Бүгін - Қазақ радиосының танымал дикторы, Халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевтың туғанына 101 жыл толды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Ол 1923 жылы 26 наурызда Семейде өмірге келген. Шыңғыстаудың бөктерінде туып-өскен Әнуарбек Нығметжанұлы дана Абайдың ауылдасы болған.
1939-1941 жылдары Алматыда Коммунистік журналистика институтында білім алып, 1941 жылы соғыс басталғанда алғашқылардың бірі болып майданға аттанған. Алайда 1943 жылы аяғынан қатты жарақат алып, елге қайтқан.
Кейіннен 1944 жылы Қазақ радиосына дикторлық қызметке қабылданып, өмірінің соңына дейін осы салада қызмет етті. Майдан хабарларын әуе толқынында оқығанда көңілі толқып, кейде тіпті көзіне жас та келетін Әнуарбек Байжанбаев – 1945 жылы көп күттірген Жеңіс хабарын Левитаннан кейін эфирде қазақ тілінде алғаш сүйіншілеген диктор.
Әнуарбек Байжанбаев туралы әріптесі Сауық Жақанова да пікір білдірген.
"Әнуарбек ағамен Қазақ радиосында бірге қызмет істедік. Табиғатынан қарапайым, адал, сенгіш, ақкөңіл жан болатын. Аға екеуміз кезінде балаларға арналған «Пионер серігі» атты бағдарламаны жүргізген едік. Бұл менің сол кездегі алғашқы бағдарламам болатын. Сол себепті хабар барысында көңілім толқып, даусымның дірілдей бастағанын сезген Әнекең мені жігерлендіріп, демеу көрсеткен. Әнекеңнің қолдауымен намысыма тырысып, бағдарламаны ары қарай жүргізгенім әлі есімде. Ұлы бола тұра, үнемі кішірейіп жүретін. Жүрегі өте жұмсақ адам еді, оны мен Әнекеңнің соғыс туралы хабарларды оқығанынан байқадым. Қан майданның хабарын оқығанда тебіреніп, ерекше бір күйге енетін. Дауысы қоюлау, қоңыр дауыс еді.
Әнекеңнің жұртқа қамқорлығы, жанашырлығы ерекше болатын. Сол уақытта еліміздің түкпір-түкпірінен Әнуарбек Байжанбаевқа арнайы хаттар ағылып келіп жататын. Ол кезде жеңіл көлік алу, баланы оқуға түсіру деген қиындау-тұғын. Сол себепті де үлкен кісілер: «Қарағым Әнуарбек, жинаған аз-маз тиын-тебенім бар еді. Сен анау Қонаевтың жанында жүресің, сол кісінің сөзін сөйлейсің, сөзің өтеді ғой, машина алуға көмектесші» немесе «баламды оқуға түсіріп берші» деп, түрлі-түрлі өтініштерін жолдайтын, көмек сұрап алдына келетін. Әнекең осы кісілердің бірде-біреуін кері қайтарған емес. Қолынан келгенше ел-жұртқа көмегін беріп, қамқорлық жасайтын. Білетінімді осы Әнекеңнің мектебінен үйрендім. Сол кездерде бір ғана радиомен бүкіл қазақ даласына хабар таратамыз. Күні-түні радиода жүрсе де шаршағанын көрген емеспін. Маған ағалық қолдау білдіріп жүретін", - деді диктор Сауық Жақанова.
Сауық Жақанованың сөзінше көпшілік Әнуарбек Байжанбаевты "қазақтың Левитаны" десе, керісінше Байжанбаев: "Сауық, сен эфирдің Ақбаянысың" деген екен.