Жақында ғана іске қосылған «Ұлттық қор — балаларға» жобасынан шу шықты, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі КТК телеарнасына сілтеп.
«Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасынан шу шықты.
15 қаңтар күні қордан ақша алатындардың нақты тізімі жариялануы тиіс. Дегенмен ата-аналар перзенті туралы мәліметтерді e-Gov электронды үкімет порталында тексеріп, дұрыс-бұрыстығына көз жеткізуде. Себебі кейбір тұрғын өз баласының орнына өзгенің аты-жөнінің тіркелгенін анықтаған.
"Балалардың болашағын!" деп былтырдан бері сүйіншілеткен жоба ағымдағы жылдың 1 қаңтардан бастап іске қосылған. Ал қаңтардың ортасында жоба қаражатына дәмелі 7 миллион баланың нақты тізімі жариялануы тиіс.
Тізім жарияланғаннан соң ақпан айынан бастап кәмелетке толмаған балалардың шотына қордың инвестиция табысының 50% түсіп отырады.
Ал жауаптылар 18-ге толмаған баланың деректерін eGov-тағы базаға енгізіп, тексеріп қою туралы айтты. Тексерістен кейін біраз қазақстандық өз баласының орнына өзге біреудің тіркелгенін көріп таң қалуда. Әсіресе азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірі оңды-солды интернетті кезіп жүргені тағы бар.
«Түсетін ақша бәрібір түссе, eGov-ты аңдып неміз бар» деген сауалға мамандар да жауап беруде. Айтуынша, баланың жеке сәйкестіндіру нөмірін «баланы қосу» батырмасын басып платформаға енгізу арқылы шотқа түскен ақшаны бақылауға болады екен.
Алдын ала есептеулер бойынша, 2024 жылы туған нәрестенің шотына 18 жылда 3 жарым мың АҚШ доллары жиналады. Бала кәмелетке толғаннан кейін де шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталады. Егер бірнеше жыл бойы азамат қаражатты пайданалбаса көлемді қаржы зейнетақы шотына аударылады. Балалар мемлекеттен бөлінген қаражатты білім алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады.