Саяхатшы жазушы, телевизия ардагері Серік Байхонов қайтыс болды

6051
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Телевизия ардагері Серік Байхонов өмірден өтті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Ол 1953 жылы 12 мамырда Қызылорда облысында өмірге келген. Оқуын тәмамдаған соң Республикалық газеттер редакцияларында,«Қазақфильм» киностудиясында жұмыс істеді. 1990—1998 жылдары Қазақ республикалық теледидарының Бас редакторы қызметін, «Қазмырыш» ашық акционерлік қоғамында еңбек етті.
Тұлға 71 жасына қараған шақта өмірден өтті. Қаралы хабарды ақын Байбота Қошым-Ноғай Facebook желісі арқылы жеткізді.
"Қаралы хабарды жеткізу мұншама қиын болар ма?!. Аяқ астынан қатерлі дертке бой алдырып, таяуда ғана Түркияда ота жасатып келген соң, Астанада ем алып жатыр еді... Бір сағат бұрын досымыз, жазушы, саяхатшы, Қазақстан Жазушылар одағының Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлығының лауреаты Серік Байхоновқа уақыт болыпты деп естідім.
1973 жылы жиырма жасында тұңғыш хикаяты «Жалғасым менің – жалғасым менің» «Жалын» журналында жарияланып, жазушы ретінде қатарынан ерте танылған Серік Байхоновтың «Ең ыстық маусым», «Қос шатырлы үй», «Сал үстіндегі маусым», «Құйылыста», «Ғажапстанға саяхат», «Алтай Асу» т.б. көптеген әңгімелер, хикаяттар, роман және саяхат кітаптары жарық көрген. Ол қазақ телевидениесі арқылы танылған «Жігіттің сұлтаны», «Тайбурыл», «Сиқырлы қазан», «Қазақтың Қажымұқаны» республикалық конкурстық бағдарламаларының авторы болды. Секең кәсіби саяхатшы ретінде «Сал үстіндегі маусым», «Аралға – араша», «Арналарға тіл бітсе», «Өсімдіктер желісіне саяхат»,
«Бетпақдала – шөл емес» экспедицияларын басқарды.
Қаралы хабарды құлағым естісе де, көңілім сенбей, қош, бақұл бол деуге ерінімнің икемі келмей отыр. Өмірі өмірімізбен біте қайнасқан қаламгер досымыздың фәнидегі сапары аяқталып, мәңгілік ғұмыры басталды...", - деп жазды.

Жазушының тұңғыш повесі «Жалғасым менің – жалғасым». Ол 1973 жылы «Жалын» журналында жарық көрген. Шығармалары ана тілде жазылып, орыс  тіліне аударылған. «Жігіттің сұлтаны», «Тайбурыл», «Сиқырлы қазан», «Қазақтың Қажымұқаны» республикалық  конкурстық бағдарламаларының авторы.

Кәсіби саяхатшы ретінде танылған Серік Байхонов «Сал үстіндегі маусым», «Аралға – араша», «Арналарға тіл бітсе», «Өсімдіктер  желісіне саяхат», «Бетпақдала – шөл емес» экспедицияларын басқарған.

Қазақстан Жазушылар одағының Ахмет Байтұрсынов атындағы  сыйлығының лауреаты атанған.

 

Пікірлер