Қазақстан сыртқы істер министрлігі Иран Ислам Республикасына сапар жасауға қатысты ұсынымдарын жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ирандағы жағдайдың тұрақсыз болып отырғанына байланысты министрлік Қазақстан азаматтарына жағдай тұрақталғанға дейін Иранға барудан уақытша бас тартуды ұсынады.
«Қазіргі уақытта Иранда жүрген Қазақстан азаматтарына елден шығуды, сондай-ақ қауіпсіздік шараларын күшейтуді, абай болуды, жаңалықтарды қадағалауды және жергілікті билік органдарының ұсынымдарын қатаң сақтауды ұсынамыз», – делінген министрліктің хабарламасында.
Сонымен қатар, сыртқы істер министрлігі Қазақстан азаматтарына Таяу Шығыс елдеріне сапарларды жоспарлау кезінде қазіргі жағдайды және оның кенеттен шиеленісу мүмкіндігін ескере отырып, ойланып, жауапкершілікпен қарауды ескертеді.
Хабарға сәйкес, Қазақстанның Ирандағы дипломатиялық мекемелері қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Қосымша және жедел ақпарат алу үшін Ирандағы Қазақстан азаматтары мен олардың туыстары үшін байланыс желілері ашылған.