Қазақстан наурызда бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді

1580
Adyrna.kz Telegram
фото: Kyzylorda News
фото: Kyzylorda News

1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнатылады. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Осылайша Қазақстанда 5-ші уақыт белдеуі (UTC+5) қолданылмақ.

«Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 23 қарашадағы N 1749 қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, «Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа қою керек»,—делінген хабарламада.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қазақстанда UTC+5 және UTC+6 екі уақыт белдеуі бар. Ел аумағының көп бөлігі (батыс облыстарды қоспағанда) UTC+6 аймағында орналасқан.

Елімізде бірыңғай уақыт белдеуін орнатуды уақытты есептеу мәселелері жөніндегі жұмыс тобына кірген қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар ұсынған.

Жұмыс тобы 2023 жылдың ақпанында қазақстандықтардың ең қолайлы уақыт белдеуіне көшу туралы бірнеше мәрте келіп түскен өтініштеріне байланысты құрылған. Оның құрамына ғылыми институттардың, медициналық жоғары оқу орындарының, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, Парламент депутаттары кірді.

Өткен жылдан бастап медицина, физиология, география,метрология және басқа да түрлі салаларды қамтитын жұмыс тобының мүшелері Қазақстанда қолайлы уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеп келеді. Жұмыс тобына қатысушылар UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшу ең дұрыс және оңтайлы нұсқасы екенін және Қазақстанның көптеген аймақтары табиғи уақытқа ең жақын уақытты пайдаланатын болады деген ортақ пікірге келді.

Пікірлер