КҚК терминалына шабуыл. Астана "айтарлықтай алаңдаушылық" білдірді

487
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/WRsa2i4iKqo9MVFBEfGHDFDkvi3KHavoAvanqaXR.webp

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев Қара теңіздегі мұнай танкерлеріне қатысты оқиғалар жөнінде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

СІМ жағдайды бағалау және халықаралық құқық нормаларын сақтау мақсатында бірқатар еуропалық мемлекеттердің елшілерімен шұғыл кездесулер өткізілгенін мәлімдеді.

«Министрлік 13 қаңтарда Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының теңіз терминалына бет алған үш танкерге ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы жасалған шабуылдарға байланысты айтарлықтай алаңдаушылық білдіреді. Осы орайда бірқатар еуропалық мемлекеттердің елшілерімен өткізілген шұғыл кездесулер, сондай-ақ америкалық тараппен және өзге де шетелдік серіктестермен болған байланыстар барысында халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтай отырып, көмірсутегін тасымалдаудың, оның ішінде теңіз жолдарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдаудың маңыздылығына ерекше мән бердік»,-делінген хабарламада.

Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның ешқандай қарулы қақтығысқа қатыспайтынын, жаһандық және еуропалық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып келе жатқанын және энергия ресурстарын жеткізудің үздіксіздігін халықаралық талаптарға сәйкес қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, шабуылға ұшыраған танкерлердің барлық қажетті рұқсаты бар екені және талап етілген сәйкестендіру жабдықтарымен қамтамасыз етілгені айтылды.

«Соңғы уақытта мұндай оқиғалардың жиілеуі халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның қалыпты жұмыс істеуіне төнетін тәуекелдердің артып келе жатқанын айғақтайтынын атап өтеміз және серіктестерімізді алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында бірлескен шаралар әзірлеу үшін тығыз өзара іс-қимыл жасауға шақырамыз»,-деп толықтырды СІМ.

Еске салайық, 13 қаңтарда Каспий құбыр консорциумы маңында Қазақстаннан келетін мұнайды күтіп тұрған екі танкерге дрон шабуылдаған еді. Шабуылды ешкім мойнына алған жоқ.

Пікірлер