«Меркур Таунда» болған оқиға. «Асқан айуандық»

2063
Adyrna.kz Telegram

Алматыда ер адамның күзетшіні бірнеше мәрте көлікпен жаншып, аяусыздықпен өлтірген бейнесі тарап, Қазнетті шулатты. Желі қолданушылардың жаппай дерлік күдіктіні айыптап отыр. Көп ұзамай оның кім болғандығы да жариялана бастады.

Бұл оқиға түнгі уақытта болған.

Алматыдағы «Меркур Таун» тұрғын үй кешеніндеболған оқиғадан соң 42 жастағы азамат қаза тапты. Марқұмның артында 3 баласы қалған.

Полиция мәліметінше «кісі өлтірді» деген күдікпен 45 жастағы азамат ұсталған.

Ал жергілікті тұрғындар азаматтың бірнеше жылдар бойы ата-анасымен бірге «Меркур Таун» тұрғын үй кешенінде тұратынын айтады.

«АРАШАЛАМАЙ МА

Куәгерлердің айтуынша, оқыс оқиға Алматыдағы «Меркур Таун» тұрғын үй кешенінде наурыздың 28-інен 29-ына ауған түні болған. Таралған видео-мәліметтердің бірінде, егер уақыты дұрыс көрсетілсе, оқиға түнгі 2:30 шамасында болғанға ұқсайды.  

Күдіктінің де ұзақ жылдар бойы ата-анасымен бірге осы тұрғын үй кешенінде тұратыны айтылады.  Оқиғаны тұрғын үй кешені тұрғындары видеоға да түсірген. Тараған видеоларда күдіктінің күзетшіні бірнеше мәрте кроссовер көлікпен жаншып, ол қансырап жатқанда аяқ-қолмен тағы да ұрып, соңынан көлікті тұраққа қойғаны түсірілген. Оқиғаның басында күзетшінің шлагбаумды жапқаны байқалады.  

Кадрларда ер адамның жерде жатқан ес-түссіз күзетшіні ұрып-соғып жатқаны анық көрінеді. Оқиға кезінде тұрғындардың айқайлап араша шақырғаны байқалады, алайда ешкім жеке барып ара түспеген. Видеода жәбірленушінің  қансырап қиналып жатқан даусы да естіледі.  

Желіні шулатқан сұмдық видеода күдікті күзетшіні бірнеше мәрте көлігімен жаныштап, артынша шалажансар адамды тағы да аяусыз ұрып, басына секірген. Оқиғаға куә болғандар күдікті мен күзетшінің арасындағы қақтығысқа араша болмаған.

Оқиғасының видеосы тараған соң желі қолданушылары оны қызу талқылады.

«Арашаламай ма? Қазір адамдар өліп жатсаң да,құлап жатсаң да, көмек сұрасаң да қашады.Басымызға бәле жабады деп көмектеспейді», - деп жазды «Рысхан» аккаунтымен тіркелген желі қолданушысы.

Facebook және Telegram желілеріндегі ақпаратта күдіктіні «шенеуніктің ұлы» деп тануда.

«Алматыда болған жағдай. Өткен түнде қаладағы дәулетті контингент тұратын үйлердің бірінде күзетші кісі қолынан қаза тапқан. Күзетшіні әуелі көлікпен соғып құлатып, кейін соққыға жыққан видеодағы адам ұсталған. Үй тұрғындарының айтуы бойынша 1979 жылы туған жеке кәсіпкер. Аты-жөніне қарасақ, әуелі прокурор көмекшісі, кейін  депутат болған кісінің баласы болуы әбден мүмкін! Күзетші бәлністе қаза тапқан. Бұдан басқа да бірнеше видеосы жүр: асқан айуандықпен тепкілеген, одан тірі қалу мүмкін емес еді...», - деп жазды журналист Алмас Алтай.

«БҰРЫН ДИСПЕТЧЕР ҚЫЗДЫ ҰРҒАН» 

Диас Нұрақын желідегі жазбасында күдіктінің тағы бірнеше бұзақылығын әшкереледі.

«Қазір қамауда. Жасы шамамен 45-те екен. Аты-жөні Асхат Тастандиев. Бұл мәліметтерді осы үйде тұратын тұрғындар жіберді. Басбұзар бұған дейін де осы үйдегі Лена деген диспетчер қызды ұрып тастаған. Тіпті бірнеше рет наркологияға жатып шыққан дейді танитындар. Бір сөзбен айтқанда байдың ерке баласы. Өйткені ең қымбат саналатын "Самал" ықшамауданынан анау-мынау пәтер сатып ала алмайды. Ал, кісі қолынан өлген күзетші небәрі 42 жаста екен. Артында үш баласы қалыпты. Марқұмның жақындарына сабыр тілеймін! Қандықол, қаныпезерлер қатаң жазалануы тиіс», - делінген Facebook желісіндегі жазбада.

Желіде күдіктінің әкесі ретінде аталып жүрген Сіләмғазы Тастандиевтің 1948 жылы туғаны, тоқсаныншы жылдарғы Жоғарғы Кеңестің ХІІІ шақырылымының депутаты болғаны айтылады. Бұрынғы Талдықорған облыстық прокурорының бас көмекшісі болған сияқты.

«ЖАЗАСЫН ЖЕҢІЛДЕТУ» ЖОЛЫНДАҒЫ ТАЛПЫНЫС

Күдікке ілінген азаматтың осы әрекеттен соң биіктен секірмек болғандығы айтылады. Күзетшіні аяусыздықпен соққыға жыққан бейненің артынша күдіктінің 14 қабаттан секіруге «ниеттенген» дегенвидеосы да тарады. Бірақ видеода күдіктінің өзі ме, басқа ма және видеоның қашан түсірілгені белгісіз.

БАҚ-та күдіктінің нашақорлыққа салынуы мүмкін екені жайлы да мәлімет бар. Ал желі қолданушылары күдіктінің бұл әрекетін «жазасын жеңілдету» жолындағы талпыныс деп есептейді.

«Секіретін болса ойланып отырмай секіріп кетер еді. Бұл оның өзін ақтап алу үшін жасаған әрекеті.Ертең сотта "мен істеген ісіме өкінемін, күйзелісте жүрдім"-деп жазасын жеңілдету үшін жасағаны ғой», - деген сарында пікірлер көптеп жазылған.

Қазір Алматы қалалық полиция департаменті адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. «Алдын ала мәлімет бойынша, күзетші мен тұрғын үй кешенінің тұрғыны арасында жанжал туындап, нәтижесінде 45 жастағы ер адам күзетшінің өміріне сәйкес келмейтін дене жарақатын жасаған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды»,— делінген хабарламада.

Ал желі оқырмандары полиция мәлімдемесімен де келіспей, қарсылық танытуда.

«Осылай жүре беретін болсақ, байлар кедейлерді қалай болса солай өлтіріп, таптап жүре беретін болады. Сот жүйесіне өзгертулер енгізу керек. Мына жерде тағайындалған бабының өзі көрсетіп тұр ғой жазаланбайтынын. Қайдағы "дене жарақаты", бұл жерде "қасақана адам өлтіру" бабы болып тұр ғой» делінген пікірлердің бірінде.

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер