Қостанайда бірлік күні қайырымдылық акциясына ұласты

1328
Adyrna.kz Telegram

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні Қостанай қаласында қайырымдылық акциясынан бастау алды. Облыс аумағын мекен еткен түрлі этнос өкілдері аталмыш акцияға белсене ат салысты.

– Тәуелсіз Қазақстанның ең бастысы құндылығы – ол бірлік. Біздің бірлігіміз қиындықтарды бірге жеңе алатынымызды, бейбітшілік пен келісімде өмір сүре алатынымызды дәлелдейді, - дейді «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Наталья Рамазанова. – Бүгін этномәдени бірлестік өкілдері «Жизнь на ладони» жобасының қатысушысы Савелий Григорьевке қолдау көрсету үшін қайырымдылық жәрмеңкесін өткізіп жатыр. Баршаңызды Қостанай облысы Қазақстан халқы ассамблеясы атынан бірлік күнімен құттықтай отыра, осы игі іс-шарадан қалыс қалмауға шақырамын.

Мерекелік іс-шара тұрлі ұлт өкілдерінің әсем ән-күйі мен әсерлі биі тәрізді дүбірлі думанмен басталып, жәрмеңкемен жалғасын тапты. Этномәдени бірлестіктердің қазақтың дархан даласындай етіп жайған дастарханына қызыққан халықтың қарасы қалың. Ұлттық тағамдар жәрмеңкесінен жиналған қаражат церебралды сал ауруына шалдыққан Савелий Григорьевтің еміне жұмсалатын болады.

Жәрмеңкеден бөлек, мереке қонақтарының назарын аударған бағдарлама ұлттық стильдегі шоперлер тігу шеберханасы болды. Белсенді қозғалысты қалайтындар үшін халық билері бойынша шеберлік сыныбы ұйымдастырылып, ұлттық ойындар жарысына қатысу ұсынылды. Ал кішкентай көрермендердің көңілін  түрлі түсті аквакриммен аулады. Сондай-ақ, кештің көркін қаланың үздік шығармашылық ұжымдары мен жайдарман ойындары кіргізді.

Бір кісідей жұмыла қатысқан іс-шараның арқасында 11 жасар Савелийдің еміне жарты миллиондай қаражат жиналды. Баланың ата-анасы ұйымдастырушылар мен барлық қамқор адамдарға зор алғысын білдірді.

Пікірлер