Аналардың жүктілікке дайындығына биыл 5 млрд теңгеден аса қаржы бөлінді — министр

727
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/wWQAb8HUbRbnljVinBLUgoz7gTOxIG1zr3pPQnJt.webp

Қазақстанда аналардың жүктілікке дайындығын арттыруға бюджеттен 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, ана мен бала өмірін сақтау – елдің денсаулық сақтау саласындағы басты стратегиялық бағыттардың бірі.

«Ана мен сәби өмірі Мемлекет басшысының да, Үкіметтің де үнемі бақылауында. Ана өлімі көрсеткіші былтырмен салыстырғанда биыл төмендеді. Жыл сайын 10–15 пайыз төмендеу бар. Бұл әйелдердің жүктілік кезіндегі күтімі мен медициналық көмектің сапасына байланысты», – деді Әлназарова.

Ол соңғы жылдары туу көрсеткішінің артуына байланысты елімізде перинаталдық орталықтар салу жұмыстары белсенді жүріп жатқанын атап өтті.

«Қазір 12 перинаталдық орталықтың жобалық құжаттары дайындалуда. Астанада құрылыс жүріп жатыр, жыл соңына дейін Шымкент пен Түркістанда жаңа орталықтардың құрылысы басталады», – деді министр.

Сондай-ақ, кадр тапшылығын шешу мақсатында акушер-гинекологтар мен неонатологтарға арналған әлеуметтік қолдау шаралары енгізілген. Соның нәтижесінде медициналық кадр тапшылығы 19 пайызға, ал ауылдық жерлерде 11 пайызға азайған.

«Аналардың денсаулығын күшейту үшін биыл алғаш рет жүктілікке дайындыққа арнайы қаражат бөлінді. Әйелдер тегін зерттеулерден өтіп, қажет болса сауықтыру шараларынан өтеді. Бұл жүйелі жұмыстардың нәтижесінде кей өңірлерде тұрақтылық байқалады», – деді Ақмарал Әлназарова.

Министрлік қазір аудандық деңгейдегі перзентхана бөлімшелерінің жұмысын талдап, ана өлімін түбегейлі азайтуға бағытталған кешенді шараларды қолға алған.

Айта кетейік, министр қымбат аяқ киіммен көзге түскенін хабарлаған едік.

Пікірлер