Дрон дірілдеткен ел. Ресей тарықса, Қазақстаннан бензин іздейді - Reuters

2566
Adyrna.kz Telegram

Ресей мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуыл салдарынан тапшылық туындаған жағдайда Қазақстаннан 100 мың тонна бензин жеткізуге дайын тұруын сұрады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы  Reuters агенттігіне сілтеп.

Reuters агенттігі бұл туралы 8 сәуірде өзінің аты-жөнін атағысы келмеген дереккөздеріне сілтеме жасап, эксклюзивті ақпарат жариялаған.

ҚАЗАҚСТАНДА «РАСТАЛМАЙ» ҚАЛҒАН АҚПАРАТ

Reuters агенттігі дереккөздерінің бірі қазірдің өзінде бұл туралы келісілгенін хабарлады. Ал Қазақстан Республикасының Энергетика министрінің кеңесшісі Шыңғыс Ілиясов Энергетика министрлігіне ресейлік әріптесінен мұндай сұраныс түспегенін айтты.

«Қазіргі уақытта Ресей Федерациясының Энергетика министрлігінен мұндай сұраныс түскен жоқ, сондықтан ақпарат расталмады», - деген Энергетика министрінің кеңесшісі Шыңғыс Ілиясов.

Ал Ресей энергетика министрлігі түсініктеме беру туралы сұраққа әзірге жауап бермеген. Үндемегені “иә” дегені ме?

БЕНЗИН ЖЕТКІЗУДІҢ ШАРТЫ

Reuters агенттігінің хабарлауынша, Ресей бұл туралы Беларусьтан да өтінген. Беларусь қазірдің өзінде Ресейге бензин жеткізуге көмектесуге келіскен.

Осы мәлімет жария болғаннан кейін Ресей Мемлекеттік Думасының энергетика жөніндегі комитетінің басшысы Павел Завальный «Жеткізілімдер туралы шынымен де келісілген, бірақ күтпеген жерден тапшылық болған жағдайда ғана», - деп оның шартын атаған сыңай танытқан.

Наурыз айының аяғындағы жағдай бойынша Ресей мұнай өңдеу зауыттарына (МӨЗ) Украина  дрондары шабуылы мұнайды бастапқы өңдеу қуаттылығының шамамен 14 пайызын жойған. Әзірге Ресей билігі ішкі жанармай нарығындағы жағдай тұрақты және қор жеткілікті деп отыр.

«100 МЫҢ ТОННАЛЫҚ ТӨТЕНШЕ РЕЗЕРВ»

Ресей әдетте жанармайдың нетто – экспортері (яғни, экспорт көлемі импортынан артық)  және халықаралық нарықтарға жеткізуші болып табылады. Бірақ мұнай өңдеу зауытарының дрондар шабуылына ұшырауы Ресей мұнай компанияларын импорт жасауға мәжбүр еткен сияқты.

Дереккөздің айтуынша, Мәскеу Қазақстаннан Ресейге жеткізуге әзір тұратын 100 мың тонна бензиннің төтенше резервін құруды сұраған.

Сондай-ақ, Мәскеу 1 наурыздан бастап жанармай тапшылығының алдын алу үшін алты айға бензин экспортына тыйым салған. Дегенмен бұл Мәскеу басқаратын Еуразиялық экономикалық одаққа, оның ішінде Қазақстанға, сондай-ақ Моңғолия сияқты кейбір елдерге қатысы жоқ.

Ал трейдерлер Ресейдегі жағдай ушығып кетсе, тыйымды кеңейту мүмкін екенін айтады.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАЗІРГІ ҚОР

Өткен аптада Оралдағы Орск мұнай өңдеу зауыты жаппай су тасқыны салдарынан жұмысын тоқтатты, бұл Қазақстанға да әсер етті.

Әлемдегі теңізге шыға алмайтын ең үлкен мемлекет Қазақстан да гуманитарлық мақсаттан бөлек, жыл соңына дейін жанармай экспортына шектеу қойды.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда 5 сәуірдегі жағдай бойынша АИ-92 бензинінің қоры – 307,7 мың тонна, АИ-95 бензині 58 мың тонна деңгейінде болды. Қазақстанда қазір 435,3 мың тонна дизель отыны, 101 мың тонна авиакеросин қоры бар.

Айта кетейік, «ҚазМұнайГаз» компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанда наурыз айында үш мұнай өңдеу зауыты тоқтаусыз жұмыс істеген. Соның нәтижесінде елде бензин мен дизель отынының рекордтық қоры жинақталған.

«Дизель отыны мен бензин қоры елдің 1,5 айлық тұтыну көлеміне тең, бұл – шамамен 1,2 млн тонна. Қазір 670 мың тонна дизель отыны, 530 мың тонна бензин қоры бар», - деп хабарлаған компанияның баспасөз қызметі.

Дана Нұрмұханбет

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер