Қазақстан Ауғанстандағы теміржол құрылысына көмектеспек

1767
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Үкіметтің баспасөз қызметі
Сурет: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстан трансауған теміржол құрылысына қатысуға дайын. Бұл туралы вице-премьер министр Серік Жұманғарин бастаған делегацияның Ауғанстанға сапары кезінде белгілі болды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Екі ел премьер-министрлерінің орынбасарлары 24 сәуірде өткен кездесуінде тараптар Орталық және Оңтүстік Азияны интеграциялау жобаларындағы ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделілік танытты.

Атап айтқанда, қазақстандық тараптың трансауғандық дәлізді дамыту жобаларын: Термез – Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар және Герат – Кандагар – Спин-Булдак темір жолдарын салу жөніндегі жобаларды іске асыруға қатысуға дайындығы белгіленді.

Жоба Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында жүктерді жеткізу уақытын 10 есеге қысқартуға, сондай-ақ жүктерді тасымалдау құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Қазақстан темір жолдың жоғарғы құрылысына арналған материалдарды, өз өндірісінің шпалдары мен бекіткіштерін жеткізу арқылы трансауған магистралінің құрылысына қатысуға дайын.

Соңғы үш жылда Қазақстаннан Ауғанстанға экспорттық тасымалдау көлемі тұрақты түрде өсіп келеді: 2023 жылы темір жол арқылы тасымалдау көлемі 2,7 млн тоннаны құрады, оның 1,5 млн тоннасы – ұн және астық. Бұл 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда 14%-ға көп. Алдағы жылдарға арналған болжам – экспорттың 40%-ға ұлғаюы. Бұл ретте 2030 жылға қарай тасымалдардың 3 есе өсуі күтілуде.

Пікірлер