Қазақстанға төнген тағы бір қауіп

7585
Adyrna.kz Telegram

Таяуда еңбек ресурстарын дамыту орталығы 2030  жылға қарай қазақстандықтардың саны 11% өсіп, шамамен 20 миллион 600 мыңнан асады деп болжам жасапты.  Жасалған болжамның қызықты тұстары да жоқ емес екен.  

Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта Алматы және Түркістан облыстарында 2 миллион адамнан тұруы мүмкін. Ал Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында 1 миллионнан астам тұрғын болады. Сараптамаға сәйкес, елімізде жастар көбейеді. Мысалы, Түркістан облысы 2030 жылы жас тұрғындар бойынша көшбасшы болады. Өңірдегі жастардың саны жарты миллион адамды құрайды. Сарапшылар үштікке Алматы облысы және Алматы қаласын кіргізген. Сонымен бірге мамандар ХХІ ғасырдың ортасына қарай Қазақстан жастарының үштен екісі қалаларда тұрады және ұлдар қыздардардан көп болады деп санайды.

Болжам өте керемет жасалыпты. Сонымен қатар мұндай болжамның дәл қазір жасалуы да бекер болмаса керек. Себебі соңғы уақытта Қазақстанға келушіден гөрі, бұл елден үдере көшіп жатқандар көбейген. Көшіп жатқандардың көбісі жастар. Осы деректің күшін азайту мақсатында мынадай болжамдардың жасалуы орынды да. Алайда болжамның қалай құбылып, қалай өзгріске түсетіні бесенеден белгілі. Бос болжам қарын тойдырмайды. Алдағы он жылда миллиондарға санымыз артады деп құрғақ сөзбен өзімізді жұбатқанша, бәлкім проблемаға басқа қырынан назар аударған жөн болар?

Мәселен, Қазақстанда қарт адамдардың саны артып, жастардың саны керісінше  азайып барады. Бұл қауіпті ме? Өте қауіпті. Осындай қарқынмен кете берсек, көп ұзамай қарт Қазақстанға айналамыз. Ал бұл дегеніңіз, Қазақстанның мемлекет ретінде сақталуына тікелей төнетін қауіп болмақ. Біраз уақыт бұрын БҰҰ-ның Қазақстандағы халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) демография, даму және гендер мәселелері жөніндегі жобалардың ұлттық үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлова да қариясы көбейген Қазақстанның мәселесін биік мінберден сөз еткен еді. БҰҰ классификациясы бойынша, 65 жастан асқан халықтың үлесі 7 пайыз және одан жоғары қоғам қартаюға жатады. Ал бұл көрсеткіш қазір елімізде 7,5 пайыздық көрсеткіште екен. Демек, Қазақстан демографиялық қартаюдың бірінші сатысында тұр. Мұндай қауіптің алдын алу үшін, әрине, ең алдымен бала туу санын арттыру керек. Алайда демографияны көтерейік деп көп бала тууды қолдайтындар бар ма? Біз сұрау салған және көп бала табуды қолдайтындардың бәрі бір ауыздан «әр баланың өз несібесі бар» дегенге саятын пікір білдірді. Ал көп балалы болуды қолдамайтындар төмендегіше мәселені сөз етті.

Аяулым Жанысбайқызы, сатушы, Түркістан облысынан: «Көп балалы болуды кім қаламасын. Бірақ қалайды екем деп жыл сайын бала табуды дұрыс көрмеймін. Себебі, тапқан баланы өсіру, бағу, аяғынан тұрғызу бар. Мемлекет тек бір жасқа дейін жәрдемақы береді. Одан кейін амалсыз жұмысқа шығу керек. Жұмысқа шықпасаң, аш қаласың. Міне, сондықтан әзірге екі баланы қанағат тұтып отырмыз», -дейді. «Өзім көпбалалы отбасыдан шықтым. Көп баланың өмір сүретін ортасын өте жақсы білемін. «Бауырмал болып өседі» деп жатады. Санасына бермесе, бір үйден шыққан он баланың бәрі бауырмал бола бермейді. Мысалы, қазір үш әпкем, бір ағамыз бір жақ, яғни өзара жақсы араласады. Ал біз үш ұл, екі қыз бір бөлек араласамыз. Неге? Ақшасы бар мен ақшасы жоқтың тіл табысуы қиын екен. Мың жерден көпбалалы отбасыдан шықсақ та, бұл шындық екен. Өз басымнан осындай жағдай өтіп отырған соң, өз балаларымның санын үшеуден асырмауды жөн санадым. Сол үшеуіне мықты тәрбие беріп, жағдайын жасауға күш салуым керек. Не керек топырлатып? Үйсіз қаңғыған бауырын басқалары түртпектейді. Ақшасы, қызметі болмаса адам санамайды. Ал көпбалалы отбасының барлық баласының материалдық жағдайы бола қоюы екіталай. Сондықтан саны аз болса да, сапалы балам болғанын дұрыс көрем», -дейді Айғаным Әбілда.

«Қазақстанда көп бала тауып демографияға үлес қосуға құлшына қояр адам аз. Көп баланы көбінесе білімі таяз, алды-артын ойламайтын немесе «Құдайдың бергені» деп қарайтын кейбір адамдар қалауы мүмкін. Немесе расымен дәулеті асып-тасқан кейбір байшыкештер бала санын арттырғысы келуі мүмкін. Ал қоғамның әлеуметтік тұрмысынан қажау көргендер шұбыртып бала тууды ойламайды. «Әр баланың өз несібесі бар» деген түсінік ескірген қазір. Сенің қаржылық қорың болмаса, сенің балаңның да материалдық жағдайы жақсы бола қоюы екіталай. Балаңды бүгін дұрыс балабақшаға апармасаң, мықты мектепте оқытпасаң, түрлі курстарға қатыстырмасаң, ертең ол балаң қазіргі қоғамдағы жалдамалы құлдың біріне айналады. Төрт баланы оқытып, тамағы мен киімін тауып берген оңай ма, екі баланың ба? Мемлекеттің өзі демографияға жағдай жасамаса, біз сияқтылар не үшін демографияға бас ауыртуы керек? Жеті, сегіз баланы туып, олардың ешбірін дұрыстап оқыта алмай, не дұрыс балалық шақ сыйлай алмай, қоғамға қосасыз. Тобырдың санын көбейтесіз, бітті. Билікке де керегі осы емес пе?! Өз құқығын талап етерлік білімі жоқ қоғам өкілі неғұрлым көп болса, билікке соғұрлым тиімді. Билік өкілдерінің отбасында қанша баладан бар?Ерінбей санап көріңізші. Үш баладан артық баласы бар шенеунік саусақпен санарлық. Неге? Себебі, шенеунік санаулы баласына барлық жағдайды жасап береді. Шетелде оқытып, тобырды басқаратындай етіп дайындайды. Ел демографиясы қабырғасына батса, биліктегілер бірінші өздері бастама көтеріп, көп балалы болуға шақырар еді, өздері үлгі болар еді. Ал бізде бәрі керісінше», -дейді тарих маманы Дінмұхаммед Бекталы.

Мемлекетті құраушы -халық. Халық саны артса, мемлекеттің де қуаты көбейері сөзсіз. Алайда халық санын арттыру үшін ең алдымен мемлекет тарапынан жағдай жасалуы керек емес пе? Қазақстанда бұл мәселе қалай? Керісінше. Осындай кереғарлықтың кесірінен қартайған Қазақстанға айналып барамыз.

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер