Теңіз оқиғасынан соң: Қазақстанға енді келмеймін

2932
Adyrna.kz Telegram

Теңіз кенішіндегі оқиғада соққыға жығылған шетелдіктердің кейбірі Қазақстанға енді келмейтіндерін айтады. Олар 2 шілде күні аман-есен елдеріне жетті. Бұл туралы олар royanews.tv-ге берген сұхбатында айтқан.

Иордания сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанда жұмыс істеп жатқан 107 иорданиялықтың 41-і еліне оралған. Мәліметте олардың компанияда жұмыстарын жалғастыра беретіні айтылған.

Қазақстаннан оралған 41 Иордания азаматын ұшақтан түскен бойда сыртқы істер министрі Айман САФАДИ күтіп алған. Сафади Иорданияға оралу туралы шешім қабылдаған отандастарына ханзада Хусейн ибн Абдалла ІІ-нің сәлемін жеткізіп, оның Қазақстанда болған оқиға кезінде иорданиялықтардың өміріне ешқандай қауіп төнбеуіне үлкен күш бергенін айтты.

Жалпы, елдеріне оралған иорданиялықтар өте қуанышты. Алған жарақаттарының ауыр емес екенін, қазіргі таңда жағдайлары жақсы екенін айтады. Иорданиялықтардың бірі болған оқиғаға ливандықтың желіге салған суреті себеп болғанын растады. Және «Қазақстанға енді келмеймін» деді. Олардың айтуынша, шетел азаматтарын компанияда жұмыс істейтіндер ғана емес, өзге де қазақстандықтар соққыға жыққан.

41 иорданиялықпен қоса 125 ливандық та еліне оралды. Ливан басшылары болған оқиғаға ең алдымен компания басшыларын айыптайды.

Еске салсақ, 29 маусым күні Атырау облысындағы Теңіз кенішіндегі жұмыскерлер арасында жанжал шығып, оның арты үлкен төбелеске ұласқан. Нәтижесінде 45 адам зардап шеккен. Басым бөлігі шетелдік жұмысшылар, 4-і қазақстандық.

"Жас Алаш" 

Пікірлер