Ықылас Оразбайұлы: "Уыздай жап-жас бір қыздың, Уысында ғана екем ғой.."

4239
Adyrna.kz Telegram

Ықылас Оразбайұлы 1983 жылы ҚХР Шинжиян өлкесі, Көктоғай ауданы, Дүре ауылында дүниеге келген. 2007 жылы Іле педагогика иниститутын тәмәмдаған. Шинжиян халық радиосынан «Сен мені алдамадың», «Ай мүсіні» атты радио театрлары және басқада мерзімдік басылымдарда 80 нен астам өлең, әңгіме, мақалалары жарық көрді.

Шинжяң көлемінде өткен “Жасдәурен-Өрен” жыр мүшайрасының және Дүние жүзі қазақ қауымдастығының 20 жылдығына орай өткізілген халқаралық жыр мүшайрасының бас жүлдегері.
Ақын қазыр отбасыман Қазақстанға қоныс аударып, ата жұртының бір кірпіші болып қалануда.

Бақыт

Өмір жолын сан шиырлап салпақтап,
Әрбір пенде бақыт таппақ, бал татпақ.
Мен де отырмын..
автобузға лық толған,
Адамдарға жалтақтап.

«Бір сұлу қыз кездеспеген көшені,
Көше деп те керегі жоқ есебі. »
Деп Қуаныш атты менің ағамның
Айтқан сөзі құлағымда кешегі.

Аялдама кез болды ма сәлден соң,
Айдай күліп кіріп келдің сәулем сен.
Екінші бір жан бар десе де сенбес ем,
Дәл өзіңнен сәл көркем.

Сен болмасаң ай нұрына шомбас ем,
Сен болмасаң қайғылы да болмас ем.
Бір жалт еткен арман болып қалдың да,
Тіл қатпастан түсіп қалдың жолда сен.

Елесіңді кірпігіме түнетем,
Мен өзіңді сол арада күзетем.
Бақыт деген автобузда жолығып,
Жолда түсіп қалатұғын қыз екен.

Көктем

Шек барма екен құдыреттің ісінде,
Мен далама айналыппын түсімде.
Маңдайларым мәрт, асқақ
Айналыпты жалама құз жартасқа.
Жанарымда жайын тулап, ай түнеп,
Қабағымда қайың, талдар бой түзеп.
Кеңсірікті жұпар, жұмбақ ән кеулеп,
Миығымда миллион гүлдер сәнге өрлеп.
Ерінімде ақша бұлттар дамылдап,
Иегімде аққу, қаздар мамырлап.
Тауға айналған танауымды күн өбіп,
Мұрттарымның арасынан бұғы өріп.
Сол құлағым бөрілерге апан боп,
Оң құлағыма дұға оқыпты апам кеп.
Оң қолымда қойшы жігіт ысқырып,
Сол қолымда сұлу қыздар іс тігіп.
Көбелерімнің көк кіреуке мұзы еріп,
Алақанымда ару атандар күзеліп.
Аяғымда көш керуені бақытты,
Жыл құстарын ертіп келе жатыпты.
Екпінімен теңселтіп жер бесікті,
Дәл кеудемнен миллион жылқы өтіпті.
Жалы жалын, от орнындай тұяқты,
Тұлпарлардан дауыл тұрған сияқты.
Дауыл ғажап бір аунатып өлкені,
Шырын түстің жыртылыпты желкені.
Түс түңлігі жыртылғанда орасан,
Ояна сап жан- жағыма қарасам.
Төсқалтамнан телефоным тепкілеп,
Безектейді бір цигнал кепті деп.
Телефонды дір- дір еткен, дір еткен,
Қолыма алдым тұлпардай бір жүрекпен.
Әлім жетпей дауысымды да түзеуге,
Дірілдеп кетті саусағым,
Дірілдеп кетті тізем де.
Батылданар да езбелеп,
«Мақұлдан» арыға сөз де жоқ.
Тұтыға бердім әшейін,
Тұқыра бердім әшейін,
Аяғымменен жер қасып,
Шықшытты шылқа тер басып.
О, дариға-ай. . .
Түсімде тау боп кетсемде,
Өмірде дәу боп өтсемде.
Бекер екен ғой, бекер ғой,
Уыздай жап-жас бір қыздың
Уысында ғана екем ғой.

Сені сұлу дегендік…

Көздеріңді өлең ғып,
Сөздеріңді өлең ғып,
Алқынбаймын мен енді.
Сені сұлу дегендік-
Аққуды ақ құс дегендік.

Құлатып жыр көшкінін,
Құламаймын кеш, күнім.
Ақылды деп сені айту
Ауылыңа ескі ұғым.

Ел мен жұртты мәз етіп,
Алқау бәлкім әдеті.
Ару әнші деп жазды,
Аймағыңның газеті.

Майда тілмен өбектей,
Ән де арналды көп өтпей.
Саған қала сыйлау да,
Еш жаңалық емес қой.

Шоршып жүрек қолқамда,
Ауаға іліп қолтаңба.
"Сені сүйем" деп айттым
Мың бірінші болсам да.

Өтінішімді өргенде
Қол жеткендей өрденге,
Көп күттім деп бұл сөзді
Күлгеніңді көргенде.

Тәтті тілмен балдан да,
Сүйіп мені алғанда,
Талып қалар едім ғой,
Оянып кетпей қалғанда.

Такаппарлық та сенің тек,
Жолдасың-ау деп жорушы ек.
Сол жолы құдай сақтады,
Сақтамасада болушы ед.

Манаурап күн де сөнерде,
Мама қаз бұлттар шөгерде.
Мені де сүйе қалсаң сен,
Өңім боп сол сәт егерде.

Көңілге мүлде орнап сен,
Көңілді мүлде торлап сең.
Биіктен киік көргендей
Аңқая ғашық болмас па ем.

Такаппарлық та сенің тек,
Жолдасың- ау деп жорушы ек.
Сол жолы құдай сақтады,
Сақтамасада болушы ед.

Меннен гөрі сен оған көп қарайсың

Меннен гөрі сен оған көп қарайсың,
Ғашығың ба ол жаныңды өртке орайтын.
Әңгіме айтып, ашылып сырласпаған,
Қызықсыздау өзіңмен өткен ай-күн.

Меннен гөрі сен оған көп сөйлейсің,
Беріліп, бейімделіп кеткендейсің.
Кей сөзімді айтқанмен естімейсің,
Кей сөзді естісең де ескермейсің.

Меннен гөрі сен оны көп тыңдайсың,
Оңаша қалғанда да тек тұрмайсың.
Басқаны қоя тұршы деп өтінсем,
«Не бола қалды сонша?» деп тулайсың

Ешкім де жоқ жаныма етер медет,
Арамызды енді не лекерлемек?!
Сыры жоқ адамдардан алаңдаймын,
Өмірден өстіп сырғып кетер ме деп.

Кім өзі ол көрген сайын құнықтырған,
Қабырғаңнан қармағы іліп тынған.
Балаларға асығын лақтыртып,
Адамдарға ғашығын ұмыттырған.

Меннен гөрі сен оны көп сипадың,
Емі қонбас ендігі еш шипаның.
Ары қарап кеткен сол адамдарға,
Бер жағынан керек пе, бет сипауым.

Мен сенің жек көремін телефоныңды…!

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер