«Су тасыса – жар құлайды, көп толқыса – хан құлайды.» Су жайлы мақал білесіз бе?

3579
Adyrna.kz Telegram
Фото: adyrna.kz
Фото: adyrna.kz

Су тақырыбындағы мақал-мәтелдердің көбі күнделікті өмірде айтыла бермейді. Осынау қанатты сөздердің астары өмірден алынғаны белгілі. Оған дәлел – соңғы аптадағы су тасқыны. «Қыста – арбасын, жазда шанасын дайындау» үрдісі үзілген жерден проблема басталады. Төмендегі мақал-мәтел топтамасының да өз айтары бар.  

⋆⋆⋆

Алыстан үрген ит қаппас, төменнен төрге су ақпас.

⋆⋆⋆

Алпыс күн тасыған су алты күнде қайтар.

⋆⋆⋆

Ағын су жолын табады, ақ адам оңын табады.

⋆⋆⋆

Ақылы аздың ашуы көп, таяз судың тасуы көп.

⋆⋆⋆

Атаң мұрап болса да атыздан кетпе.

⋆⋆⋆

Астауына қарай – қауғасы.

⋆⋆⋆

Бай – байға құяды, сай – сайға құяды.

⋆⋆⋆

Бұлаққа бұлақ қосылса, егізбіз дейді,

Көлге көл қосылса, теңізбіз дейді.

⋆⋆⋆

Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді.

⋆⋆⋆

Дария толы су болса, ит тілімен су ішер.

⋆⋆⋆

Еділ ел болып келгенге су болады, едірейіп келгенге у болады.

⋆⋆⋆

Етігіңді шешпей суға түспе.

⋆⋆⋆

Жайдақ су жай ағады.

⋆⋆⋆

Жақсы мұраптың соңынан су ереді, жаман мұраптың соңынан шу ереді.

⋆⋆⋆

Жаман сайдың суы тасыса, өткел бермес.

⋆⋆⋆

Жаман сайға су түссе, өткел бермес кешуге,

Жаман кісіге мал бітсе, сусын бермес ішуге.

⋆⋆⋆

Жатқан тастың астына су бармайды.

⋆⋆⋆

Жеті күн жауған жаңбырдан желіп өткен су артық

⋆⋆⋆

Жер тегіс болса, су сылдырап ақпас еді.

⋆⋆⋆

Жемес жерде ет бар, ішпес жерде су бар.

⋆⋆⋆

Жылай - жылай арық қазсаң, күле - күле су ішерсің.

⋆⋆⋆

Иыққа шақ иінағаш.

⋆⋆⋆

Көл көлге құяды, сел селге құяды — шұқанаққа дым да жоқ.

⋆⋆⋆

Қар суының тасқынын қасқалдақ көрмес.

⋆⋆⋆

Қылышты қынап сақтайды, суды мұрап сақтайды.

⋆⋆⋆

От — арық, су — семіз.

⋆⋆⋆

Өзен ақса — көл, дария ақса — сел.

⋆⋆⋆

Өзен суын жаңбыр тасытады, адам қадірін еңбек асыртады.

⋆⋆⋆

Өлмеген құл алтын аяқпен су ішер.

⋆⋆⋆

Өткелсіз өзен – асусыз кезең.

⋆⋆⋆

Өткелін білмей өзенге түспе.

⋆⋆⋆

Тауды, тасты су бұзады, азаматты сөз бұзады.

⋆⋆⋆

Сай қуалап су ағар, жел қуалап от жанар.

⋆⋆⋆

Сасық суға аша бұтақ бітеді.

⋆⋆⋆

Саяз су сарқырап ағады.

⋆⋆⋆

Сең жүредi көктемде астан-кестең,

Ақ атанның бауырын арқан кескен.

⋆⋆⋆

Су байлық – алты айлық, қар байлық – үш айлық.

⋆⋆⋆

Су аяғы – құрдым.

⋆⋆⋆

Су басынан бұзылады.

⋆⋆⋆

Су тасыса – жар құлайды, көп толқыса – хан құлайды.

⋆⋆⋆

Су патшасы – мұрап, түн патшасы – шырақ.

⋆⋆⋆

Суға түспей, теңіз кешпейсің.

⋆⋆⋆

Суға кеткен жаңқаға жармасады.

⋆⋆⋆

Судың кепкені - тіршіліктің кеткені.

⋆⋆⋆

Сылдырсыз аққан судан без.

⋆⋆⋆

Су бергеннің сауабы бар, су төккеннің жауабы бар.

⋆⋆⋆

Су кетсе, тас қалады, сүрме кетсе, қас қалады.

⋆⋆⋆

Су қатайса мұз болар.

⋆⋆⋆

Су ішер арығы жоқ елдің сүзіп алар балығы жоқ.

⋆⋆⋆

Судың жолын құм бөгер, ердің жолын сұм бөгер.

⋆⋆⋆

Судың терең-саязын ағысынан білерсің,
Аттың жақсы, жаманын шабысынан білерсің.

⋆⋆⋆

Судың түбін шым бекітеді, сөздің түбін шын бекітеді.

⋆⋆⋆

Таста тамыр жоқ, суда қаймақ жоқ.

⋆⋆⋆

Терең судың ағысы білінбес.

⋆⋆⋆

«Тесіксің» деп елек шелекке күледі.

⋆⋆⋆

Халқын ойламаған хан семіз, дүние оған – су, теңіз.

 

 «Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер