Солтүстік облыстағы атқамінерлер Президенттің саясатына қарсы ма?

2795
Adyrna.kz Telegram

Естеріңізде болса, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа президенттік қызметіне кіріскен сәтте, ең бірінші ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы жарлыққа қол қойды. Ел басшысы ауылдарды көркейтейік, дамытайық деп бастама көтеріп отырғанда, Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар атқамінерлері ауылдарды жабуға жанталасып күш салуда.

2024 жылғы 23 қаңтар күні Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында жиын өтті. Бұл жиын – осы аудандағы Амангелді, Суаткөл ауылдарын тарату туралы Жамбыл ауылдық округі әкімдігінің ұсынысына орай өткізілді. Жамбыл ауылында өткен отырысқа Амангелді, Суаткөл ауылдарының тұрғындары қатысты. Қазақстан Республикасының ауылдық жерлерді жою туралы заңының 8-бабын алға тартқан Жамбыл ауылдық округінің әкімі Нұржан Тұрсынбаев осы округтегі Амангелді, Суаткөл ауылдарының жабылатыны туралы мәлімдеді. Себеп? Себебі, аты аталған ауылдардың тұрғындар саны заң талабында көрсетілгеніндей, 50 адамнан аз. Алайда Суаткөл, Амангелді ауылының азаматтары бұл уәжбен келіспейтінін айтады.

Суретте ауыл әкімі Н.Тұрсынбаев

Жамбыл ауылдық округінің әкімі Нұржан Тұрсынбаев: «Заң бар. Біз сол заңға сәйкес жұмыс істейміз. Заңда ауылда адам саны 50-ден кем болмауы көрсетілген. Сіздер айтып отырған Амангелді, Суаткөл ауылдарының тұрғын саны 50-ден аз. Жыл сайын екі рет ауылдарды аралап, қанша адам тұрып жатқаны туралы есеп жүргіземіз. Сол есепке сай осы екі ауылдағы халық саны 50-ге жетпейтін болғаны үшін оларды жабу туралы бастама көтерілді», - дейді. Сондай-ақ, ол екі жыл бұрын ауыл азаматтары көші-қон бағдарламасымен оңтүстіктен отбасыларды көшіріп әкелетінін айтқанын, алайда ешкім көшіп келмегенін алға тартты. Амангелді, Суаткөл ауылдарын тарату туралы шешім қабылдаушы 4 адамнан тұратын жергілікті қоғамдастықтың бір өкілі Нұржан Кенжеғозин басқа аймақтан арнайы бағдарламамен көшіп келген азаматтардың көбі кері көшіп кеткенін, көп адамның ауылдарда тұрақтамайтынын айтады. Аталмыш ауылдардан өз тұрғындары көшіп жатқанда, басқа аймақтан көшіп келген адам қалай тұрақтап қалсын? Ауыл халқы тұрақтап қалуы үшін ауылдың инфрақұрылымы талапқа сай болуға тиіс. Ал ол инфрақұрылымды жергілікті атқарушы билік өкілдері жүзеге асыруға тиіс. Ауыл мен халыққа жағдай жасауы керек әкім-қараларға Амангелді мен Суаткөлдің атын картадан өшіре салу анағұрлым дұрыс сияқты.

Суретте Амангелді ауылы

Қыс маусымында көлік қатынасы қиындайтын, жолдары ойық-шұқыр, ал ауыз су проблемасы шешімін таппаған ауылдарға кім көшіп барсын? Біздің тарапымыздан қойылған бұл сұраққа Жамбыл ауылдық округінің әкімі Н.Тұрсынбаев та, шешім шығарушы қауымдастық өкілі Н.Кенжеғозин да жауап бермеді. Әкім Н.Тұрсынбаев ауылды жабу туралы заңды алға тартпас бұрын, округтің әкімі ретінде заңмен бекітілген міндеттерін толығымен орындағанын тізіп айтып берер деп күткеніміз бекер болды. Сонымен қатар Амангелді, Суаткөл ауылдарын екі жыл бұрын болашағы жоқ ауылдар қатарына қосып қойған жергілікті билік өкілдері «ауылымызға ешкім келмейді» деп шағымдануын қалай түсінбек керек?  

Суретте Сайын Шаймерден

Амангелді ауылының азаматы, танымал журналист Сайын Шаймерден: «Қазіргі кезде «Екпін-2002» ЖШС-нің басшысы Екпін деген біреудің Өмірсерік Әбиев атты баласы 4000 қойын ауылымыз Амангелдіде жайып отыр. Ауылдағы мектептің де күл-талқаны шығып, қирап жатыр. Бұл мәселеде халқы жоқ ауылды адамға толтырып, көркейтіп, дамыту емес, керісінше ауылды жойып, жерді босатып, иемденуге жанталастың сұлбасы байқалады. Ауылда заңды, тұрақты тіркеуде қазір ондаған адам тұр. Соған қарамастан, жергілікті атқарушы билік өкілдері ауылды жабудан басқаға бас ауыртқылары келмей отыр.Президентіміз ауылдарды көтерейік, көркейтейік деп ауқымды жұмыстар атқаруға шақыруда. Ал бізде бар ауылды жойып, босаған жерді ұстағанның-қолына, тістегеннің –аузына беруге жанталас басталды. Зұлмат ашаршылықта да, соғыс заманында да жабылмаған ауылымыз айдың-күннің аманында жабылатыны жанымызға батады», - дейді.

Суретте жазушы Сафуан Шаймерденовтің қара шаңырағы

Сөз болып отырған Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданындағы Амангелді ауылы – қазақтың көрнекті қаламгері, драматург, Қазақстанның халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтің туған ауылы. Жазушының қара шаңырағы Амангелді ауылында қаз-қалпында сақтаулы тұр. Тарихи тұлғаның табаны тиген туған ауылын ел азаматтары сақтап қалайық десе де, Жамбыл аудандық атқамінерлер мәселені шешуді бір-біріне сілтеп, шаруаны сиырқұйымшақ етуде.

Жамбыл ауылындағы жиынға қатысқан ел азаматтары бұл істің астарында Амангелді, Суаткөлді жауып, босаған жерлерін иемденгісі келген әлдекімнің қитұрқы әрекеті болуы да мүмкін екенін айтады. Қазірдің өзінде «Екпін-2002» ЖШС Амангелді ауылына тиесілі 260 гектар жерді жалға алып, мал жайып отыр.

Суретте ауыл азаматтары

«Ауылымызға тиесілі үш мыңдаған гектар жер ондаған жылдар бойы пайдаланылмай жатыр. Сол жерлерді игерейік, мал асырап, егін егейік десек, жергілікті билік өкілдері түрлі сылтауды алға тартып, бермейді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев игерілмеген жерлерді кері қайтару туралы арнайы қаулы да қабылдады. Ал біздегі жағдай мынадай! Мыңдаған гектар жеріміз барына қайтейін, бір тамшы пайдасын көре алмай отырған соң. Осыдан екі жыл бұрын Қытайдағы қандастарымыз бір ауыл болып көшіп келгісі келді. Мал өсіріп, егін егеміз деді. Өкінішке қарай, жергілікті басшылардың «бос жер жоқ» деген жауабынан кейін қандастарымыз келуден бас тартты. «Біз Қытайда да жалданып жұмыс істеп, құлдың күйін кешіп жүрміз. Атамекенімізге барып та жалдамалы жұмыс істегіміз келмейді. Өз кәсібімізді дөңгелетіп, елге де, жерге де пайдамыз тисе дейміз», - деді олар. Осылайша келейін деп отырған адамдардан айырылып қалдық», - деп күйінеді Амангелді ауылының азаматы Жапар Төлегенов.

Суретте Амангелді ауылындағы мектептің орны

Жамбыл ауылдық округінің әкімі Нұржан Тұрсынбаев та, Жергілікті қоғамдастық өкілі  Нұржан Кенжеғозин да «ауылымызға ешкім келмейді. Ауылда адам жоқ» дейді. Ашығын айтқанда, қирап-қаңырап бос жатқан ауылдарына адам түгілі, итті байласа, тұрар ма еді? Қоныс аударатын әрбір азаматтың ең бірінші қалауы – мал өсіріп, егін егу. Өкінішке қарай, Солтүстік Қазақстан облысындағы мыңдаған гектар жерлер санаулы кісілердің уысында. Көшіп келем деушілер әлгі кісілерге жалданып жұмыс істеуі керек, болмаса, өз кәсібін игерем дейтіндерге жалға беріле қояр жер жоқ. Барлық проблеманың да туындайтын тұсы да – осы.  

Суретте Амангелді ауылының жерін жалға беру құжаты

2022 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мен сайлауалды сөздерімде ауылды өркендету ісіне баса назар аудардым. Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. «Ауыл – ел бесігі» деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы жарлыққа қол қоямын», - деп елордадағы Тәуелсіздік сарайында өткен ұлықтау рәсімінен кейін үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы шекаралас ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше назар аударылатынын да сол жиында қадап айтқан болатын. Естеріңізге салып өтейік, Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы шекаралық аймаққа жатады. Ал Жамбыл ауданының әкімі Азамат Бектасов пен осы аудандағы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Нұржан Тұрсынбаев Амангелді, Суаткөл ауылдарын жауып, аңыраған бос далаға айналдыруға неге күш салуда? Жамбыл ауылында өткен жиында ауыл әкімі Н.Тұрсынбаев бұйрықтың Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатынан келгенін алға тартумен болды. Олай болса, Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты Владимир Бубенко да мемлекет басшысының бастамасымен, тұжырымдама, бағдарламаларымен келіспейтін болғаны ма? 

2023 жылғы 4 желтоқсан күні Астанада өткен брифингте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те аймақтағы жабылу алдында тұрған ауылдарға қатысты тоқталып: «Облыста 635 елді мекен бар. Оның 125-інің халық саны 50-ге де жетпейді. Тағы 39 ауылда тіпті 3-4 адам ғана тұрады. Жалпы, өңірде халқы санынан да, аумағы жағынан да талаптарға сай келмейтін елді мекендер көп. Алайда, болашағы жоқ ауылдарға қатысты сұрақтарға біз өте мұқият қараймыз. Ауыл тұрғындарымен, кәсіпкерлермен сөйлесіп, бұл мәселені әлі де қарастыратын боламыз»,- деген болатын. Өкінішке қарай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің де үкімді сөздері Жамбыл ауданы мен ауылдық әкімдерін тоқтатпай тұр.

P.S. Соңғы келіп жеткен ақпаратқа сүйенсек, Жамбыл ауылында өткен жиынның хаттамасында Амангелді, Суаткөл ауылдарын тұрғындары толық көшіп кетпегеніне байланысты таратылмайтыны туралы шешім қабылданыпты. Алайда Жамбыл ауданының әкімі Азамат Бектасовқа осы мәселемен арнайы барып-қайтқан Жапар Төлегенов: «Аудан әкімі Азамат Бектасов соңғы нүктені Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаты қоятынын айтып, шығарып салды»,- дейді. Амангелді, Суаткөлдің халқы ауылдарын сақтап қалу үшін бар күшін салатынын, мәселені Парламентте көтеріп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа да хат жолдайтындарын мәлімдеді.

Меруерт ХУСАИНОВА,
Солтүстік Қазақстан.

Пікірлер