«Ұлттық қордан-балаларға» бағдарламасы бойынша алғашқы төлемдер қазақстандық бүлдіршіндерге түсе бастады, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Бағдарламаға қатысқан балалардың арнайы шоттарына 100,52 доллардан түсті.
Баланың ЖСН-ін сәйкес бөлімге енгізу арқылы kids.enpf.kz сайтындағы балалардың шоттарында қаражаттың бар-жоғын тексеруге болады.
2006 жылы және одан кейін туылған Қазақстан азаматтарының барлық балаларына жыл сайын Қазақстан Ұлттық қорының инвестициялық табысының 50 пайызы аударылатын болады.
Өткен жылдары балаларға есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамына инвестициялауды жалғастырады. Нәтижесінде оларға қосымша инвестициялық табыс есептелетін болады.
Балалар 18 жасқа толғанға дейін нысаналы талаптарға сәйкес шоттан қаражатты мерзімінен бұрын ала алмайды. Балалар 18 жасқа толған жылы қаражаттар нысаналы жинақтау шотына аударылады. Кейін кәмелетке толғаннан кейін жинақтар екі мақсатқа - тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және білім алуға ақы төлеуге пайдалануға беріледі.