Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің қазасы туралы жантебірентерлік жазба арнады, деп хабарлайды "Адырна".
«Асқар тауымыз едің — аласармадың… Аспанға кеттің… Мәдиіңді ойлап мұң байладың… Сағиыңды сағынып сал шекпен жамылдың… Қатарыңнан жалғыз едің — соңдарынан кеттің… Қатарымнан жалғызбын — арттарында қалдым…. Ағалық жасап арқамнан қақпадың — әлжуаздықтан сақтадың…Көкем болып, көңілімді өсірмедің — кішілігім кем боп жақпадым… Жерлес ретінде жығылғанымда жебемедің — өз күшіме сендірдің… Сүйеніш болмадың — жансірілікке үйреттің… Тірегім болмадың — табаным таймастай тағаладың… Белімді бумадың — бекемдікке баулыдың… Алдымда жүріп, адымымды ұзарттың… Соңыңда қалдырмадың — ізіңде жүргенімді сездің… Қатарымды тептің… Тізеңді батырдың — Мен кештім… Биіктігіңе парапар, Пенделігіңді көрдім — Өзің де кеш… Өкпеге қисам да, өлімге қимадым… Сарыуайым — Сағынышқа айналдың… Қош… Бақұл бол…», деп жазды ол.