"Оралдан ән оздырған Мұқит ағаң". Әншінің туғанына – 185 жыл

148
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/Hxq6TBaC04a3yZldJ5MyE4fnOyngKcZxGHNWcpjl.jpg

Бүгін, 7 қыркүйекте халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы Мұхит (Мұхамбеткерей) Мерәліұлының туғанына 185 жыл толып отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ол – Әбілқайыр хан әулетінен шыққан Қаратай сұлтанның немересі. Оның Паңгерей, Шәңгерей, Сақыпкерей, Жанша және Жүсіп есімді туған ағалары да өнерге жақын болған.

Мұхит Орынбор, Қостанай, Жаманқала (Орск), Қазалы, Троицк, Ақтөбе, Арал және Атырау өңірлерін аралап, өзінің әншілік өнерімен елге кеңінен танылған. Халық оны «Әнші Мұхит», «Сал Мұхит» деп атаған. «Дүние-ай», «Зәуреш», «Паң көйлек», «Қыпшақ», «Дөң асқан», «Кербез» сынды шығармалары оның орындаушылық қырының алуан түрлі екенін көрсетеді.

Белгілі музыка зерттеушісі Александр Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» және «Қазақтың 500 ән мен күйі» еңбектерінде Мұхит Мералыұлын «қазақтың Баяны» деп бағалаған. Сондай-ақ ол Батыс Қазақстандағы Мұхит шығармашылығын жеке ән мектебі ретінде қарастыру қажеттігін атап өткен.

Мұхит Мерәліұлы тек әнші әрі ақын емес, күйшілік өнерді де меңгерген тұлға болған. Ол Боғда, Есбай, Тазбала, Сәулебай, Абыл күйлерін әсерлі орындап қана қоймай, өзі де күй шығарған.

Өнерпаздың әншілік, ақындық және күйшілік мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, балалары Шоң мен Нәу, немерелері Шайхы, Лұқпан және Ғұбайдолла арқылы кейінгі буынға жеткен.

Мұхит Мерәліұлы 1918 жылы дүниеден озды. Оның шығармашылық мұрасы қазақтың дәстүрлі ән өнерінің алтын қорында сақталып келеді.

Пікірлер