Бүгін, 10 қаңтар күні еліміздің әдебиет, мәдениет және өнер басылымы - «Қазақ әдебиеті» газетінің шыға бастағанына 90 жыл толды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Газеттің алғашқы саны 1934 жылы 10 қаңтарда жарық көрген. Газеттің алғашқы санында «Қазақ әдебиеті» - ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын» деген сөз беташар ретінде үлкен әріптермен терілді. Алғашқы бас редактор - Ғабит Мүсірепов, жауапты хатшы - Мұхамеджан Қаратаев болды.
Ал ақылдастар алқасында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов сияқты ұлт қайраткерлері қызмет атқарған.
“Қазақ өдебиеті” газетінің алғашқы жылдарында оның беттерінде қазақтың көрнекті жазушысы Мухтар Әуезовтің ғылыми-өдеби зерттеулері, басқа мақалалары көптеп жарияланған. Автордың “Қырғыз дастаны — Манас”, “Қазақтың халық музыкасы жөне музыка театры”, “Қазақстанның көркем өнері”, “Қазақ сахнасындағы аударма пьесалар” атты мақалалары жарық көрді.
Сондай-ақ, газет оқу-ағарту, білім, ғылым саласындағы әралуан көкейкесті мәселелерді сөз етеді. Кино, театр сынды келелі тақырыптарын кеңінен толғап, белгілі әдебиет, өнер қайраткерлерімен сұхбат жүргізіп, олардың жаңа шығармашылық туындыларын оқырмандарға таныстырып отырады.
Газеттің бас редакторы – Дәурен Қуат.