Желіде Алматыдағы Райымбек даңғылы Қалқаман шағынауданына қарама-қарсы кері бұрылатын эстакада тақталарының жігі ажырағаны көрсетілген видео тарады. Бейнежазба тарағаннан кейін қала әкімдігі жауап берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Видеода екі плита арасы 20 сантиметрге жеткені айтылады.
Қалалық мобилділік басқармасы мамандарының мәліметінше, деформациялық жіктің ұлғаюы қалыпты құбылыс.
«Казахский Промтранспроект» ЖШС мамандарымен барып көзбен көрдік, ауа райы салдарынан туындаған деформациялық жіктің ұлғаюы пайдалану кезінде болатын көпір құрылымындағы аралық құрылыс үшін қалыпты жағдай. Қыста бетонды құрылым жиырылатындықтан деформациялық жік ұлғаяды, жазда керісінше болады, — деп мәлімдеді Алматы әкімдігінің қалалық мобилділік басқармасы.
Дегенмен эстакадада проблема бар, бұл туралы бұрын белгілі болған еді. Мамандар толтырғышы бар резеңкелі өтемдеуіш ығысқанын анықтады. Сондықтан оны жөндеу жұмыстары биылға жоспарланды.
Қазір көпірде қозғалысты шектеуге себеп жоқ, бірақ жүргізушілер жылдамдық (40 км/сағ) сақтауға тиіс.