Бір қарағанда сұрақты бұлай қоюға болмайтын сияқты. Қисын мынада: ауыл тұрғындары, орта және жоғары оқу орындарын қазақ тілінде бітіргендер, қазақтілді БАҚ-ның журналистері, филологтар, жазушылар қазақша біледі. Көпшілік осы қисынды қабылдап алған.
Қазақ тілінде көркем шығармалар басылып, монографиялар жазылып, диссертациялар қорғалып жатыр. БАҚ арқылы ақпарат таралып жатыр. Мектеп қазақ тілінде білім беріп жатыр,.. Осылардың бәрі тілдің өз қызметін атқарып жатқанын, бұл тілді білетін адамдардың бар екендігін көрсетпей ме?
Көрсетеді немесе көрсетпейді деген нық тұжырым айтудан бұрын бұған қарама-қарсы екінші тенденцияға назар салу керек: қазақ баласы ұлттық аурасы тұнып тұр деп саналатын, туған үйінен тіл біліп шықпайды. Балабақша сәбиге тіл үйрете алмайды. Мектеп арнайы бағдарламамен, оқулықпен, әдістеме қолданатын мұғалімнің күшімен, баға қойып ынталандырып, регламенттеп оқытып шәкіртке қазақ тілін білгізіп шығармайды. Ауыл мектебін, сонан кейін, ЖОО-ны қазақша бітіріп, өндіріске келген маман қызмет бабы қажет ететін мөлшерде қазақша сөйлеудің үлгісін көрсете алмайды, бірден орысшаға ауысып кетеді.
Елде ондаған жылдар бойы жүзден астам тіл үйрету курстары жұмыс істейді. Бірақ, олардың ешқайсысы қазақ тілінде ресми ақпаратты жеткізе алатын бірде бір адам дайындап шығарған жоқ. Шығара алмайды да.
* * * *
Бұл тұстағы мәселенің үлкені тіл төңірегінде қалыптасқан ахуалда емес, құбылыстың өзінің не себептен туындап отырғанында, этиологиясында болып отыр. Тілді тығырыққа әкеп тіреген қандай күш? Міне, осы фактор дұрыс түсіндірілмей келеді. Қатардағы бұқараның кәлласында ғана емес, филолог атаулының санасында мығым орнығып алған тәпсір мынау: «шенеуніктер қазақша сөйлемейді». Барша жұрт қазақ тілінің алдында тұрған кедерігінің бәрі осыған тіреліп тұр деп ойлайды.
Иә, шенеуніктердің ресми ақпаратты қазақша жеткізе алмай жүргені рас. Олай болса, неге оларға ана тілінде сөйлеудің үлгісін көрсетіп, оқытып жібермейміз?
Оқытып жібере алмаймыз. Өйткені, шенеуніктерге дұрыс сөйлеудің үлгісін көрсетіп, оқытып жіберетін күштің өзі жоқ.
Бізде қазақ тілін «анау білмейді», «мынау білмейді» деп, зиялы атаулының өзара, бірін бірі көзге түртуі бар. Мұндаймен адым аттаған сайын ұшырасамыз. Алайда, осыны айтып жүрген, «тіл білетіндердің» арасында ресми ақпаратты дұрыс жеткізудің үлгісін көрсете алатын да ешкім жоқ.
Айтып-айтпай не керек, біз бұған дейін тіл субъекттері туралы ғана, «біледі-білмейді» деңгейінде сөз етіп келеміз. Объекттің – демек, тілдің өзінің индустриялы қоғам жағдайындағы күйі туралы сөз қозғамаймыз. Қазақ тілінің мемлекеттік іс басқаруда, халықаралық қатынастарда, қаржыда, бизнес жүргізуде, ғылымда, техникада, технологияда, әскер ісінде,.. болып жатқан үдерістер мен құбылыстарды ресми стильде репрезентацияуға әлеуеті жетіп жүр ме? Мінеки, тілге қатысты сөз қозғалғанда бірінші кезекте талқылауға түсетін мәселе осы болуға тиіс еді.
Қазақ тілінде индустриялы қоғам өмірін сипаттайтын контент жоқ, әдеби нормаға түсірілген лексикалық корпус те құрылған жоқ. Индустриялы қоғамның қойнауларында болып жатқан үдерістерді қазақ тілінде, ресми стильде жеткізуді жүзеге асыруға қажетті шарттар да жасалған жоқ.
Қазақша сөйле деп, кез келген шенеуніктің шаужайынан ала түсетіндердің әрекеті корректілікке жатпайды. Егер, шенеунік жеткізе алмаған ойды, «қазақша өзің жеткізіп көрсетші» деп, жазғырушының өзіне бере қойса не болар еді? Қазақша сөйлеуді табанды талап етіп жүрген депутатыңыз, айтылар ойды қалай жеткізерін білмей, аузын буған өгіздей, мелшиіп тұрып қалар еді.
Өз арамызда «адамдар қазақ тілінде дұрыс сөйлемейді» деген реніш жиі естіледі. Бір ескерерлігі, олар тек шенеуніктер арасынан іздестіріледі. Дұрыс сөйлемеудің қазақ тілінің контентін және оны бұқараның құлағына жеткізудің нормаларын жасайтын адамдардан бастау алып отырғанын, бүлінгеннің бәрі солардың үлгісімен таралып жатқанын ешкім аңғармайды.
Академиялық ғылыми мекемелерде дайындалған оқулықтар мен сөздіктердегі қателерді жіберетіндер кімдер – дәрежеленген филологтар.
Стилистикалық қателерге малшынған мәтіндерді БАҚ арқылы таратып отырғандар кімдер – журналистер.
Орыстілді субъектінің рухани сұранысына татитын, тіл үйренуге қажеттілік тудыратын контент жасай алмай отырғандар кімдер – жазушылар.
Филолог, журналист, жазушы – тілді түзейтіндер де, бүлдіретіндер де осылар. Тіл тағдыры осылардың қолында. Қатардағы шенеуніктің, инженердің, құрлысшының, мұғалімнің,.. дұрыс сөйлей алмауының себебі де олардың аталған үш категорияға енетін адамдар жасап берген, аномалияға малшынған контенттен суарылып отыруымен түсіндіріледі.
Қазақтілді мектеп пен филология факультеттерінде синтаксис пен стилистиканы теріс оқыту, сөйлем құрай алмаудың үлгісін көрсету, мектеп пен ЖОО-ны қазақша бітіргеннен кейін, қоғамдық қызметке араласқанда, орыс тіліне ауысып кететін мамандар дайындау,.. – бәрі, бірінші кезекте, филологтардың қолы. Олардың араларынан аграрлы қоғамда қателерге көміліп шыққан тілді индустриялы қоғамда әмбебап қолдануға дайындау қажеттігін түсінуге зердесі жететіндер табылмай отыр.
Ескі Қазақстанның ессіз ұраны: «Қазақ тілін шенеуніктер меңгерсін, билік оларды мәжбүрлесін, ол үшін әрекеттегі заңның орыс тілінің ресмилігі бекітілген тармақ алынып тасталсын». Ғылыми негізсіз, құқықтық сауатсыз екендігі қарусыз көзге көрініп тұрған осындай талаптармен тіл жанашырлары 30 жыл бекер шулап келді. Тілді тежеуші факторлар – сөздіктердің қателерге тұнып тұруы, оқулықтың оңбауы, қазақ тілінде заманауи азаматтың талғамына татитын контент болмауы, толыққанды қазақтілді ортаның қалыптаспауы,.. бәрі шенеуніктердің кесірінен емес, филологтардың кәсіпқойлығының кемшіндігінен орын алып келгенін түсіну қиынға соқпаса керек еді.
* * *
Көптің наразылығына ұшырау қаупі бола тұра, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы қазақтілді мектептегі білім деңгейі туралы халықаралық ұйымның берген бағасын жариялауы бұл төңіректе қалыптасқан ахуалға объективті сараптама беру мүмкіндігіне жол ашып отыр. Түрлі елдердегі білім беру деңгейін айқындаумен айналысатын халықаралық ұйым (PISA) «Қазақ мектебіндегі оқушының 64 %-ы қазақ тілінде оқыған мәтінді түсінбейді, оны қорытып, ойын ауызша-жазбаша жеткізе алмайды» деген қорытынды шығарып берген екен.
PISA көрсетіп отырған 64 % дегенде үстірттік бар, әрине. Нағызында, жағдай әлде қайда нашар. Өйткені, қазақ тілінің әдеби нормаға түспеген, қателерге көмілген күйі мектеп оқулықтарынан да, сабақ беріп жүрген мұғалімнің тілінен де синхронды көрініс береді. Оқушы қоймалжың тіл шатыры астынан сытылып кете алмайды.
Осы ахуалға тура қатысы бар фактор – мұғалімнің тілі. Мектеп мұғалімдері бағдарламалық материалды ғылыми стильде жеткізе алмайды, тұрмыстық («жалпақ тіл») стилде, шашыратып береді. Терминдер мен ұғымдарды шатастырып сөйлеу, пунктирлік форма сияқты,.. тіл қолданыстағы аномалияның тұрпатты үлгілерін мұғалімнің тілінен табасыз. Мектепті қазақ тілінде бітіріп шыққан түлектер ғылыми-техникалық терминдерді айтпағанда, әлеуметтік, тарихи-мәдени салаларда жиі қолданылатын ұғымдардың мағынасын ажыратпай шығады. Стилистикалық тұрғыдан дұрыс құрылған сөйлемді, мұғалімді қойып, дәрежеленген филологтардың мәтіндерінен табу оңайға соқпайды. Академиялық ғылыми-зерттеу мекемелерінің «мамандарында» болмаған ресми стильдер туралы түсінік ауыл мұғалімінде қайдан болсын. ЖОО-ның профессоры үш беттік ғылыми сараптамасында 48 қате жібергенде (осы сорақылық туралы әлеужеліде жарияланған), сол «профессордан» «сабақ алып», филология факультетін «бітіріп» шыққан ауыл мұғалімінің әр беттен 48 қате жіберуге құқығы жоқ деп кім айта алады? Оқушының бағдарламалық материалды ұқпауының бірден бір және субстанциялы себебі осында жатыр.
Қазақ тілін мектептен оқушы меңгеріп шыға алмағанда, сабақ беретін мұғалім бағдарламалық материалды ресми стильмен жеткізе алмағанда, тіл мамандарының өздері сөйлемдерін дұрыс құра білмеген жағдайда, шенеунік неге қазақша сөйлемейді деген сұрақты алға шығарудың не жөні бар?
Қанағат ЖҮКЕШ