Достоевскийдің қысқа жазбалары

2326
Adyrna.kz Telegram

***
Сірә, менің, бауыры езіле қиналатын ауру адамның, екі тәулік бойы жаңбыр мен тұман кеше жүріп, шойын жолмен Берлинге дейін жетіп, әбден шаршап-шалдыға, сарғая жеткен бойда, ұйқым да қанбастан қараған сәтімде, кенеттен Берлиннің Петербургке адам сенгісіздей ұқсастығын көруімнен шықса керек. Тура сондағыдай тізілген көшелер, тура сол иістер, тура сол... (жарар, бәрін тізе беру шарт емес қой!). «Құдай-ай, – деп ойладым мен ішімнен, – өзім қашып шыққан дүниені қаз-қалпында көру үшін екі тәулік бойы вагонда өзімді қинаудың не қажеті бар еді?»

***
Мен, Лондонда пайдама жаратқан сегіз күнді ескермегенде, толық бір ай бойы Парижде өмір сүрдім. Ендеше, мен сендерге Парижге қатысты бірдеңелерімді жазайын, қалай дегенмен, қасиетті Павел ғибадатханасына яки дрездендік бикештерге қарағанда, мен оны әжептәуір тани алдым ғой. Сонымен, бастаймын.

***
«Французда ақыл болмайды, ал ондайы бола қалса, ол мұны аса қасіретті бақытсыздыққа балар еді». Бұл нақылды өткен жүзжылдықта Фонвизин жазып тастаған және, о, құдайым-ау, бұл сөздерді ол қаншалықты шаттана жазды екен.

***
Өз өмірімде мен Белинский сияқты мейлінше қызуқанды орыс адамын көрмеппін, әрине, оған дейін жалғыз Чаадаев қана біздің төл нәрселеріміздің көпшілігіне соншалықты батыл, кей тұстарда ақкөздене зығырданы қайнайтын, шамасы, ол орысқа тәннің бәрін жеккөрді-ау деймін.

***
Өйткені бізді жатқа айналып кетуден бала бағушылар мен шешетайлар сақтап қалған. Шындап ойлансақ, әрі мұңлы, әрі күлкілі көрінер, дегенмен, Пушкиннің күтушісі Арина Родионовна болмаса, онда, бәлкім, бізде Пушкин де болмайтын шығар. Қисынсыз ба? Шынымен-ақ, қисыны жоқ па? Ал егер, расымен-ақ, қисынды болса ше? Міне, енді көптеген орыс балаларын Францияда тәрбиелеуге әкетіп жатыр; ал егер ол жаққа әлдебір Пушкинді алып кетсе ше, ол жақта оның Арина Родионовнасы да, бесік тербеткен орыс тілі де болмайды ғой.

***
Ой-түсінігіңді тіпті өзің үшін бірден айқындап алудың өзі қандай қиын. Кейбір жаны сірі күшті ойлар үш ұрпақ алмасса да, айқындалмай қоятыны бар, сондықтан кейде ой түйіні өз бастауына мүлде ұқсамай кетіп жатады...

***
Әртүрлі замандарда Европа біздің өмірімізде қандай сипатта көрініс тапты, ол бізге өзінің өркениетімен ұдайы өктемси қонақ боп жүрді, ал содан біз қаншалықты өркениетті бола кеттік және бүгінге дейін мына біздің нешеуіміз өркениеттенбей қалдық?

***
Мәселен, бізбен бірге тынышталмауға және біздің ғажайып тұлғаларымызға қанағаттанбауға батылы барғаны үшін және осыларды өзіне идеал етуден бастартып, бізден гөрі тәуірірек бірдеңелерді іздегені үшін Тургеневті өзімізге өзіміз тоқмейіл күйдегі біз қалай-қалай шықпыртып аламыз десеңізші. Құдайым-ау, бізден тәуірі кім сонда!? Күн астында бізден әсем, бізден мінсіз не бар? Тұла бойы нигилизмге толы Базаров үшін, беймаза әрі сарыуайымшыл (ұлы жүректің нышаны) Базаров үшін өзі де сыбағасын алды. Біз оны тіпті Кукшин үшін де, орыс өмірінің шындығынан Тургенев бізге көрсету үшін әдейі сүзіп алып шыққан әлгібір прогрессивті бит үшін де шықпырттық, бұл аз болса, ол әйелдер эманципациясына қарсы келді дегенді де қостық. Ал мұның бәрі, қалай дегенмен, прогресс қой!

***
Ал Лондонда көруге болатын соншама көп бұқараны да, олардың қилы-қилы жағдайын да сендер мына дүниенің еш түпкірінен кезіктіре алмассыңдар.

***
Бәрі мас, бірақ көңілсіз, тұнжыр, бәрін зілдей салмақ жаншып жатқандай, үнсіз-тілсіз. (Лондон тур.)

***
Мұндағының бәрі тезірек естен тана ішуге асығады... (Лондон тур.)

***
Енді сіз ешқандай халықты емес, ақыл-ойдың жүйелі түрде, құлдық ұра, ынталана жоғалуын көресіз. (Лондон тур.)

***
Лондонда болғандардың қай-қайсы да, тым болмаса, бір рет Гай-Маркетке түнде барғаны хақ. Бұл – бірнеше көшесінде түні бойы мыңдаған жезөкше аяққа оралып жүретін квартал. Көшелері біздің түсімізге де кірмейтін газ оттарымен жарықтандырылған. Айналармен және алтынмен әшекейленген әсем кофеханалардан аяқ алып жүргісіз. Масқара да осында, баспана да осында.

***
Жалпы, барша дүние жүзінде ағылшын әйелдерінен асар сұлулар типі жоқ.

***
Басқаша айтсақ, социализмнің болуы да мүмкін шығар, бірақ дәл осы Францияда емес.

***
Итаршылық буржуаның жаратылысына тереңдеп, тереңдеп сіңген сайын, ол соғұрлым көбірек, көбірек ізгірек боп есептеле түседі.

***
Францияда тыңшылықтың, жай ғана емес, кәнігі тыңшылықтың, өнер деңгейіне дейін көтерілген және өзіндік ғылыми тәсілдерге ие тыңшылықтың адам сенгісіз деңгейде дамуы олардың тумысынан итаршы болуына байланысты.

***
Ұят сезімін жоғалтпай-ақ та, оңбаған болуға болады; ал мұнда өте адал адамдар өте көп, бірақ ар-ұятты сезінуді мүлдем жоғалтып алған, сондықтан не істеп жүргендерін өздері де сезінбестен, ізгі ниетпен оңбағандық жасай салады.

***
Французды, яғни париждікті (өйткені, шындап келсек, француздың бәрі – париждік), бүкіл жер жүзіндегі ең бірінші адам еместігіне еш уақытта сендіре алмайсың.

***
Әйткенмен, нағыз французға тән қасиет – қызыл сөз. Оның қызыл сөзге құштарлығын тұншықтыру мүмкін емес, тіпті жылдан-жылға өрши түседі. Қызыл сөзге осынша құштарлықтың Францияда дәл қай кезде басталғанын білуге мен ерекше қызықтым. Сөйтсем, ХIV Людовиктен басталыпты. Бір қызығы, Франциядағының бәрі ХIV Людовиктен басталады, шын айтам. Бәрінен де қызығы, бүкіл Европадағының бәрі ХIV Людовиктен басталады. Бұл король несімен баураған, – еш түсіне алмаймын! Өйткені оның өзінен бұрынғы корольдерден асып тұрған ештеңесі жоқ. Тек: «I’Etat c’est moi»1 (франц.) Мемлекет деген – мен) дегенді ең бірінші айтқаны болмаса.

***
Буржуа қызыл сөзден қырман үйе алады.

***
Бүгінде бүкіл дүниеде өктемдеп тұрған, ұлы ұлтқа мәңгі еліктеу сипатында көрінетін әлгібір буржуазиялық қоғамдық қатынастардың бастауы мен ұрығы осы жақта жатыр.

***
Көшеде әйелге ешкім жанаспайды. Ешкім оны жәбірлемейді, бәрі оған жол береді, қартая қоймаған әлдебір әйел көшеге шықса болды, едіреңдеген яки елпеңдеген әлдебіреу шляпасының астына үңіліп, танысуға ұсыныс жасап, екі адым да бастырмай қоятын біздегі сияқты емес.

***
Негізі, менің бірден байқағаным – шетелдік адамдардың бәрі дерлік орыстардан гөрі аңғалдау екен.

 

"Жазғы әсерлер туралы қысқы жазбалардан" үзінді ойлар,
Ф.М.Достоевский (1862)

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер