"Шын жүректен" шүкіршілікке шақыру. Шенеунік суға кеткен адамдар жайлы талмай ақталды

1676
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Үкімет отырысынан кейін су тасқынына байланысты баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды "Адырна" порталы.

Жиынға «Тасқын суға тас түйін дайынбыз» деген Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов келмей, оның орынбасары Бауыржан Сыздықов жауап берді. Журналистер вице-министрге «Сіз «Құдайға шүкір, адам шығыны жоқ» деп рахмет айтыңдар деген секілді айтып отырсыз ғой. Абай облысына қарасты Аягөз ауданында трактордың үстіне 10 сағат отырып, екі азамат суға ағып кетті. Қазір олардың денесін таба алмай жатыр. Он сағат бойы құтқаруға бара алмауларыңыздың себебі неде?» деп сұрақ қойды.

- Біріншіден, мен адам шығыны жоқ деп айтқан кезде, бізге рақмет айтыңыздар немесе марапатттаңыздар деген мақсатта айтқан жоқпын. Мен рақмет алу үшін, халық алғыс айтсын деп айтпадым. Шүкір деп айту керек деп шын жүректен айтып отырмын,- дейді ол.

- Екіншіден, тракторден екі адамның жоғалуы су тасқынына байланысты емес. Оны біз дұрыс түсінуіміз керек. Олар жолды қысқарту үшін тасып жатқан өзенге өздері кіріп кеткен. Демек, ол судың ортасында бірден қалып кеткен жоқ. Өзі жолды қысқарту үшін өзі кіріп отыр. Біз дұрыс түсінуіміз керек. “Он сағат” деп ұлғайтылған. Ол жерде он сағат өткен жоқ. Орысша айтқанда “у страха глаза велики» дейді ғой. Мысалы, көп жерде өрт болған кезде, азаматтар “өрт сөндіру көлігі кешігіп келіп жатыр” дейді. Ал, шындығында санаулы секундтар өтіп жатады. Бұл жерде де сондай нәрсе. Біздің ол жерге кеш жеткеніміздің себебі, бүкіл өзендердің бойымен сулардың көздерінде біздің құтқарушылар тұрған жоқ. Оған уақыт керек. Сондықтан, біз ол жерге ең жақын жердегі құтқарушыларымызды жібердік. Содан кейін, осындай жағдай болды, - дейді Төтенше жағдай вице-министрі Бауыржан Сыздықов.

Сондай-ақ вице-министр тікұшақпен қауіпті аймаққа баратын кезде ұшқыштың қауіпсіздігін ойлау керек екенін ескертті.

- Мысалы, егер шетелдік тәжірибені алатын болсақ, Еуропада өртеніп жатқан үйдің ішіне өрт сөндіруіші кірмейді. Бірінші ол өзінің қауіпсіздігін ойлайды. Түнде тікұшақпен ұшқан ұшқыштың қауіпсіздігін де ойлауымыз керек. Ол жерде қара түнек, ештеңе көрінбейді. Осындай қиындықтар болып жатыр. Бүгінгі таңда құтқару жұмыстар дер кезінде атқарылып жатыр, - деген вице-министр ұзағынан ақталды.

- Ал, жаңағы екі кісінің суға кеткені су тасқынына байланысты емес. Біздің халық «От пен су — тілсіз жау» дейді. Біз тілсіз жаудың біреуі су тасқынымен күресіп жатырмыз. Жазда өртпен күресеміз. Тілсіз жаумен тек қана құтқарушылар мен мемлекеттік органдар күреспеуі керек. Тілсіз жаумен азаматтарымыз да күресе білуі қажет. Егер тасып жатқан су болса, біздің азаматтарымыз ол суға кірмеу керек. Оның күресі сонда. Ең бірінші адам өзінің қауіпсіздігін ойлау керек. Мен оны неге айтып жатырмын? Ертең Қазақстанның болашағын құратын жастар мен өскелең ұрпақ оны дұрыс түсінуі қажет. Олар трактордағы екі азамат сияқты тасқынға барып кірмеуі керек. Сол үшін айтып жатырмын, - деді Төтенше жағдай вице-министрі Бауыржан Сыздықов.

Пікірлер