Маңғыстау және мұнай. Ақтауда аққулар өліп жатыр...

1777
Adyrna.kz Telegram
Фото: Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының мамандары
Фото: Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының мамандары

14 қаңтардағы соңғы мәлімет бойынша, Маңғыстау облысында 988 өлі аққу табылған. Бұл туралы аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

“Қаракөл көлінен 968 өлі аққу табылды. Сондай-ақ Қарақиян аймағындағы теңіз жағасынан 20 өлі құс табылды. 14 қаңтардағы мәлімет бойынша өлген құстардың саны 988 басқа жетті”, - дейді инспекция басшысы Ғаббас Досатов.

Қарақиян ауданының әкімдігі Құрық ауылы маңындағы теңіз жағасынан өлген 20 аққудың өлексесі табылғанын растады. Аудан әкімінің орынбасары Асан Чукин тұрғындардың теңіз жағасына шығуына уақытша шектеулер енгізілгенін айтты.

Еске салайық, аққулардың өлімі туралы алғаш рет өткен жылдың желтоқсан айының соңында сөз болған. Зерттей келе, ғалымдар өлімнің себебі құс тұмауы деген қорытындыға келді. Алайда, кейінірек сарапшылар тұмау вирусының қайталама сипатқа ие екендігін және жаппай өлімнің негізгі себебі азықтың жетіспеуі мен суықтың әсері деген болжам жасады.

9 қаңтарда экологтар Rixos қонақүйінен шығып жатқан оғаш су ағындыларын зерттеп жатқаны туралы ақпарат пайда болды. Квадрокоптерден түсірілген видеода қазір құстар қырылып жатқан Қаракөл көліне қара судың тікелей ағып жатқанын көруге болады.

Rixos Water World Aktau қонақүйінің бас менеджері Серік Исағалиев қонақүйден тазартылған ағынды судың Қаракөл көліне ағып жатқанын растады. Қонақүй салу кезінде орталық кәріз жүйесінің болмауына байланысты, ағынды суларды тазарту және көлге ағызу жобасы мақұлданған.

Ол қонақүйде барлық қажетті рұқсат құжаттары бар екенін және "Rixos Water World Aktau" Қаракөлдегі трагедияны объективті тергеуге мүдделі екенін атап өтті.

Осы іске қатысты «Табиғат» республикалық аңшылар қауымдастығының вице-президенті Айтуар Туғанбеков Rixos қонақүйінен тазартылған суды Қаракөл көліне ағызу жобасына үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізді.

 

”Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер