17 адам күдікке ілінген соң. Есепшінің Антикор тексерісі кезінде өз-өзіне қол жұмсағаны айтылды

12823
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысында есепшінің суицид жасағаны хабарланды. "Адырнаның" Otyrar.kz-ке сілтеп хабарлауы бойынша, оқиға Мақтарал ауданында болған.

Түркістан облысы Мақтаарал аудандық білім бөлімінің бухгалтері 25 қаңтарында өз-өзіне қол салған.  Құзырлы органдар:

"25.01.2024 жылы Мақтаарал ауданының полиция бөлімі Қазақстан Республикасы ҚК 105-бабы 1-бөлігі бойынша суицид жасау фактісі бойынша қылмыстық істі тіркеді (суицидке дейін жеткізу) және сотқа дейінгі тергеп — тексеру жүргізілуде", - делінген ресми хатта.

Сондай-ақ, өткен жылдың соңынан бастап Түркістан облысының білім басқармасында Антикор қызметкерлері тексеріс бастаған болатын. Экономикалық тергеу департаменті Мақтаарал ауданының аудандық білім бөлімінің есепшісіне қатысты бюджет қаражатын ұрлау фактісі қозғады. Әзірге жымқырылған сомма нақты айтылмаған.

"Қазіргі уақытта Экономикалық тергеу департаменті Мақтаарал аудандық білім бөлімінің  бухгалтерлеріне қатысты ҚР ҚК 2-тармағының 4-бөлігінің 189-бабы, Мемлекеттік бюджеттен ақша қаражатын ұрлау бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүргізілуде. ҚР ҚК 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп — тексеру деректері жария етілмейді", - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Ал Білім басқармасының басшылығы өз қызметкері туралы түсініктеме беруден бас тартып отыр. Алайда "Суицид жасады" деген есепшінің тірі қалғаны не басқаша жағдайға ұшырағаны айтылмады. Антикор іске қатысты тергеп-тексеру деректері де жария етілмейтінін мәлімдеген.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Антикор облыстағы Шардара және Сарыағаш аудандарының білім бөлімдерінің бухгалтерлеріне қатысты тергеу туралы хабарлаған болатын. Мемлекеттік бюджетті жымқыру бойынша 17 адам күдікке ілінген. Келес ауданының білім бөлімінде де дәл осы жағдай орын алған еді.

Пікірлер