылысы да ұқсас келеді. Соңғы жылдары ғалымдар ашқан тағы бір жаңалық — адам шашының Ян қуатына бағынатындығы. Ғарыштық сәуледен пайда болатын бұл қуат ерік-күшті, дұрыс шешім қабылдауды, тереңнен ойлауды дарытатын көрінеді.

Осы орайда зерттеушілер Шәкәрім, Төле би тәрізді ұлыларымыз бен кемеңгер аталарымыз шаш, сақал, мұртын әдемі етіп қоя білгендігі мен олардың бойындағы көптеген ізгі қасиеттердің арасында тығыз байланыс барын растайды. Бәрі де мүмкін. Себебі, өмір бойы қырынбаған Бетховенге замандастарының бірі ескерту жасағанда, ол: «Егер қырынсам, шығармашылық шабытым жоғалады», — деп жауап қайтарған ғой. Демек қазіргі ғылым адам шашы мен денсаулығының арасында тығыз байланыс барын дәлелдеп отыр.

Сонымен қатар ғалымдар әйелдердің шашы Инь қуатына бағынатынын айтады. Бұл қуат қыз-келіншектердің бойына жұмсақтық, мейірімділік, байыптылық, кешірімділік тәрізді қасиеттерді дарытады екен. Олай болса, біздің аталарымыз бен әжелеріміздің қыз-келіншектерге жалаңбас жүрмеуді, мешітке орамал тартып кіруді талап етуі тегін емес. Мешіт төбесі, оның айналасындағы кеңістік ерлер шашы бағынатын Ян қуатына тұнып тұр. Сондықтан да әйелдің шашы ашық болса, өзіне кереғар осы қуаттарды тез қабылдап алады. Сол себепті болар, ежелгі Русьте әйел екіқабат болғанында іштегі балаға кереғар қуаттар, әр түрлі жағымсыз жағдайлар шаш арқылы әсер етпесін деп, олардың шашын тықырлап алып тастайтын болған.

Шашқа қатысты аңыздарды, адам сенгісіз әңгімелерді көп естіп, көп оқимыз. Осыдан екі-үш жыл бұрын Мәскеу теледидарының «Денсаулық» бағдарламасынан берілген хабарда ХХ ғасырда Қытайда таңғажайып бір сұмдық оқиғаның орын алғандығы жөнінде айтылған еді. Онда белгісіз, көзге көрінбейтін бір күш қытайлық қыздардың бұрымдарын кесіп алып кете берген. Шаңқай түсте осылайша шаш ұрлау 3 жылға созылған. Бұл жағдай сол жылдары Лондонда да қайталанады. Биологтар, физиктер, дінбасылар, полицейлер бұл оқиғаның жұмбақ сырын аша алмай, әр түрлі болжам айтады. Сол болжамдардың бірі мынадай еді: «Өзін өзі өлімге қиғандар өлгеннен кейін де бұл дүниеден кете алмай қиналады. Төменгі астральға, яғни, жердегі тіршілікке ұзақ уақыт байланып жүреді. Оған себепші — жердегі күш қуатқа толы шаштар екен».

Болжамның астарында үлкен мән бар. Қазіргі ғылымның шашқа байланысты ырым, тыйымға ескінің қалдығы деп қарамауды, оған жаңаша көзқараспен қарауды ұсынуы — басты негіз.

Шаш күш жинағыш қасиетке ие. Қытайдың әскери өнерді меңгерген батырлары мен жақсы жайсаңдары туралы көркем фильмдерінде өздерінің биоэнергиясын басқара алатын монахтар барлық күш қуатын бұрымдарына жинап, оны қару ретінде қолданады. Қазіргі ғылым оның ақиқат екенін дәлелдеп қана қоймай, шаштан әр түрлі «хабар» алуды да үйрене бастады. Оған нақты дәлел: криминалистер бір тал шашы арқылы иесінің анаша қабылдайтын, қабылдамайтынын, тағы да басқа жағдайларды анықтай алады. Адамның саусақтарының таңбалары бір-біріне ұқсамайтыны сияқты кісінің шаштарында да титімдей ұқсастық болмайды. Тек бірдей шаш бір жұмыртқалы егіздерде ғана болады екен.

Тәжірибеде бір тал шаш арқылы  «гендік дактилоскопия» әдісін қолдана отырып, қылмыскерді де табуға мүмкіндік бар.

Шашты зерделейтін ғалымдардың кеңесі бойынша адам үлкен қиындықтарға тап болып, ұзақ уақыт күйзелуді бастан өткерсе, шашын қидырып, алдырып тастағаны жөн. Себебі, шаштың «есте сақтау» қасиеті бар көрінеді. Ол жүйкені, миды мазалап, көңіл күйді, денсаулықты бұзуы әбден мүмкін.

Бұрымым мен бұралаң жолдарым

Шаштың киесі болатындығына басымнан өткен жағдай толық көзімді жеткізгендей болды. Менің шашым тіземнен төмен түсіп тұратын. Арқама бір өрім ғып тастасам, шаштың салмағынан басым артқа қарай шалқайып кететін. Көбіне шашымның ауырлығынан оны желкеме орап түйіп жүрдім.

Бала күнімде ауылдағы көрші келіншектің тобығына түсетін шашына қызығып жүретінмін. Сол келіншек кейіннен қатты сырқаттанды. Миында психологиялық ауытқулар болып, ұзақ емделді. Шашқа көз тигеннен келген кесел деп шашын кесіп тастағанмен, ол ауруынан арыла алған жоқ. Қайта сырқаты одан сайын асқынып кетті. Ауылда «Биғайша жынды» деген атпен күні кешеге дейін өмір сүрді.

Мен бойжетіп, Алматыға оқуға түстім. Сол кездердегі сәнге айналған қысқа шашқа қатты қызығып, шашымды кесудің ретін таппай жүрдім. Қырқып тастай салайын десем, әкемнің «шашыңды қисаң, менің қызым емессің» деген сөзінен аттап кете алмадым.

Бір күні басым шаншып, ауыра берді. Өзімше «шашыма көз тиген» деп ойлап, шаштаразға барып, шолтитып, иығымнан кестім де тастадым. Содан кейін-ақ аяғымнан «қырсық» шала берді. Бір айға жетпей сап-сау жүрген әкем көз жұмды. Әкеммен қоштасуға келгенімде нағашы әжем менің қиылған шашыма тесіле қарап, «сен екенсің ғой әкеңді құртқан» демесі бар ма? Мен түкке де түсінбедім. Оқудан көп уақытқа қалып қойғанымның кесірінен оқуымнан да шығып қалдым. Үсті-үстіне ауыра бердім.

Қайда барсам да «қорқыттың көріне» ұшырай берген соң, туыстарымның сүйреуімен көрші ауылдағы Тілеу деген тәуіп шалға барып қаралдым. Тамырымды ұстап отырып, шашымды қиғанда, ашық жолдарымның барлығын қиып тастағанымды айтты. «Қайда барсаң да, жолыңның болмайтыны — сол», — деді ол. Содан соң жеті күн жылқының құйрығын шашымның ұшына байлап жүріп, дем салдыруыма кеңес етті. Айтқанының барлығын бұлжытпай орындадым. Кейіннен жағдайым қалпына келді.

Қазір ойлап отырсам, шашта біз біле бермес құпия көп екен. Шаштың сезімтал екенін, оның жақсылықты да, жамандықты тез қабылдағыш болатынын сол тәуіп шал түсіндіріп берді. Бұрынырақта бақсы балгерлер біреуді біреуге қаратып беру үшін де, бәз біреулерді жауластыру үшін де шашқа дұға оқиды екен. Ондай әдіс бүгінгі күні де бар. Сондықтан шашты адам аяғының астына тастамай, бір талына да абай болу керек. Ал ұзын шашты сіңілілеріме айтарым, шаштарыңды жөнсіз қиюшы болмаңдар.

Жақсыгүл ИМАШЕВА,

Ақтөбе қаласы

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер