Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы тіл жанашыры Руза Бейсенбайтегінің жағдайына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«24 қаңтар күні сағат 16:20 шамасында 103 нөміріне Павлодар қаласында әйел адам көшедегі азаматтарға агрессия танытып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына келген медициналық бригада психикалық ауытқулары белгілерімен 66 жастағы әйел адамды облыстық психикалық денсаулық сақтау орталығына жеткізді»,—делінген хабарламада.
Басқарманың баспасөз қызметі орталық дәрігерлері тарапынан Руза Бейсенбайтегіне екі күн бойы ем қабылдау шаралары жасалғанын атап өтті.
«Медицина қызметкерлерінің қарауынан кейін денсаулық жағдайының жақсаруына орай консилиум шешімімен науқас диспансерлік бақылау ұсынысымен үйіне қайтарылды. Денсаулық сақтау саласындағы заңнамаға сәйкес, алдағы уақытта науқастың психикалық ауытқулары нашарлап, айналасындағы адамдарға зиян келтіру ықтималдығы қайта байқалған жағдайда, ол емдеуге жіберілетін болады»,—деп толықтырды облыстық денсаулық сақтау басқармасы.