Асхат Аймағамбетовке: Ғылымға көңіл бөлмеген қоғам құлдырайды!

2440
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Алматыдағы "Ғылым Ордасында" ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жас ғалымдармен кездесті. Онда мен өз тарапымнан бірнеше мәселелерді сауал ретінде қойдым.

Құрметті Асхат Қанатұлы!

Еліміздегі ғылым мен білім саласына байланысты бірнеше мәселелерге назар аударуыңызды сұраймын.
1. Күйіп тұрған мәселелердің ең бастысы – жас ғалымдардың жалақы мәселесі. Жастардың үлкен кісілерге қарағанда материалдық қажеттілігі жоғары. Жас отбасылардың кішкентай балаларын аяқтан тұрғызуы әжептәуір салмақ салады. Жас ғалымдардың еңбекақысын көтеру керек. Отбасылы жас ғалымдар 2-3 жерде жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл олардың ғылымға толықтай беріліп еңбек етуіне айтарлықтай кедергі келтіреді. Ғылым институттарындағы ғалымдардың еңбекақысын көтеруге коммуналдық кәсіпорын деген статусы мүмкіндік бермейді. Жастар арасында бәсекелестік қалыптастыратындай қаржыландыру жүйесі болса, тіпті жақсы.
Қазір білімді жастардың көбі шетелге кетіп, сол жақта жұмыс істеп қалуда. Білімді азаматтар керісінше бізге келіп жұмыс істейтіндей жағдай жасалуы тиіс. АҚШ, Еуропа елдері білімді адамдарға, ғалымдарға мүмкіндік жасау арқылы дамып отыр. Сол себепті біздің IT, медицина және тағы басқа техникалық сала байынша білікті жас мамандар шетелге жұмысқа кетіп жатыр.
2. Ғалымдардың ресми мәртебесі жоқ. Мемлекеттік қызметкерлердің, әскерилердің арнайы стутусы бар. Қазақстан бойынша 30 мыңға жуық қана ғалым бар. Олардың жағдайын жасау, ресми мәртебе беру аса қиындық туғызбайды деп ойлаймын. Мемлекеттің өзегі, негізі, болашағы ғылымға байланысты. Ғылымға көңіл бөлмеген, мәселені зерттеп жүрген ғалымдармен санаспаған кез келген қоғам құлдарай бермек.
3. Ғылымның, ғалым кісілердің насихаты жетіспейді. Оның орнына әншілердің, арзан әзілкештердің, тіпті теріс діни ағымдағы уағызшылардың мән-мағынасыз сөздері ел арасына жылдам тарап, жастарды жаппай сауатсыздандыру үрдісі жүріп жатыр. Бұл жағдай олардың дұрыс ойлау (рационалды ойлау) жүйесінен айрылған жас толқынды қалыптастыруда. Білімсіз тобырдың қалыптасуы жұмыссыздардың, діни ағым жетегіне ерген сектанттардың, нашақорлардың, ішкіштердің және тағы басқалардың қатарының артуына әсер етеді. Бүгінде әнші болсам деп армандайтындар көп, бірақ ғалым боламын дейтін балалар сирек, тіпті жоққа тән.
Осының бәрінің алдын алу үшін ғылым мен ғалым кісілердің үздіксіз насихаты керек. Арнайы қазақ ғылымын дәріптейтін телеарна қажет. Ең жоқ дегенде өзге телеарналарға өнім дайындап беретін «Ғылым» теле-радио кешені құрылуы керек. Қарапайым халықтың тілімен жазылатын журнал, интернет-порталдар іске қосылып жатса да артық етпейді.
4. Қазіргі таңда ЖОО-да, колледждер мен мектептерде теріс діни ағымдағы мұғалімдер сабақ беріп жүргенін көріп те, естіп те жүрміз. Басқаны айтпағанда, мектеп оқушыларының өзі жаппай ораза ұстайтын науқаншылдыққа ұрынған жайы бар. Мұның бәрі ғылым мен білімнің деңгейінің төмендеп, бос кеңістікті сыртқы идеологиялық күштердің жаулап алып жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ, ұлттық салт-дәстүріміз бен тарихымызды, төл ұлы тұлғаларымыздың өнегелі, тәрбиелік істерін дәріптеу арқылы да бұл мәселені шешуге бір қадам жақындаймыз ғой деп есептеймін. Оқушылар, жастар нақты деректерге негізделген ғылым мен білімге сусындап, рационалды ойлап, талаптануы тиіс. Ешкім қандай да бір тылсым күштің көмегімен баланың миына білімді құя салмайды, ол сатылап оқу арқылы ғана жетіледі. Өздерінің бойындағы бар қабілетті дамытудың орнына діни еңбектер оқып, тылсым күштерден көмек күтіп қарап отыратын дәрменсіз толқын өсіп келеді. Техниканың тілін терең білетін, жан-жақты білімді, ұлттық негізден нәр алған саналы да сапалы жастар қалыптастыруға күш салуымыз керек.

 

Р.Б. Сүлейменов атындағы
Шығыстану институтының
Жастар ғылыми кеңесінің төрағасы Арман Әубәкір

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер