Л И Ф Т (драма)

3045
Adyrna.kz Telegram

Кейіпкерлер: 
Қыз
Хатшы
Айдауыл
Әйел
Еркек

Дабырласа сөйлескен Хатшы мен Айдауыл, лифтке енеді. Артынша Әйел, Еркек мінеді. Айдауыл енді тетігін баса бергенде асыға жүгірген Қыз, ентіген енеді.

Қыз. Стоп, стоп?! Мені де ала кетіңіздер?!
Айдауыл. Дер кезінде үлгердіңіз. Сізге қай этаж керек еді?!
Қыз. Сол жағын білмейді екенмын...Сот отыратын этажы керек.
Хатшы. (тетіктен сан теріп) Менің этажыма баратын болдыңыз... 7 этаж...
Қыз. А?..Рахмет...
(Қызға орын бермек болып ысырылған Еркек, теңселіп кетіп Әйелдің аяғын басып кетеді.)
Әйел. Ай?! Көзіңізге қарасаңызшы?!
Еркек. Кешіріңіз?..Мына кісі қысылып қалмасын деп...
Әйел. Еркекпісің деген?! Жас қызға керек орын – маған керек емес деп кім айтты?!
Қыз. Маған бола дауласпаңыздаршы...(Еркекке) Рахмет...
Еркек. Оқасы жоқ...Арзымайды...
Әйел. Ей, романтик...Шамалы жинақы тұрыңызшы?!
Еркек. Кешіріңіз...Барым осы...
(Сәл жүргеннен кейін лифт кідіріп барып, тоқтап қалады.)
Әйел. Не?! Мына лифт тоқтап қалды ма не?!
Еркек. Көрмей тұрсыз ба?!
Айдауыл. Туһ, осы лифті еш жолға қоймады-ау?! Жүйкемді жұқартқанына,
бақандай бір ай болды.
Хатшы. Е...Өздері мінбейтін болған соң, бастықтарға бәрі-бір...
Әйел. Немене, бастықтарыңыз жоғарғы этажға ұшып барады ма?!
Айбауыл. Жоқ, бастықтардың лифті бөлек. Бұл – келушілер мен қатардағы қызметкерлерге арналған.
Әйел. Оңбағандар...Ең ақырсы лифтке дейін бөліп алған. Онсыз да осы жерге жетіскеннен келмейміз, енді міне...(сағатына қарап) Аһ!..Сотымның басталуына небәрі бес-ақ минут қалыпты?! (Айдауылға) Ана тетіктерін жөндеп бассаңызшы?! Түтікпен хабарласыңыз?!
Айдауыл. Сізсіз де белгі бердім...Шыдай тұрыңыз...Жүргізіп қалар.
Қыз. Уф?! Мен интернет арқылы қабылдауға жазылған уақытым боп қалды. Мына лифттің жүретін түрі бар ма?!
Әйел. Соны айтам-ау?! Онсыз да өткен жолы ана оңбағанның кесірінен сотты бүгінге ауыстырып еді...Қап?!
Еркек. Ханымдар, сабыр сақтаңыздар...сабыр...Лифтің тоқтап қалғанын төменде отырған жауапты адам ендігі білген болар. Сабырмен күтейік.
Хатшы. Иә, сабыр сақтауларыңызды өтінемін...Менің де сот залынан кіретін уақытым болды. Сіздерден гөрі – мен асығыспын. Сондықтан...
Әйел. Жөнсіз қақылдай бермеңіздерші?! Мен ғұсап күйіп тұрсаңыз, сабыр сақтамақ түгілі, «сабыр» сөзінің бар екенін ұмытар едіңіз.
Қыз. (телефонының өшіп қалғанына таң қалып) Сіздердің де телефондарыңыз өшіп қалды ма?!
Еркек пен Әйел, дереу телефондарына үңіліп, өшіп тұрғанын көреді.
Әйел. (телефонын шұқылап) Жетпегені осы еді...Мына жерде телефон қабылдамайды ма не?!
Хатшы. Иә...Әуре болмаңыздар...Біз қазір екі ортада кептеліп тұрғандықтан, телефон қабылдамайды.
Қыз. Фу?! Тым құрыса телефонмен ескертейін деп едім?..
Әйел. (лифтің тетіктерін сабалап) Мына құрғырдың қай жері істемей тұр өзі?!
Айдауыл. (Әйелді тоқтатып) Тиіспеңіз?! Сонша сабалап сізге не көрінді?! Жүретін болса, сіздің тоқпағыңызсыз да жүретін еді ғой. Күте тұрыңыз дедім ғой?!
Әйел. Мен күткенмен, егер, ана сумақай мені келмеді деп, артын бір сипап кетіп қалса қайтемін?!
Еркек. Туһ, кімді де болса сұлайттыңыз...
Әйел. Бәрі мына сендердің кесірлеріңнен!
Еркек. Кешіріңіз, мен сізге не істедім?!
Әйел. Сіздің де алимет төлемегеніңіз үшін сотқа келе жатқаныңызды біліп тұрмын.
Еркек. Мәссаған?! Сіз не, сәуегейсіз бе?!
Әйел. Алименттен қашып жүрген «қашақ әке» екеніңізді білу үшін сәуегей болудың қажеті шамалы. Ұятсыздар?! Бала туғызғанды білесіңдер, бағуға келгенде ат-тондарыңды ала қашасыңдар. Сендей әкелерді бір аралға жинап, бензин құйып, күлі қалмастай өртеп жіберсе ғой шіркін?!
Хатшы. Фу?! Соншалық өшігіп?!. Сіз өзі тым қатыгез екенсіз?! Адамға соншалық өшігуге бола ма екен?!
Әйел. Үш бірдей баламен көшеде қалсаң, «жұмсақ» болғаныңды көрер едім.
Айдауыл. Кешіріңіз...Тар лифті мінездеріңізбен тарылтпай, сәл сабырмен үндемей тұра тұрыңыздаршы?!
Жәйсіз үнсіздік орнайды. Айдауыл лифтің тетіктерін түрткілеп әуре. Қыз, көздерін тарс жұмып санамаққа кіріседі.
Қыз. Бір, екі, үші, төрт, бес, алты...
Әйел. Қарадай санамақ ойнап, саған не көрінді?!
Қыз. Ой...Кешіріңіз...Бала күнгі әдетім...
Әйел. О, құдай...Адамның жаны бір тарының қауызында тұрса, «балалық шақпен» ойнайды ғой?!.
Еркек. Қарадай жан-жағыңызға ашуыңызды шашып тұратын әдетіңіз жаман екен?!
Әйел. Немене, мына тар лифтте мені тәрбиелейін деп па едің?!
Қыз. Кешіріңіздер?!. Мен жәй...Бала күнімнен қатты қорықсам...Не, қатты қиналғанда көзімді жұмып, 100-ге дейін санайтын әдетім бар еді...Қорқынышың жоғалып, үрейің басылады...Кешіріңіздер...
Хатшы. Оқасы жоқ. Бекерге айтысқаннан – санамақ ойнаған дұрыс. Қарсы болмасаңыз, қосыла санауыма болады. Бір, екі...
Айдауыл. Тоқтай тұрыңыздар...Шынымен жақсы болса, мен де санамаққа қосылайын. Қане, кеттік!..
Қыз, Хатшы, Айдауыл санамаққа кіріседі. Еркек сәл кідірістен соң, қосыла санайды. Төртеуі бірте-бірте күле бастайды. Айдауыл, көңілденгені сонша, түрлі күлкілі қаракеттер жасай бастайды. Оған хатшы мен Қыз қосылады. Төртеуі лифтің тауқыметін ұмытқандай.
Әйел. О, құдай...Ойламаған жерден жындыханаға тап боламын деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті?!
Айдауыл. Ха-ха-ха?! Бұдан былай тағы бір кептеліске түсіп қалсам, санамақ ойнайтын болдым.
Хатшы. Құдай сақтасын?! «Түспейін!» деп тілесеңші?!
Қыз. (Айдауылға) Кешіріңіз...Жобамда осында қызметтесіз ғой деймін?
Айдауыл. Иә...Айдауылмын.
Әйел. Айдауыл болсаң, мына лифтіңді тездетіп жүргіздір.
Қыз. Айтайын дегенім, бойыңыз ұзын екен...Мүмкін қолыңызды биікке көтерсеңіз телефон істеп кетер...Мына телефонды жоғары қарай көтересіз бе?!
Айдауыл. Жәрайды...Әкеліңіз. (телефоннан байланыс көріндейді) Фу...Бәрі-бір көрінбейді...Жобамда, толқын қабылдамайтын тұйық қапталда тұрып қалдық білем...Тоқтай тұрыңыз...Бар!..Жоқ...Ой, бар?!
Әйел. «Бар»-ыңыз не, «жоқ»-ыңыз не?! Қайсы өзі?! Есі дұрыс адамның сөзін айтсңызшы?!
Айдауыл. (күлімсіреп) Ана...Түпкір жағындағы бұрыштың ең биік жерінен ұстайтын тәрізді...
Қолындағы телефонмен байланыс белгі берген тұсқа жанталаса ұмтыла бергенде Қызды қағып кетеді. Аңдаусыз тұрған қыз Еркекті, Еркек – Әйелге қақтығысып, Әйел құлап түседі. Әйелдің аяғына шалынысқан Айдауыл сүрінгенде Еркекке ұрынып, Еркек – Әйелдің үстіне құлайды.
Әйел. А-ааа?! (Еркекті сабалап) Тұр...Үстімнен тұр деймін саған оңбаған?!
Еркек. Доғарыңыз?!. Әдейі жатыр дейсіз бе?!
Хатшы. (Еркекті, соңынан Әйелді тұрғызады) Ұрыспаңыздаршы?!
Айдауыл. (Қызды тұрғызып) Кещіріңіз...Тепе-теңдікті ұстай алмай қалғаным...Бір жеріңіз ауырып қалған жоқ па?
Қыз. Оқасы жоқ...Ештеңе етпейді. Ой, кешіріңіздер...
Еркек. Оқасы жоқ...
Қыз. Сіздерге жәйсіздік туғыздым ғой деймін...Кешіріңіздер...Байланысты іздеймін деп...Һіммм. Кешіріңіздер, денемді игере алмай қалғаным...
Әйел. Денемді игере алмай қалдым?! Айтқан сөзінің түрін?! Сен сияқты «денесін игере алмайтындардың» кесірінен мына...тар жерде «тамаша» боп тұрғанымды білесің бе?!
Қыз. Қызық екен...Менің қандай қатысым бар?! Мен де сіз секілді тар қапаста тұрмын ғой?!
Әйел. Тұрсың, әрине...Егерде мына сендейлер болмағанда, алтын басым қор болып, «алимент сұрап» сотқа келмес едім.
Қыз. Кешіріңіз... Түсінсем бұйырмасын...Мені біреумен шатастырып тұрсыз ғой деймін... Мен сізді танымаймын...Бұрын-соңды кездестірген адамым емессіз...Оның үстіне, сіздің ала алмай жүрген алиментіңізге менің қандай қатысым бар?!
Әйел. Сен сияқты шөпжелке арамызға килікпегенде, шаңырағым шайқалып, бала-шағам алиментке телмірмес еді!..Ой, сұмдық-ай, осы күнгі қыздарға таң қаламын?! Бақуат болса бір жәйлі, «е, ақшасына қызыққан ғой» дейтін...Қалтасында көк тиыны жоқ еркекті үйіне кіргізіп алатындардан қалдық қой бәлеге?!
Қыз. Қалтасында көк тиыны жоқ еркектен құтылғаныңызға қуанбайсыз ба?!
Әйел. Не?! Кіргізіп алғаныңа мәз болып тұрмысың?!
Айдауыл. Кешіріңіз, сіздің шаңырағыңызға бұл кісінің не қатысы бар?! Айтсаңыз – адамына айтпайсыз ба?!
Әйел. Бұл да қарап жүрмеген болар. Ертелі-кеш бір еститін сөзі болған соң, ести берсін.
Хатшы. Жалпы сіз, жөнсіз киліккенді, орынсыз тиіскенді қоймайтын адам екенсіз. Лифттің тоқтап қалғанына біздер кінәлі емеспіз ғой?! Сіздің мына сөздеріңіз үшін сотқа тартуға болатынын білесіз бе?! Орынсыз ұрынбай, жөніңізбен тұруыңызды өтінемін.
Әйел. Һа?!
Еркек. Байқауымша, сіздің диагнозыңыз белгілі болды.
Әйел. А?!Немене, дәрігер ма едіңіз?! Иә...Ол қандай диагноз?!
Еркек. Өз бақытсыздығы үшін – өзгеден өш алу...
Әйел. Солай де?! Өзің мына жерде «аса бақыттылығыңнан» тұрсың ба?!
Еркек. Жоқ...Бірақ, ол үшін ешкімнен өш алғым келмейді.
Әйел. Ал, менің өш алғым келеді...Мына сендейлерден...Үш бірдей баласын тастап, беті жылтыраған көлденеңдердің қойнына кіріп алғандардан өшімді алғым келеді.
Хатшы. Айқайламаңызшы?! Сотқа келетіндердің көбі, өзгеден өш алуға келеді. Ньютонның жаңа заңын ойлап таптым деп тұрсыз ба?! Таныс жәйт...Сондықтан, жаңалық аштым деп ойламай, сабырмен лифтің жүруін күтіңіз.
Әйел. Онсыз да жұқарған жүйкемді (лифті теуіп қалып) мына тар қапас тұншықтырып тұрса қайтемін?! (еңіреп жібереді) Оңбаған...Ол оңбаған тағы қашып кететін болды...
Хатшы. Сіз, тым аса күйінбеңізші...Жаңа кіре берісте шақырту қағазыңыз бойынша төлқұжатыңызды тіркеткен жоқсы ба?
Әйел. Иә?
Хатшы. Ендеше, беймарал тұра беріңіз. Сіз кешіккен жағдайда, соттың хатшысы төмендегі күзет бөлімімен хабарласады. Келгеніңізді, ішке кіргеніңізді білсе, міндетті түрде күтеді. Қорықпаңыз.
Әйел. Уһ?! Онысы дұрыс екен.
Еркек. Жанымыз өзімізге қалды ғой деймін, жобасы...
Әйел. Ал сіз, шақпай тұрыңыз.
Үнсіздік. Үнсіздіктен электр тогы жүріп жатқандай қысымның арта түскенін тұрғандардың жүзінен көрінеді.
Қыз. (Хатшыға) «Өзгеден өш алуға келеді» дедіңіз бе?.. Сізше ол дұрыс емес пе?!
Хатшы. Ол енді...Әркімге – әрқалай ғой. Көбіне жапа шегетіндер басым сотталады. Кейде тіптен, жазықсыз жаламен сотталатындар қаншама?!
Әйел. «Жазықсыз» дейді ғой...Менің қашақ күйеуім сияқтылардың жазасын кім береді, а?! Бауыр еті баласына алимент төлеуден қашқан әкелерге алимент өндіру аз...Өмір бойы мойнына дорба арқалап өтетіндей, шетінен соттау керек.
Айдауыл. Туһ, мына кісіні-ай?! Айдауыл боп істейтін болғандықтан, кейде ажырасуға әйелдердің өзі арыз түсіретінін кездестіремін. Еркекті кінәлау дұрыс емес.
Әйел. Дұрыс емес?! «Қарға – қарғаның көзін шұқымайды..» де?!
Қыз. Егер...Әйел мен Еркек бірдей кінәлі болса ше?! Қайсысын соттау керек?!
Әйел. Немене?! Әйел бала туады...Еркек тастап кетеді...Әйел бейшараны не үшін қосақтап соттауы керек екен?!
Қыз. Тексіздер санын көбейткендері үшін...
Әйел. Немене?! Не дедің?!
Қыз. Тексіздер санын көбейткендері үшін деймін! Құлағыңыз дұрыс естімейді ма?!
Әйел. Құлағым әдемі естиді. Сенің сөзің естуге татыйтындай болмаған соң сұрап тұрмын?!
Қыз. (Хатшыға) Байқауымша, сіз де осында қызметтесіз ғой деймін?
Хатшы. Иә...Сот хатшысымын.
Қыз. Ендеше, сотқа әкеле жатқан арызымды сізге өткіземін ғой, ә?!
Хатшы. Иә...
Қыз. (сөмкесінен алған қағазын ұсынып) Мәңіз...Мынау Сізге.
Хатшы. Кешіріңіз...Алдымен мына қапастан құтылып алайықшы, сосын тапсыра жатарсыз.
Қыз. (телефонының камерасын өзіне бұрып, жылдам сөйлей бастайды) Құрметті адамдар! Алдарыңызда тұрған сот хатшысы, арызбен келген мені қабылдамай, азаматтық құқыма қол салып отыр...
Хатшы (телефонды жұлып алып) Жәрайды...Әкеліңізші...(Қыз ұсынған қағазды алып, тез көз жүгірте бере бақырайған көздермен Қызға қарап) Мынау не шатпақ?!
Қыз. Арыз...
Хатшы. Арыз екенін көріп отырмын...Кімнің үстінен жазып отырсыз?!
Қыз. Жазулы тұр ғой...Сауатыңыз бар, анықтап оқысаңызшы?!
Хатшы. Сауатты болмасам сот саласында істемес едім. Мынауыңызды қалай түсіндік?! (Айдауылға беріп) Бәлкім, сен түсінерсің...Мынаны оқышы.
Айдауыл. (дауыстап оқи бастайды) «Менің сотқа арыз беру себебім – өз балаларын жетімханаға өткізген күллі әйелдер мен еркектерді сотқа тартуды, жазалауды талап етемін»?..
Хатшы. Не түсіндің?! (Айдауыл басын шайқайды) Сен де ме?..Мен де?..(Еркек пен Әйелге бұрылып) Сіздер ше?!(Екеуі үнсіз қалған) Демек, сіздерге де түсініксіз... (Қызға бұрылып) Бәлкім, өзіңіз жөндеп түсіндірерсіз? Әдетте арызды нақтылы адамға байланысты жазады, мына жерде...
Қыз. Түсінбейтін несі бар? Сіз, мемлекетімізде қанша жетімханалар бар екенін білесіз бе?
Хатшы. Қанша деймісіз?..Білмейді екенмін.
Қыз. Біз мақтанып жүрген мемлекет, әлем бойынша адам басына шаққанда, жетімханалар саны жағынан төртінші орында.
Әйел. Не дейді?!
Қыз. Жетімдер санын көбейтіп, түбі қайдан шыққанын білмейтін «тексіздер армиясын» ұлғайтып жатқандар кімдер?! А?! Сіздерден сұрап тұрмын, «тексіздер армиясын» ұлғайтып жатқандар кімдер?!
Айдауыл. Сіз қызық сұрақ қояды екенсіз? Біз, әйгілі телешоуға...сұраққа жауап беруге келген жоқпыз ғой?!
Қыз. Сіздерге жәй ғана «шоу...» Ал, ана «тексіздер армиясына» ше?! Жастыққа басы тиісімен «Шіркін, ертең мамам мен папам іздеп келсе ғой?!» деген арманмен, көз жасына булығып ұйықтайтын жетімектер үшін де «шоу» дейсіздер ме?!
Айдауыл. Кешіріңіз...Мен соншалық ойламаған едім...
Қыз. Оқасы жоқ. Сол себепті, өз балаларын жетімханаға өткізген күллі әйелдер мен еркектерді сотқа тартуды, жазалауды талап етемін!..
Хатшы. Иә?!.
Қыз. Не «иә»?..
Хатшы. Түсінбедім...Сонда, нақтылы кімді сотқа шақыруым керек?!
Қыз. Сізге не болған?! «Өз балаларын жетімханаға өткізген күллі әйелдер мен еркектерді» деп бақырайта жазулы тұр ғой?!
Хатшы. Сіз мені кешіріңіз...Соттан жазалауды талап ету үшін, алдымен кімнен, не үшін екенін нақтылы көрсетуіңіз керек. «Күллі» деген аты-жөні ме?! (Қыз басын шайқайды) Тегі ме?! (Қыз тағы басын шайқайды) Енді не сонда?!
Қыз. Қолыңызда жазылған арыз бойынша сот өткізуіңіз керек.
Хатшы. Кешіріңіз...Жобамда сіз кіретін есіктен жаңылған секілдісіз. Мына келіп тұрған жеріңізді...Һіммм. Мына лифт – сот ғимаратының лифті... Демек, бұл мекемені - «Сот» дейді...Демек, нақтылы факт бойынша, нақтылы жеке тұлғалардан не болмаса заңды қызмет орындарынан нақтылы арзы бойынша жазалауды не жазаламауды жүзеге асыратын жер. Түсіндіңіз бе?! Мынадай талап-арызбен сіз, сотқа емес – психиатрға баруыңыз керек. (Айдауылға қарап, иығын қиқаң еткізеді) Түсінсем бұйырмасын?!
Қыз. Түсінбесеңіз – түсіндірейін. Мен қысқаша...Бір ауыз сөзбен жеткізуге тырысайын. Мен, жауапкершіліктен, қиындықтан қашып, өз нәрестелерін жетімханаға тапсырған күллі еркектер мен әйелдердің сотталуын талап етемін!
Хатшы. Алдымен дұрыс атауы жетімхана емес – балалар үйі.
Қыз. Ол – қоғам үшін солай, ал, мына біздер...Тірідей жат қабырғада тәрбиленгендер үшін – жетімхана!..
Хатшы. Ә?..Демек, сіз, балалар үйінде тәрбиеленген болдыңыз ғой?!
Қыз. Иә!..
Хатшы. Түсінікті...
Қыз. Түсінікті болса, арызым бойынша тастандылар легін көбейткендердің баршасын сотқа шақыртыңыз.
Хатшы. Ол мүмкін емес.
Қыз. Неге?!
Хатшы. Біріншіден – олардың бүгінде басқа отбасылары бар, екіншіден – тапсырған адамның аты-жөні құпия сақталады, үшіншіден -...
Қыз. Сіз, сол құпияны ашу үшін сотқа шақыртыңыз!..Қолыңыздағы билікпен күллі құпияларды талқандаңыз!..Жазықсыз нәрестенің тағдырына балта шапқаны үшін, өз басын күйттеп жүрген «көкектерді» мына біздердің алдымызда жауапқа тартыңыз!
Хатшы. Біріншіден – мен, небәрі соттың хатшысымын. Екіншіден – баққысы келмеген балаларын өз қолымен ерікті түрде тапсырып кеткен ата-аналарды соттауға заң жоқ, үшншіден -...
Қыз. Сіздің сотыңыз «бірінші мен екінші»- ден тұрады ма?! Сонда мына біздер, нешінші орындамыз?! Жалтармаңыз...Жауап бермейінше мына жерден ешқайда кетпейсіз!
Әйел. Ей, қай жерде тұрғаныңды ұмытып қалдың ғой деймін?! Тапқан сөзін?! Тоқтап тұрған лифтен қайда барады дейсің?!
Айдауыл. Ал, әйтпесе?! Бір ай бойы сотқа адам тасып жүріп, мынадай спектакльді әлі көрмеппін?! «Қуырдақтың көкесі...» болды-ау,ә?!
Хатшы. Сіз маған ренжімеңіз...Әр нәрсенің тәртібі...Заңды орындалу жолы бар. Сіздің арызыңыз бойынша кімді соттауы керек?!
Қыз. Оның жолын сіздер табыңызыдар!..Сіздердің шешімдеріңізді президенттен бастап – қайыршыға дейін мойындағанда, менің арызымды неге орындамайсыздар?! Қалайша түсінбейсіздер...Мен...Мен, күйеуге тиюге қорқамын...
Айдауыл. Не?!.
Әйел. Мынау не деді?!
Еркек. А?..
Қыз. Күйеуге тиюге қорқамын деймін!..
Айдауыл. Бесіктен беліңіз шықпаған жас қыз емессіз...Түріңіз кемі 22-23-темін деп тұр. Күйеу сізді жеп қоймайды. Несіне қорқасыз?!
Қыз. Жайшылықта солай көрінер болар. Бірақ мен, күйеуге шығудың өзінен емес – күйеуім кім болады деген ойлан қорқамын?!
Хатшы. (Айдауылға)Сіз бірдеңе түсіндіңіз бе?(Айдауыл иығын қиқаңдатады) Сіздер ше?! (Еркек пен Әйелдің көздері бақырайған күйі үнсіз қалған) Түсінікті...(Қызға) Көрдіңіз бе, жалғыз мен емес – мына кісілер де түкке түсінбепті. Мен...
Қыз. Несіне таңырқайсыз?!
Хатшы. Бірнеше жылдық сот қағаздарын жүргізген тәжірбием болғандықтан айтсам; Біріншіден – «күйеуге тиюге қорқатыны» үшін қарастырылған заң жоқ, екіншіден - сіздей сұлу қызды алуға дайын жігіттер өріп жүргенде... «тиюге қорқамыңызды» қалай түсіндік?!
Қыз. Иә...Жігіттер өріп жүр...Бірақ, ол жігіттерді мен қабылдай алмаймын.
Әйел. Ал, әйтпесе?! Жоқ емес «бар» екен...Барды қабылдамасаң, оған кім кінәлі?! Жалпы, сенің күйеуге тиген-тимегенің кімге міндет?!
Қыз. (еңіреп жібереді) Себебі сол!..
Хатшы. (тосын жайтқа сасқалақтап) Жыламаңызшы...Құдай үшін жыламай, адам ғұсап түсіндіріңізші?! Жәрайды...Ал, тыңдайын...Не себепті жігіттерді қабылдай алмайсыз?!
Қыз. Егер ол...Егер ол...
Хатшы. Иә, егер ол?..
Қыз. Егер ол...(жылап жібереді) Егер ол...
Әйел. Туһ, адамның ішін кептірмей, алдымен айтып барып жыласаңшы?!
Қыз. Ол жігіт...Ол жігіт менің туған менің ағам...бауырым боп шықса ше?!
Хатшы. Не?!
Қыз. Мені сүйген...Мен сүйіп қалған жігіт...Менің белгісіз әке-шешемнен туылған бауырым боп шықса ше?! Не?! Олай болуы мүмкін емес деп ойлайсыз ба?!
Әйел. Құмырсқадай қыбырлаған адамдардың арасынан неге тап саған «ағаң» кездесуі керек?! Адам да ойламайтынды ойлайды екен-ау?!
Қыз. Сенбей тұрсыз ба?! Менен екі жас үлкен құрбым, былтыр күйеуге шықты...
Хатшы. Құтты болсын...
Қыз. Қайдағы құттылық?! Сұрастыра келе күйеуінің кім боп шыққанын білесіз бе?! Өзін тастап кеткен әкесінің заңды некеден туылған ұлы боп шықты?!!
Айдауыл. Не...Не дедіңіз?!.
Қыз. Сүйген жарының туған қарындасы...қандасы екенін білген жігіт – асылып өлді!..
Айдауыл. А?!. Сұмдық-ай...Масқара?!.
Қыз. Масқараның көкесі сол...Шындықтың беті ашылғаннан сорлаған құрбым, тоғызыншы қабаттан секіріп өлгісі келгенде тірі қалып, жұлыны зақымдалып...Өмірлік төсекте байланып жатыр. Ал...Бұл сұмдыққа кім жауапты?! Екі бірдей өрім жастардың қасыретіне кім кінәлі?!
Әйел әлсіреп, қабырғаға сүйенген бойы тізерлеп отыра кетеді.
Хатшы. Түсінемін...
Қыз. Түсінемін?! Түсінбейсіз!..Сіз түкке де түсінбейсіз?! Түсінсеңіз, жаныма тиердей сұрақтар қоймас едіңіз. Халықаралық жарыстарда жүлделі орын иеленіп жүрген балерина – төсекте жіпсіз байланып жатыр...Айтыңыздаршы, ұршықтай үйірілетін биши құрбымның өле-өлгенше төсекке байланған трагедиясына кім себепкер?!
Хатшы. Иә...Аянышты оқиға екен...
Қыз. Аянышты?! Сіздер үшін жәй ғана «аянышты оқиға...». Мына біздер...Жатырдан жылап шыққан тексіз тастандылар үшін ше?! Білесіз бе, бізге қарағанда сол құрбым «әке-шешемді тапсам» деп ерекше армандайтын. Тапты...Қандай жолмен тапты десеңізші?! О, құдай?!. Сіз сотсыз ғой, айтыңызшы...Жазықсыз нәресетелердің күйреген тағдырына кім жауапты, а?! Құрбым мен күйеуінің не жазығы бар?! Міне, сол себепті сізге келіп тұрмын.
Айдауыл. Естімеген – елде көп...Сұмдық-ай?!
Хатшы. Әйтсе де... Миллионға – бір кездесетін жайтқа бола, күйеуге тиюден бас тартуға бола ма екен?!
Қыз. Келесі миллионға тап болсам ше?! Не, олай болуы мүмкін емес деп ойлайсыз ба?! Ана құрбым да солай... «Өзіме жанұя табамын» деп ойлаған. Мына сіздер, «жанұя» сөзінің қадырін... Бір ұяда бас қосып отырып шәй ішкеннен артық бақыт жоқ екенін ұғынамысыздар?!
Еркек. Қызым, сабыр сақташы...Сөзіңнің бәрі орынды. Тағдырдың талқысына түскенді кім қалайды дейсің. Қателіктер баспалдағы бәрімізді сарапқа салады. Қай жерінен сүрінетініңді қайдан білерсің?
Қыз. Мен ғашықпын...Кездесіп жүрген жігітімді өлердей сүйемін. Онсыз маған тіршіліктің мәні жоқ секілді... Бір ай бұрын ол маған үйленуге ұсыныс жасады...Мен...Қуанудың орнына қорқып кеттім...Түсінесіз бе, үрейлендім... «Ағам боп шықса қайтемін?!» деген үрейден түні бойы көз ілмей шығамын. Шынымен солай боп шықса ше?! Олай еместігіне анау, мені тастандыға айналдырған екеуден басқа кімнің кепілі бар?! Айтыңыздаршы, құдайшылықтарыңызды айтыңыздаршы... Сонда мен... Өмір бойы қорқумен...үреймен өмірімді өксітіп өткізуім керек пе?! Біздің көзжасымыздың өтеуін кім төлейді?! Сондықтан, ана жауыздарды...ойнап жүріп от басып, «нәтижеге» айналған бейкүнә біздерді «тексіз тастандыларға», «тексіз тобырға» айналдырған әйелдер мен еркектерді сотқа тартыңыз!..
Әйел есінен танып, құлап түседі.
Еркек. (Әйелді сүйемелдеп) Сізге...Сізге не болды?!
Тұрғандар не істерге амал таппай әбіржіп қалады.
Хатшы. Сөмкелеріңізге салып алған суларыңыз жоқ па еді?!
Қыз. Жөл-жөнекей су ішетін әдетім жоқ еді...
Айдауыл. Енді қайттік?!
Қыз, сөмкесінен желпігішіа алып, Әйелдің бетін желпи бастайды.ікөзін ашып, есін жинайды.
Еркек. Уһ...Құдайға шүкір?! Ұрыссаңыз – ұрыса беріңіз, тек, өтінем, тала көрмеңізші?! Адамның зәресін алып?..
Әйелді жабыла сүйеп, орнына тұрғызады.
Әйел. Кешіріңіздер...
Еркек. Оқасы жоқ...
Айдауыл. Мен осы Голливудтың киносына кіріп кеткен жоқпын ба?!
Хатшы. Сен де бір қайдағы Голливудты айтып...(лифтің тетігінің түбінен айқайлап) Ей, бақандай бір сағаттан бері лифтті іздемей неғып отырсыңдар?» мына қапастан шығарасыңдар ма, жоқ па?! (қабырғасын сабалап) Ей, тездетіп бізді шығарыңдар! Ей, лифтті қосыңдар деймін?!
Еркек. Жобамда бізді шынымен ұмытқан тәрізді...
Айдауыл. Қап?!. Бүгін ертерек жұмыстан шығып, кездесуге барамын деп жоспарлап қойып едім...
Хатшы. (Қызды жұбатқысы келгендей) Сіз мені кешіріңіз...Ойламаған жерден... Иә...Тағдырларыңыз аянышты...
Қыз. Ал, сіз аямаңыз!..Шаранадан шыға қатыгездікпен сүйегі бекіген біздер «аяу» деген екіжүзділікті қабылдай алмаймыз. Әке-шешесінің бауырында өскендерден біздің ерекше айырмашылығымыз – көлгірсуді көзсіз көріп, үнсіз сезіп қоямыз. Сондықтан, айтар сөзіңізге бірден кірісуіңізге болады. (тесіліп қараған Хатшыға) Әдемілігіме қызығып тұрсыз ба?! Несіне қысылдыңыз?! Тұсымнан өткен еркек кіндіктің мойыны үзілердей бұрылатынын білмейді ғой деймісіз?! Әлігі «еркек пен әйелдің» маған сыйлаған жалғыз сыйы осы – сұлу ғып туғызғандарында ғана...Құбыжық болмағаныма шүкір...
Хатшы. Құбыжықтық тек сырт бейнеге байланысты ма екен?..
Қыз. «Сырты сұлу бола тұра – жан-дүниесі құбыжықтар бар» дегіңіз келіп тұр ма?!
Хатшы. Оны қайдан біліп қойдыңыз?!
Қыз. Жаңа ғана «көлгірсуді көзсіз көріп, үнсіз сезіп қоямыз» деген жоқпын ба?! Басқа-басқа, кітап оқу...Сабаққа дайындалу жағы жетімханада жолға қойылған. Сіздердің отбасылы балаларыңыздан артық білмесек, кем білмейміз. Сонымен, әлігілерді соттайсыз ба, жоқ па?!
Хатшы. «Соттаған деген осы екен» деп, бет жоқ көз жоқ, кімді соттауым керек?!
Қыз. Неге бет жоқ, көз жоқ?! Мені тастап кеткендер ше?!
Хатшы. Жақсы... (Қызға) Бізге келмес бұрын балалар үйінің басшыларынан «мені тапсырған адамның аты-жөні кім» деп сұрадыңыз ба?!
Қыз. Сұрауға миым жетпеді деп ойлайсыз ба?! Сұрадым...
Хатшы. Ал?..
Қыз. Мені...Аялдамаға...Аялдаманың орындығына тастап кетіпті...Тым құрыса тегім жазылған бір жапырақ қағазды қалдыруға қимаған...Білесіз бе, мен тексізбін?!. Күлкілі... Сонау көне ғасырда салынған ғимараттардың жобасын сызушылардың аты-жөні жазылып қойылған Ал, мына біздердің, тірі жандардың нақтылы тегіміз жоқ. Айналаңызға қараңызшы...Мен сияқты «тексіздер» өріп жүр...Әкеміздің кім екені...Анамыздың кім екені белгісіз, көшеде қаңғып жүрген бұралқы иттер секілді кіл «тексіздерміз»!..
Хатшы. Тым қатты айттыңыз...
Қыз. Сіз қалай ойлайсыз, мен үшін мына өмірде «жұмсақ» нәрсе болды ма?!
Хатшы. Енді...
Қыз. Әрине, айта алмайсыз...Менің жалғыз ғана арманым бар...Мені дүниеге әкелген «екеуді» соттау!..Қараңғы қапасқа тастап, жарық дүниені көруге зар еткізу!..
Айдауыл. Сіз...Тым қатал екенсіз?!
Қыз. Мені...Шаранадан енді шыққан мына мені кім аяды, а?! Кішкентай баланың есінде ештеңе қалмайды деп жатады. Өтірік!..Үш жасар кезімдегі оқиға жадымнан кетпейді...Үстіме шешек шығып ауырып қалдым. Кішкентай тәнім көрген азабым есіме түссе, әлі күнге сай-сүйегім сырқырайды. Менен де басқа жетімектер толып жатқан жетімханада тәрбиешілер жетіспейтіні бесенеден белгілі жайт. Саусақпен санарлық тәрбиешілердің ұлардай шулаған тастандырадың қайсыбіріне қолдары жете береді дейсіз?!. Өз ата-анамыздан қатыгездікті көзіміз ашылмай жатып көрген біздерге, олардың да емешелері езілмейтіні жасырын емес. Менің әр жарама кім дәрі жағып отырсын...Уақтылы дәрі жағылмағаннан шешегім асқынып кетіп, тұла бойым жараға сіресіп қалды. Әр-бірден қышып, сүйектерімді қақсатқанда...(еңірейді) Ыстығым көтеріліп, денемнің от болып жанғаны есімде. Ары қарай...Жобамда сандырақтасам керек...Алғаш рет «Мама» деген бейнені көрдім. Қалың оттың ортасынан алып шығуын... Тым құрығанда үстіме су себуін өтініп жалбарынамын. Ол...Бұрылмады... Түйюлі қабақтарымен, суық көздері өңменімнен өтердей тесіле қарап, бұрылып кетіп бара жатты... Алғаш рет ешқашан айтпаған сөздің аузыма қайдан түскені қайдам... «Мама...маматай» деп жылап оянғаным есімде...Көзімді ашқан кезде көргенім – тәрбиеші апай дәріні жарама батырып-батырып жағып жатыр екен. Әр батырғанынан шыбын жанымның көзіме көрінетінімен жұмысы қайдан болсын?! Тістендім... Жыламауға... Үнсіз көнуге тырыстым. Кіп-кішкентай болсам да, тап сол кезде «қасымда маматайым болғанда тез жазылып кетер едім» деп армандадым. Жаңа, менің санамағыма күлдіңіздер...Менің санамақпен үрейді қуалайтынымды, санамақпен арпалысып жатып ұйқыға кететінімді қайдан түсінерсіздер?! Сіз болсаңыз «тым қаталсың» деп айыптайсыз. Қасқыр екеш қасқыр да бөлтірігін арқасына арқалап жүріп ауыздандырады екен. Сонда мені жаратқан «екеу» - қасқырдан өткен жыртқыштар болғаны ғой?! Міне, сізге соттауға деген дәлел!..Себебін жеткілікті келтірдім ғой деймін, енді қарсы болмассыз?!
Айдауыл. (жылайды) Сұмдық...Сұмды-ай?!
Хатшы. Жылайтындай саған не көрінді?!
Айдауыл. Кеудесінде жаны бар адам, мынандай зарға қалай шыдайды?!
Еркек. Уһ?!. Сіз...Бәлкім есебін тауып, мына кісінің өтінішін орындатарсыз.
Хатшы. Бәрін...Бәрін түсініп тұрмын. Әйтсе де, заң аясынан асып, «күлліні» қалай соттаймын?! Тым құрыса тегі белгілі болғанда, сөз басқа болар еді?!. А...Қызды жұбатқандай) Туған күніңіз бен жылыңызға сәйкес сол күні перзентханаларда туылғандарды зерттеп көрейін...
Қыз. Ол жолын да зерттеп қойғанмын...Мен ауруханада емес, үйде...байырғы жолмен, жасырын туылыппын...Әйелдер босанатын үйде менің жылымда, айымда туылған сәбилердің картотекасын көтергенмін... Бәрі ата-аналарымен бірге кеткен. Қалдырылған ешкім жоқ. Бір айдың көлемінде туылғандарды түгін қалдырмай сүзіп шықтым...Үрейленуімнің себебін енді түсінген боларсыз.
Әйел. (Қыздың алдына қарсы тұрып) Мен дайынмын...
Хатшы. Қайда?!
Әйел. Сотқа...
Хатшы. Қайдағы сотқа?!
Әйел. Мына кісі сізден сотты талап етіп тұр ғой?..
Хатшы. Тұрса қайтеді екен?! Сізге оның не қатысы бар?!
Әйел. Мына кісі нақтылы жауап бермейінше бәрі-бір тоқтамайтыны көріп тұр. Сондықтан, арызданушының талабын қанағаттандыру үшін, мені сотқа тартыңыз. (Қызға) Егер, көз алдыңызда сот жүрсе, өзіңіздің талабыңызды «қанағаттандырылды» деп қабылдайсыз ғой, ә?!
Қыз. Иә...
Әйел. Болмаған жағдайда ше?!
Қыз. Болғанға дейін осы жерден тырп етпей күтемін...Күтуге жыл қажет болса – жыл бойы күтемін.
Әйел. Әне...Естідіңіз бе?! Жыл бойы күтетін уақытыңыз бар ма?..Әрине, жоқ. Сондықтан, сіздің қызметіңізді құтқару барысында мені сотқа тартуыңызды өтінемін. Неғұрлым тез бастасаңыз – соғұрлым тез аяқтайсыз. Сотты бастаңыз...
Еркек. Мен осы жындыханаға кіріп кеткен жоқпын ба?!
Қыз. Болмайды...
Әйел. А?! Неге болмайды?!
Қыз. Кінәлі екеу болғандықтан, біреуіне ғана сот жүргізуге болмайды. Еркекті де сотқа тарту керек.
Хатшы. Ал, әйтпесе?! Біреуі аздай, екіншісін талап етеді өзі?! Психологта болмағаныңызға бірәз болып па еді?!
Қыз. Егер, есі ауған дейтін болсаңыз, абыржымаңыз...Есім орнында. Екі жақты беттестірмей, біржақтама үкімді қалай шығармақсыз?!
Хатшы. Сіз өзі...Менен асып сот боп тұрсыз ғой?!
Қыз. Қолыңыздағы арызда «әйелдер мен еркектер» делінген...
Хатшы. Хош делік?..
Қыз. Әйел табылды делік...Еркек қайда?! Әйел баланы күлге аунап таппаған шығар?! «Бала жасау процессіне атсалысқан» әке қайда?! Еркекті таппайынша, соттың басталуына қарсымын!
Хатшы. Таптым!.. Біз бүгін, сүйіктім екеуміз театрға барамыз деп келіскен едік. Мен сізді театрға ертіп апарайыншы?!
Қыз. Театрға?! Театрда не істеймін?!
Хатшы. Актрисалыққа ұсынамын. Сіз бар ғой, жоқ нәрсені қатырып ойнайды екенсіз. Мына тұрысымыз «көңілді комедия» боп шыға келеді...
Қыз. Сіз ...Сіз мені мазақтап тұрсыз ба?! Мен сізді...Мен сізді?!.
Хатшы. Не, сотқа беремін демекпісіз?! Сот сізге ойыншық па?! Әй жоқ, шәй жоқ, кім көрінген арыз жазды екен деп, беталды сот бола береді деп кім айтты сізге?!
Айдауыл. Айқайламаңыз?!
Хатшы. Не?!
Айдауыл. Айқайламай сөйлеңіз деймін?! Мына жердегілердің жүйкесі қылдан жұқарып тұрғанын көрмеймісіз?! Айқайдың орнына мына кісінің талабына жауап беріңіз. Қажет болса – күллі әлемнің әйелдері мен еркектерін шақыртыңыз! Өз ұрпағына жасаған қиянатына жауап беретіндей жаза беретіндей жолын қарастырыңыз!
Хатшы. Айқайламаңыз?! Аяу сезімі тек сізде ғана бар деп кім айтты?! Маған салса, тап қазыр қатыгездердің түгін қалдырмай шақыртар едім, бірақ, нақтылы заң жоқ қой?! (жәйсіз үнсіздік орнайды) Өтінемін...Сабыр сақтаңыздар. (Қызға) Байқауымша, талабыңыздан қайтпайтын сияқтысыз. Сенсеңіз, сізге көмектескім келіп тұр. Бірақ, жолын көрмей тұрмын. Мен сот емес – жәй ғана соттың хатшысымын.
Әйел. Біз сізді «сот» деп қабылдаймыз. Жаңа ғана ұзақ жылдан бері сот жүйесінде жұмыс істейтіндігіңізді айттыңыз. Демек, сіз үшін сот процессін жүргізу таңсық емес. Мына лифттің жүретін түрі көрінбейді. Бекерге тұрмай, құрығанда біреудің талабын орындайық. Бастаңыз... Несіне таңырқандыңыз, сотты бастаңыз дедім ғой?!
Қыз. Қарсымын...Еркексіз сот жүрмеу керек.
Әйел. А?!
Еркек. (Қызға күйініп) Мына кісі роліне әдемілеп кіріп барады ғой, өзі?!
Әйел. (Еркектің қарсы алдына тұрып) Міне!..Еркек дайын!
Еркек. Кешіріңіз...Мен сізді таныймын ба?!
Әйел. Танысқанның көкесі алда...Мынау – сенің қызың!..
Еркек. А?! Не дедіңіз?! Қайдағы қыз?!.Мен мұнда басқа жағдаймен... (Хатшыға жалбарына) Кешіріңіз...Мен алиментті дер кезінде төлей алмағандығымнан сотқа шақырылған едім. Шынтуайтына келгенде, алимент төлеуден қашқаным жоқ...Тек, былтырдан бері жұмыстың реті келмей...
Әйел. Не себепті қызымызды жетімханаға өткізгеніміз үшін менімен бірге жауап бер.
Еркек. Сізге не көрінген?! Қайдағы қыз?! Қайдағы өткізу! Білгіңіз келсе, менің балам небәрі төрт жаста. Әйелім – мектепте мұғалім. Сізді...Керек десеңіз, мен сізді танымаймын.
Әйел. Әрине...Себебі, сен мені мына қыз бойыма біткенін білген кезде, тастап кеткенсің.
Еркек. Не дейді?! Сіз...Сіз не деп тұрсыз?! (кеткісі келіп ұмтылады. Лифтке соғылады. Жандалбасамен лифті тоқпақтай бастайды) Ей, ей, төмендегілер?! Қырылып қалғанбысыңдар?! Жүргізіңдер?! Ей, лифтті жүргізіңдер?! Не пәле көрінген... Шетіңнен ұйықтап қалған ба?! Мына шайтан алғыр лифті жүргізсеңдерші, ей?!
Хатшы. Бекерге әуре болмаңыз. Жобасы, төмендегілер түскі үзіліске шығып кеткенге ұқсайды.
Еркек. (екі қолын көтеріп) Құдай үшін, адам ғұсап түсіндіріңіздерші...Мына жерде не боп жатыр өзі?! Тосыннан театрға кіріп кеткен жоқпын ба?!
Хатшы. (ащы мысқылмен) Сот залына...Жауап беруге кіріп кеттіңіз.
Еркек. Дұрыс қой...Алимент төлемегенім...Жауап беруге келгенім рас... Бірақ, мына кісіні бірінші рет көріп тұрғандықтан, танымаймын ғой?! (Хатшыға ұмтылып) Кешіріңіз... Мына кісідей қызым өмірімде болған емес. Өзіңіз қарасаңызшы...Қайдағы қызым?! Жас арамыз анау айтты алшақ та емес... Қалайша «менің қызым» болмақ?!
Қыз. Мен сіз сияқты «қашақ әкені» соттауын талап етіп келгенмін. Сондықтан, жауап беруге мәжбүрсіз.
Еркек. (күліп) Ә?!. Енді түсіндім...Жобамда жарысқа көрініс дайындап жатқан болдыңыздар ғой деймін?! Кешіріңіздер, мен артистік қабылеттен жұрдаймын. Алда-жалда билеу қажет болса, бірдеме ғып илалауыма болады...Мен...Мен сәлден кейін келейінші... (кетпек болады)
Хатшы. Сіз сот жүйесінің заңды қызметкеріне тіл тигізгеніңіз үшін басыңызбен жауап беретініңізді білесіз бе?!
Еркек. (сасқалақтап) Ойбай-ау, мына жерде не боп жатқанын дұрыстап түсіндіретін жан бар ма өзі?! Қайдан...қайда ғана тап болдым өзі?! Бір жыл төлемеген алиментті екі есе ғып қайтарамын...Маған тиіспеңіздерші?!
Әйел. Рұқсатты ана қызыңнан сұра.
Еркек. (Қызға жалбарына) Өтінемін...Маған тиспесінші, а?
Қыз. Алдымен менің сұрақтарыма жауап беріңіз.
Еркек. Тфу?! (Хатшыға жетіп барып) Мыналардың есі ауысса да сіздің есіңіз орнында шығар...Мына жерде не боп кетті өзі, менің кетуім керек.
Хашы. Қызық екенсіз, сот басталмай жатып кетеміңіз не?! Сыртыңыздан көлемді жыл кесіп жіберсем қайтпексіз?!
Еркек. А?! Не дейді тағы?! О, құдай, қайда келдім?!
Хатшы. Жауап берушілер түгелденді...Сот процессін бастаймыз.
Еркек. А...Тоқтаңыз...Тоқтай тұрыңыз?!
Хатшы. Не айтпақсыз?!
Еркек. Азаматтық құқығымды аяққа таптап, орынсыз жерден ойыншыққа айналдырғандарыңыз үшін, мына тұрған сіздерді сотқа мен беремін!
Әйел. Ай, қорқақ бейшара-ай...Сол қорқақтығың әлі қалмапты-ау?!
Еркек. Сіз...Сіз?!.Сіз не деп тұрсыз?! Сіздің есіңіз ауғанмен – менің есім орнында! Мен сізді ешқашан көрген емеспін...Сіздей әйелім де сүйіктім де болған емес. Бәлеңізді жаппаңыз! Жоламаңыз маған?! Мен сізді танымаймын дедім ғой, танымаймын !..
Хатшы. Ол жағы түсінікті жайт...Сондықтан, алдыңызда тұрған кісіні есіңізге түсіріп, жақсылап таныстырамыз. Айыпталушы...Сізге қандай айып тағылып жатқанымен таныстырайын... (Қыздың арызын оқып) «Менің сотқа арыз беру себебім – өз балаларын жетімханаға өткізген күллі әйелдер мен еркектерді сотқа тартуды, жазалауды талап етемін» делінген.
Еркек. Не дейді?! Һа?! Ха-ха-ха?! Айттым ғой сізге...Мыналар есінен ауған деп?! Ха-ха-ха?! Мен, ешқашан, ешкімді жетімханаға өткізген емеспін...Ешқандай қыз, менен жүкті болған емес. Менің заңды некеден туылған ұлым бар екені... Қазыргі уақытта әйелім екеуміздің ажырасқанымыз рас. Баламның жасы небәрі 4 жаста. (Қыз нұсап) Мына кісіні және...(Әйелге мысқылмен қарап) Мына кісіні өмірімде бірінші рет көріп тұрмын. Айтпақшы...Мына қағазға мені «келді» деп қол қойып беріңізші. Ертең «келмедің» деп тағы пәле салып жүрсе...
Хатшы. Кешіріңіз...Мен сізді ешқайда жібере алмаймын.
Еркек. Не?! Не дедіңіз?!
Хатшы. Үстіңізден талап-арыз түсіп отырғандықтан, анық-қанығын ажыратпайынша, ешқайда жібере алмаймын.
Еркек. Мен сізге мына кісілерді танымаймын дедім ғой, танымаймын?! Сенесіз бе, өмірімде көрген жандарым емес?! Айтпақшы, сіз – сот емес, қарапайыш хатшы екеніңізді ұмытып кеттіңіз ғой деймін?! Хатшылық жөніңізбен тұруыңызды өтінемін!
Хатшы. Кешіріңіз...Ойламаған жерден қажеттілік туындап кеткендіктен, сот болуыма тура келеді. Сөзіңіздің қаншалық шындық екенін қазір...Жауап үстінде анықтаймыз. Егер, еш кінәңіз жоқ болса, жолыңыздан қалдырмаймыз. Несіне сары уайымға салынып тұрсыз?!
Еркек. О, Құдай?!
Хатшы. Маған келіп түскен талап-арыз бойынша сот отырысы ашық деп жариялаймын. Талап-арызбен толығымен танысқандықтан, жауапты бастаймыз. Алдымен Әйел жауапқа шақырылады. (Әйел алға шығады)
Хатшы. Арыз берушінің талабына сай, Сіз, тағылған айыппен келісесіз ғой?!
Әйел. Иә...Келісемін...
Хатшы. (Еркекке) Сіз, арыз берушінің талабымен таныстыңыз ғой?!
Еркек. Таныстым. Бірақ, мен қарсымын!.. Менің ешқандай тастанды қызым жоқ, және болған да емес. Сондықтан, менің қарсы екенімді жазып қойыңыз.
Хатшы. Қатысыңыздың қаншалық бар-жоғын тексеру кезінде анықтаймыз дедім ғой сізге?! Сонымен, осы тұрған екеуіңізге бірдей «өз сәбиін жетімханаға тастап кетті» деген айып тағылып отыр. Осы айып бойынша жауап бересіздер.Берілген жағдайдың сын көтермейтін жерде өткізуге мәжбүр болуымызға байланысты, сұрақ-жауап алмасу қысқа, әрі нұсқа болмақ. (Әйелге)Әйтсе де, алғашқы сұрақты сізден басталық... «Ана» сөзі осы тұрған баршамызға ең ыстық, ең құрметті сөз екені белгілі. Десе де, өз нәрестеңізді өзекке теуіп, балалар үйіне тапсыруыңызға не себеп болды?
Қыз. Сіз сұрақты дұрыс қоймадыңыз.
Хатшы. Жағаласпауыңызды өтінемін. Сұрақ-жауап өткізуге мен ғана құқылымын.
Қыз. Қарсылығым жоқ, тек... «Балалар үйіне тапсыруға» деген сөзіңізге қарсымын.
Хатшы. Түінбедім?..Жаңа ғана «жетімханада тәрбиелендім» деген өзіңіз емес пе?!
Қыз. Тәрбиеленгенім рас...Тек, мені тапсырған жоқ, мені аялдамаға тастап кеткен.
Хатшы. Аһ, иә... Аялдамаға тастап кетуіңізге не себеп болды?!
Әйел. Не себеп болсын....Қорқыныштың кесірінен.
Хатшы. Сонда сіз өз басыңыз үшін қорыққанда, аялдамада иесіз қалып, қызыңыз ауырып қалады деген ойдан қорықпағаныңыз ба?!
Әйел. Қызды ойлайтындай заман болды ма?..Оның үстіне, тап сол сәтте өз басыңнан артылардай зәре жоқ...Қол созардай жан таппай, қоршаған үрейдің жетегіне еріп кетесің...
Хатшы. (Еркекке) Айтыңызшы...Сүйіктіңіздің жүкті болғанын білісімен, қашып кетуіңізге не себеп болды?!
Еркек. Арамызда ешқандай махаббат жоқ, жәй, көңіл көтеруден пайда болған баланы қайтпекпін?!
Әйел. Оңбаған?! «Өлдім-талдым» деп, соңымнан сүмеңдеп қалмай қойғаның қайда?!
Еркек. «Қызды – кім айттырмайды, қымызды – кім ішпейді»?! (Сотқа) Мені не үшін сотқа тартып жатқаныңызды түсінбеймін...Қыз бала деген алдымен абыройын ойлауы тиіс қой?!
Әйел. Дұрыс айтасың, «абыройымды ойлауым керек еді». Бірақ, сендер... еркектер, қыздың да сен сияқты ет пен сүйектен жаралғанын...«Сүйіктісіне айналған» жігіт махаббат сезіміне бөлеп, аймалап-өпкен сәттерде, қыздың да еркінен айрылатынын неге есепке алмайсыңдар?! Бізді қара тастан жаралған деп кім айтты?! Мына менің...Өмірінде алғаш рет махаббат сезімін басынан кешкен, «адамдар арамдық жасайды» деген ой, үш ұйықтаса түсіне кірмеген жас қыздың еркінен айрылуына кім себепкер?!
Еркек. «Тана көзін сүзбесе – бұқа жібін үзбейді»!.. Емеурін білдіргендерге өздерің бір иықтарыңды беріп тұрғанда, жігіттің несі кетеді дейсің?!
Қыз. «Несі кетедіңіз» қалай?! Нәтижесінде мен сорлап қалдым емес пе?!
Еркек. «Сені аялдамаға тастап кетсін» дегенді шешеңе мен айтқан жоқпын.
Әйел. Айтқан жоқсың, әрине...Бірақ, сол айларда...Бойыма біткен баланы қайтерімді білмей зар илеген кездерімде қайда болдың?! Тым құрыса ен тағып, балаңды иеленген соң тастап кетсең де аяғыңа жармаспас едім. «Мені іздемесін. Басқа қызға үйленейін деп жатырмын» дегенді жолдасынан сәлемдемеге айттырған сен бе, мен бе?!
Хатшы. Неге үндемейсіз?!
Еркек. Мен...
Хатшы. Иә, сіз не айтпақсыз?
Еркек. Мен де адаммын ғой...Қорқып кеттім. Үйлену ойыңа кіріп-шықпаған кезде, жәй, көңіл аулап жүрген қызың «аяғым ауыр» дегенде, есім шығып қорқып кеттім.
Әйел. «Жәй, көңіл аулап?!.»
Хатшы. Сабыр...Жауабын күтіңіз. (Еркекке) Ең оңай жол – қаштым деңіз?
Еркек. ?..
Хатшы. Екеулеріңіз де өз бастарыңызды күйттеп кеттіңіздер. Алдарыңызда – тастанды қыздарыңыз тұр. Қыздарыңызға айтар жауаптарыңыз бар ма?!
Еркек. Айтқанда...Біз еркекпіз ғой...О бастан жауапкершілік әйелден талап етілетінін біле тұра, мынаның жеңілтек жолға баратынын ойламаппын.
Әйел. Өкініштен өртенген сорлы басым, оқудан шығып қаламын ба деген үрейден, ішімді білдірмес үшін тас қып байлап тастайтынмын. Құдайдың маған бір қарасқан жері, ішім үлкейген кез – қыс мезгіліне тап болды. Сырт киімнен анау айтты білінбейтін. Жатақханада бірге тұратын қыздар біліп қалмасын деген үреймен, ақысы қымбат болса да жеке пәтер жалдап тұрдым. Бай кемпір жеке тұрады екен. Күтімін жасап, үй қызметшісі болуға келісіп, тар бөлмеден бір бұрыш берді. Соған да бақытты едім. Кемпірге бар жайтты айттым. Егер мен, нәрестені ауруханада босанып, тастап кетсем, оқу орныма хабар беріп, оқуымнан шығып қалатынымды айтты. Ойлана келе, кемпірдің зейнеткер бір танысы бала босандыратын дәрігер болған екен. Ай-күнім жетіп босанар сәтте үйге алдырттық. Иә...Мен сені үйде босандым. Бірақ....
Қыз. Не, бірақ?!
Әйел. Ұзақ уақыт бойғы күйзеліс өз дегеніс істеп, сені босанған соң, қаным тоқтамай, есімнен танып ұзақ жаттым. Сені, әлігі дәрігер кемпір жөргекке орап, алып кеткен болатын.
Хатшы. Қайда апарғанын сұрадыңыз ба?!
Әйел. (басын шайқап) Сұрауға қорықтым!..(еңіреп жібереді) Күндердің-күнінде шыдай алмай іздеп барамын деп қорықтым. Араға жыл салып оқталған кезімде, дәрігер кемпірдің қайтыс болғанын естідім. Сенің қайда тапсырылғаның ол күйі құпия болып қала берді.
Хатшы. Бұл кісінің айтуынша «аялдамадан табылған». Әлігі дәрігер қайда апарғанын тым құрыса емеурінмен білдірген жоқ па еді?! Бәлкім, пәтер жалдаушы кемпірге айтқан болар?!
Әйел. Сұрадым...
Қыз. Иә...Қайда тапсырыпты?
Әйел. Балалар үйінің қасындағы аялдамаға тастап кетіпті...
Еркек. Тым құрыса, балалар үйіне тапсырып кетсе қайтеді?!
Қыз. Сіз...Сіз ше?! Сол кезде қасымда сіз неге болмадыңыз?! Баурыңызға неге баспадыңыз?! (Еркекті жындана сабалап)Мен, небәрі жазықсыз шарана едім ғой?! Менің жаурайтынымды...Қарны ашып жылайтынымды...Әке-шешемді күтіп зарығатынымды неге ойламадыңдар, неге?!
Хатшы Қызды әрең босатып алады.
Хатшы. Тоқта...Доғарыңыз деймін?!
Қыз. (ышқына бұлқынып) Менің папам мен мамамен бірге сейіл құрғым келетінін, әдемі көйлек кигім келетінін неге ойламадың, а?! Мойныңа асылып еркелегім келетінін, кеудеңе басымды қойып жылағым келетінін неге ойламадың?! Айдаладағы біреуді кінәлайды ғой?! Өз күнәң ше?!
Әйел. (Қыздың алдында тізерлеп) Кешір мені?..
Қыз. (еңіреп) Кешір?! Бар болғаны «кешір» ме?! Мен сізді, мына кісімен бірге сотқа беремін!
Еркек. Сен енді...Өзің сол кездегі менің жасымдасың...Жастық шақта алда не күтіп тұрғанын ойлап, бас қатыратын кім бар дейсің?! Сол кезде ең оңай жолды таңдағанымды мойындаймын. Бұлай боларын білгенде...
Қыз. Менен құтылдым деп ойлаған екенсің ғой?! Өкінішке орай, мен – тірімін!..Шалажансар жанымды сүйреткідей сүйрелеп жүргеніме 23 жыл болды!.. Жігітімнің көзінен жетімекке қарағандай аяушылық ұшқынын көргенде, мына өмірден баз кешіп кеткім келетінін түсінесіңдер ме?! Менің кім екенімді білгілерің келе ме?! Мен... Екеуіңнің...Нәпсісін тыя алмаған екеуіңнің күнәларыңмын!
Әйел. (жанұшыра) Олай демеші, жалынамын?!
Қыз. Солай?!. Күнәһарлардың жер бетіне тастап кеткен күнәсімін!..Міне, мен кіммін!..
Еркек. Кешір...Кешір мені...
Әйел. (жасына тұншыға жанталасып) Кешір...Кешір мен?! Сенің өтеуіңді өтегім келіп бірінші сөз салған еркекке күйеуге тидім. Үш бірдей балам бар. Босанар кездегі қиналған сәттерімде ылғи сені ойлайтынмын. Сенен кешірім сұрайтынмын. Мен, бәрі-бір бақытсызбын!.. Менің бақытым сенімен бірге кетіпті. Кеш түсіндім...Жиырма үш жылдан бері жанымды егеген осы сұрақтан жүйкем жұқарып, ақыры күйеуімнің қашып кетуіне өзім себепкер болдым. Бойымдағы бақытсыздықты сезетін күйеуім, түнімен уһілеп шығатын әдетімнен шаршаса керек, шыдай алмай кетіп тынды. Үш балама жаным ашыйды...Саған бере алмаған жылулығымды соларға бергім келіп талпынамын...Бәрі-бір, олардың ортасынан сені іздеймін. Жастық әлсіздігім, қорқақтығым...Сүйгенімнің опасыздығынан тұла бойы тұңғышымды тастап кеткен опасыздығыма өкініштен ішім удай ашыйды!.. Білемін...Маған кешірім жоқ. Мүмкін болса, кешірме. Ешқашан мына екеумізді кешірме!.. Менің құдай алдындағы өтеуім сол болсын.
Қыз солығын баса алмай еңіреп тұр.
Қыз. Қыз бен Жігіт, нәпсі жолын таңдаған кезде, мына біздердің өмір бойы жылап өтетінімізді неге ойламайсыздар, а?! Айналамда болып жатқан өзгерістерден жүрегім айныйды...Жаһандау – адамзат үшін қатерлі жұтқа айналды!..Ана...Соғысып әуре болып жатқандарға күлкім келеді. Өркениетті елдерде еш соғыссыз-ақ, адамдары құрдымға кетіп жатқаны ойларына кіріп-шықпайды. Кейде мен, күллі әлемді сотқа тартқым келеді. Тойынған... Дарақы...Жексұрын қоғамда өмір сүруге мәжбүрмін. Жап-жас болып, не басына күн туды дерсіздер... Менің қай жерде жұмыс істейтінімді білесіздер ме?! Клондастыру лабораториясында!..Бүгінде, заманауи жетілген қыздар мен жігіттер үйленіп, отбасын құруға басын қатырғылары келмейді. Қыздар, біздің лабораториядан еркектердің қуатты ұрығын қымбат ақшаға сатып алып, бойына ектіреді. Отбасылы өмірге жанын қинамастан, бала туып алса болды. Ол бала кімнің ұрығы, ол жағы толғандырмайды. Жігіттер болса, ұрықтарын ақшаға сатқандарына мәз...Соңғы кездері жатжұрттықтар ұрығын көптеп өткізетін болды. Ұрығын өткізіп болып зымиян жымысқылықпен жымияды. Бейне бір «мен сенің ұрпағыңды ластаушымын!..» деп тұрғандай мысқылды көргенде, жанымды қоярға жер таба алмаймын. Тапсырылған ұрық кодталып, құпиясы сақталынады. Сонда... Айтыңыздаршы, әлігі қыздардың жатырында өз бауырының ұрығы жатпасына кім кепіл, а?! Тіптен, өз әкесінің ұрығы болуы әбден мүмкін ғой?! Сонда...Адамдардың хайуандардан айырмашылығы қалды ма?! Нәсілі, діні, діліне қарап жатқан ешкім жоқ. Қуатты ұрық болса болды...Қанын сақтағысы келген ұлт, ең алдымен қыздарының жатырын сақтау керек қой?! Қазіргі қыздардың жатырында кімнің ұрығы өсіп жатыр, жарық дүниеге кімдерді әкелмекші, соны ойлаған жан бар ма?! Қыздың жатырында бәлкім, жатжұрттықтың ұрығынан ектіріліп, анасының халқына қарсы шабар айдаһарлар өніп жатқан болар?! Ұлттың асылын сақтаушы аналарыңның жатырын ібіліс жайлап жатқанда кімге мақтанбақсың?! Болашаққа не бетіңді айтпақсың?! Жаһанданумен тайталасып, алға озғаннан табарың осы ма?! Құдайым-ау, жатыры жынмен ұрықтанған қыздан қандай ұрпақ өніп шықпақ?! Міне...Міне сіздерге бомба!.. Бізге атом бомбасын тастап әуреге түсудің қажеті жоқ. Біз өзімізге-өзіміз ұзақ мезгілдік, түп-тамырды жоятын бомба тастап жатырмыз! «Мәңгірттену бомбасы»?!! Айтыңыздаршы, мәңгүрттенген қоғамда кімді соттауым керек?! (еңіреп жылап отыр)
Айдауыл жігіт тосыннан басын ұстай алып, айқайлайды. Тұрғандар үрпиісіп қалған. Жынданған Айдауыл, айқайлаған бойы лифтті ұрғылап, тепкілей бастайды.
Айдауыл. А-ааа?! Сұмдық...?! Мен...Мен енді не істеуім керек?!
Хатшы. Сізге не болды?!
Айдауыл. Мен енді қалай үйленемін?! Жо-жоқ, үйленгеннен бұрын, жердің бетін қалай басып жүремін?!
Хатшы. (Айдауылды қапсыра құшақтап) Тыныштал?! Тоқта...Тоқта деймін?!
Айдауыл. (Қызға жетіп келіп) Мені...Мені де сотқа бер!
Хатшы. Сізге не көрінді?! Сабыр сақтасаңызшы?!
Айдауыл. Себебі, мен де қылмыскермін?! (жындана күліп) Бәлкім мен, мыналардан өткен қылмыскер болармын?!
Қыз. Сіз де?!
Айдауыл. Иә...Мен де!..Үш ай болды...Сүйікті қызыммен бірге тұрып жатқаныма. Қызым балалар үйінде тәрбиеленген...Жетімдігінен қиналып тұрғаным жоқ. Маған күллі әлем теріс қараса да, сүйгеніме өкінбен. Әкем «өзіммен деңгейлес бай жердің қызын аласың» деп көнбей жүр. Мен юристпін. Мына жерде уақытша тәжірбие жинақтауға келгенмін. Әкем, белгілі алпауыт. Көзіне түскен қызды қиып түсетін Дон Жуандығымен әлемге әйгілі...Бәлкім?..Аааа?!(қайтадан жынданып, лифтті тепкілей бастайды) Аааа?! Жарық дүниені көргім келмейді!..Менің сүйіктім де әкемнің тастанды қызы боп шықса ше?! Аяғы ауырлап қалған талай қыздарды әкемнің ойланбастан тастап кеткенін анамнан естігенмін. Аааа?! Демек, жетімханадағы тексіздер тобырында менің де бауырларым жүр екен ғой?! (есі шыға еліріп) Тоқтай тұр...Тоқта?...Бәлкім.... Сүйіктімнің...Бірге өмір сүре бастаған махаббатымның, әкемнің қызы боп шықпасына кім кепіл?! Егер, солай боп шықса...Менен өткен жиіркенішті...Жер бетінде менен өткен хайуан жоқ болып шықпай ма?! Аааа?! Өлгім келеді?! Өкінішпен өмірімді бастағанша, жер бетінен жоқ болғым келеді?! Ааааа?!.
Өзегі өртеніп, күңірене жер тоқпақтағанАйдауылға айтарға сөз, жұбатарға тіл жетпеген Хатшы, Қыз, Әйел, Еркек, сілейген бойлары, күйзеле қарап тұр...

 

16.02.2016

Сая ҚАСЫМБЕК

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер