"Достарым соғыс ошағында оққа ұшты..." 40 жылдан кейінгі естелік

5562
Adyrna.kz Telegram

1979 жылы Кабул билігінің шақыртуынан кейін Кеңес әскері Ауғанстан жеріне кірген. Артынша ауған жерінде қарулы қақтығыс жиілеп, 110 айға созылған соғыс басталды. Ал осыдан 35 жыл бұрын 15 ақпанда Әмударияның үстіндегі Достық көпірі арқылы Ауғанстан жерінен соңғы Кеңес әскері жүріп өткен болатын. 10 жылға ұласқан қанды қырғынға 31 мыңға жуық қазақ қатысты. Солардың бірі Алматы облысы, Райымбек ауданы, Шәлкөде ауылының тумасы – Қайырбек Ақсақалов.

Қайырбек Мәріпұлы «Адырна» тілшісіне берген сұхбатында ауған соғысын ауыр күрсініспен еске алды. Небәрі 18 жастағы әскери борышын өтеген ол қанды майданның ортасынан бір-ақ шыққаны жайлы оқиғасымен бөлісті.

 - Мектеп бітіре салып бір жылдан кейін 1982 жылдың мамыр айында әскерге шақырылып, Түркіменстанның Ашхабад қаласында 6 ай арнайы әскери дайындықтан өттім. 1982 жылдың қараша айында Өзбекстанның Термез қаласынан өтіп, Ауғанстанның Баграм қаласына арнайы тапсырмамен жеттік. Қылшылдаған жап-жас кезіміз. Майдан ошағына түсе сала балалық бал дәурен көзден балбұл ұшты да кетті. Менің міндетіме БМП -  жаяу әскердің жауынгерлік көлігін басқару кірді, - дейді Қайырбек мырза.

 

«ЕСТЕН КЕТПЕС КҮН»

 - Ауғанстандағы естеліктерімді блокнотыма жазып отыратынмын. Сол уақытта дәл 9 мамыр күнін «естен кетпес күн» деп түртіп қойғанмын. Бұлай дейтінім, осы күні біршама майдандас достарымнан көз алдымда айырылып қалдым. «Қайырбек, үйді сағындым. Кетуіме екі-үш қана ай қалды» деген тараздық достарым соғыс ошағында оққа ұшып көз жұмды. Ауызбен айтқанға жеңіл естілгенімен арманы асқақ жандардың, анама қайтамын деген достарыңның көз алдыңда мерт болғанын көру сондай ауыр тиді, - дейді ауған соғысының жауынгері.

 - Майдан заңы солай. Біз әскер шебінен қалмауымыз керек. Тауды асып өтуіміз керек болды. Таудың етегіне қарай тереңдеу көл болатын. Соны жүзіп өтпек болғанымызда БМП-мыз суға бір-ақ батып кетті. Ауғандардың ортасында оңай құрбан болып сонда қаламыз ба деп үрейлендік. Десе де, рухымызды жықпай, әупірімдеп жүріп судан шықтық. Қасымда прапорщик пен наводчигім болды. Суға батқан көлік оңушы ма еді, сол жерде оталмай қалды. Үшеуміз үш жақтап көлікті шұқып, бұйрықтың аты – бұйрық деп атыс болып жатқан жерге жеттік. Барғанымызда қайтыс болған солдаттарымыздың денесін әкеліп қойған екен. Бірінің көзіне мерт болған қатардағы жауынгер болып көрінгенмен, менің көзіме олар үлкен арман тауы жығылған азаматтар болып көрінді. Амал нешік. Майданның аты – майдан, - дейді Қайырбек Ақсақалов.

 - Ол жақта үш-төрт күн болып, өзіміздің штабымызға қайта қайттық. Қайтарымызда суға батқан көлігіміз тағы бұзылды. Оталады да, өшіп қала береді. Амал болмаған соң, жол жиегіндегі тастың маңына тұрақтадық. Түн ішінде прапорщик, наводчик үшеуміз сол тастың маңында қалдық. Ал тұрақтаған жерде душмандар (ауған әскері - журналист) болған екен. Көліктің жүріске көнбегеніне біз де дес бермедік. Қайта-қайта өшіп қала берсе де төрт шақырым жерді жүріп өттік. Техникалар тізіліп тұрған жерге жетіп тоқтадық. Кейіннен ойласақ, демалып, отырып қалмай алыса бергеніміз дұрыс болған екен дейміз. Көрер күніміз болып, душмандардың ортасынан сытылып кетіппіз, - деп бөлісті оқиғасын Қайырбек Мәріпұлы.

«АҚТӨБЕНІҢ ЖАНГЕЛДІСІ»

 - Бірде жауынгерлер душмандар бекінген ауғанның бір кишлагын атқылап келген болатын. Әскермен бірге ақтөбелік досым Жангелді де түрі сұсты болып ротаға қайтып келді. Жангелдінің мұндай суық түрін көрмеген едім. Сондай ер мінезді, батыр жігіт еді. Жағдайды сұрағанымда, «Қайырбек, жаңағы кишлакта оққа ұшқан анасының жанында қалған екі баланың еңірегені көз алдымнан кетпейді. Қатты шошынып қалдым» деді. Соғыс болғаннан кейін мінезді болуға тура келеді. Басу айтып, барынша жұбатып қойдық. Ертесі күні бірге ұрысқа қайта шықтық. Жангелдінің кетуіне бір-ақ ай қалған болатын. Сол ұрыс күні Жангелдінің соңғы майданы болып қалды. Бір күн бұрын көрген қайғылы картина жанын ғана ауыртып қоймай, рухын да жығып қойды ма, сол күні қарсылас қолынан қаза тапты. Кейіннен естуімше Ақтөбеде бір мектеп Жангелдінің атымен аталған екен, -  деп әңгімеледі ардагер.

СОҒЫСТАН КЕЙІНГІ ӨМІР

 - Әскерден екі жылда қайту керек едік. Үш жылға жуық уақытта әрең қайттық. Бес ай кешігіп тамыз айында бір-ақ қайттым. Қайтпай қалуым да мүмкін еді. «Прапорщик дәрежесін береміз, майданда қал, оның үстіне балаң жоқ, үйленбегенсің» деген ұсыныстар болды. Бірақ шешемнің айтқанынан асып кете алмадым. Анам менің аман қайтуымды тілеп жылай беріпті. Артынша «анаң күтіп отыр» деген хат келіп, қайтамын деп шештім. Шәлкөдеге келгенімде майдансыз қалыпты өмірге сіңіп кету оңай болмады. Кейіннен ауылымда шофер болып қызмет істедім. Отбасыммен Алматыға көшіп келгеніме 6 жыл болды. Қазір де сол салада жұмыс істеймін, - деді ол.


«ӘСКЕРГЕ ӘР АЗАМАТ БАРУ КЕРЕК»

 - Бүгінгінің жастары әскери борышын өтеуге бір жыл ғана уақытын жұмсайды. Соның өзіне қорқақтайтын жігіттер бар. Қазір рас, әскердегі неше түрлі жайттарды естіп жатырмыз. Ол бәрінің басынан өтеді. Бастысы – мықтылық. Ер азаматқа ез болған жараспайды. Еркек қашан да ер мінезді болу керек. Өзімнің екі ұлым бар. Біреуі әскери борышын өтеп келді. Бірі әлі мектепте оқиды. Қазірдің өзінде әскери борыштың маңызы туралы айтып, дайындап жатырмын. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Біз тәрбиені түзеуіміз қажет. Балаларға бәрін дайын етіп беруден ада болған жөн. "Дайын асқа тік қасыққа" үйренген бала ешқашан да өз күшімен жетістікке жетпейді. Біз тек оларға дұрыс бағыт көрсетіп, қамшылап отырғанымыз абзал, - деді Қайырбек Ақсақалов.

 

Дина Литпин

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер