Қазақстан Азаттық радиосының 36 тілшісіне аккредитация бермей жатыр, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосының тілшілеріне аккредитация бермейтінін мәлімдеген. Бұл туралы Азаттық сайты жариялады.
Елдің сыртқы істер министрлігі шетел ақпарат құралының тілшісіне аккредитация беру немесе бермеу туралы шешімді өтініш түскен күннен бастап екі ай ішінде қабылдауы керек. Аккредитация берілмеген жағдайда министрлігін шешімін негіздеуі де қажет.
Ал Азаттық редакциясы тиісті құжаттарды бір емес, бірнеше рет және уақытылы тапсырған. Дегенмен министрліктен аккредитация ала алмағанын айтады.
Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 36 тілшісіне аккредитация бермей қойған. Аккредитацияланбаған қызметкерлер қатарында 2022 жылдан бері рұқсаты созылмаған журналистер бар. Осыған қатысты Азаттық редакциясы өз мүддесін сотта қорғайтынын хабарлады.
Одан бөлек, Қазақстанда аккредитациясы жоқ шетел БАҚ-тың жұмысына тыйым салу ұсынылды. Үкіметтің масс-медиа туралы жаңа заң жобасына шетел ақпарат құралдары мен журналистерін аккредитациялау ережесіне қатысты түзетулер енгізілмек.
Депутаттар ұсынып отырған өзгертулер сыртқы істер министрлігіне "Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда" шетелдік БАҚ журналистеріне аккредитация бермеу құқығын береді. Ал аккредитация алмаған шетел ақпарат құралдары мен шетел журналистеріне кәсіби журналистикамен айналысуына тыйым салуды қарастырмақ.