"Жастар мешітте бұзылып жатыр". Сарыағаштық тұрғын балалардың мектепке емес, мешітке асығатынын айтты

3025
Adyrna.kz Telegram
Фото: "Обожаю" телеграм арнасынан
Фото: "Обожаю" телеграм арнасынан

Құрылтайдан кейін Тоқаев ауызашар беріп, Қазақстанда деструктивті ағымдардың барына алаңдайтынын айтты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Сырым Итқұлов Telegram желісіндегі арнасында дін мәселесінің бүгінде өршіп тұрғанын жазды.

"Асхат Ниязовтың жуырда Сарыағаш туралы жариялаған ақпараты осы тақырыпқа қатысты. Ол жергілікті қария "жастарымыздың барлығы мешіттерде бұзылып жатыр" дегенін айтқан еді.

Оның сөзінше, қаладағы балалардың 50 пайызға жуығын молдалар дінге тартып алған. Оның үстіне, олардың арасында білім алудан бас тартып жүрген 5-6 жастағы мектеп жасына дейінгі балалар да бар. Ол балалардың ғалым, мұғалім болуы мүмкін екенін, бірақ жергілікті имамдар оларды басқа бағытқа бұрып жатқанын айтады. Ал тұрғындар имамдарға сын айтып, пікірлерін білдірсе де елемеген", - делінген хабарламада.

"Обожаю" телеграм арнасында жарияланған сұхбаттан үзіндіде Сарыағаштық қария Президентке елдегі барлық деструктивті үрдістерді шектеу керектігін, жалпы балаларға сақал қоюға тыйым салу керектігін, тиісті ұзындықтағы шалбар киюді міндеттеуді сұрады.

Күні-кеше Атырауда өткен 3-ші құрылтайда Президент дәстүрімізге жат діни наным-сенім мен мәдениетке қатысты біршама мәселеге тоқтап, насихаттаушылардың жетегіне ермеу керегін айтты.

"Таразы басында өскелең ұрпақтың рухани жағынан сау-саламатты болу мәселесі тұр.

Біз халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсуіміз керек. Қазақстан өзінің мемлекеттілігіне және қоғамдық моралына қайшы келмейтін діни наным-сенімдердің, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайды. Бірақ біз батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды насихаттаушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де!", - деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзінде, деструктивті насихаттарға біздің еліміздегі балалар да ілесіп кетіп жүргенін айтты.

"Ашық айтсақ, дін мәселесі – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Жастардың санасын шетелден келген түрлі ағымдармен улауға болмайды", - деді Президент.

Мемлекет басшысы өршіп тұрған дін мәселесін шешу жолында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы үлкен рөл атқаратынын атап, жастарға дұрыс бағыт-бағдар беруді "аса маңызды міндет" деп таныды.

Пікірлер