Бастан көшкен дәурен. Назарбаевтар Лондондағы мүлкін америкалық зейнеткерлерге сатқаны айтылды

3743
Adyrna.kz Telegram

Назарбаев әулетінің Лондонның қақ төрінде аспан тіреген үйлерін жапатармағай сатып жатқаны анықталды.  Orda.kz журналистерінің жүргізген зерттеулерінде, Назарбаевтардың Лондонда, Бейкер-cтритте, жері мен бірқатар ғимараттары болғаны айтылады. Конан Дойл шығармасында суреттеген Шерлок Холмс пен Ватсон дәрігер шынайы өмірде болса, Назарбаевтармен көрші болатын еді дейді шендестіруге шебер журналистер. Бұл жайлы "Адырна" ұлттық порталы жазды.  

Лондондағы үйлер ресми түрде Fairmont Baker Street Limited компаниясының атына тіркелген. Барлығы кезінде 140 миллион фунт стерлингке сатып алынған.  Дегенмен, дәуір бітті, дәурен көшті.

Ағылшындардың астанасындағы Бейкер-стрит 221б мекенжайында орналасқан мүліктердің 90% пайызы Дариға Назарбаеваға, 10% пайызы ұлы Нұрәли Назарбаевтың атында екендігі жасырын емес. Оларды ресми Назарбаевтардың атына тіркеу 2008-2011 жылдар аралығында жүрген. Мұны сәтті жүзеге асырған Farmont Baker Street, тіпті, 2005 жылы Рахат Әлиевтің құрметіне Лондоннан жылжымайтын мүлік алған.

Farmont Baker Street-тің басшылығына 2009 жылы Мұхаммед-Әли Құрманбаев келеді. Оның майшелпекті асауына Нұрәлі Әлиевтің қатысы бар. Себебі,  Құрманбаев 2007 жылдан бері  Әлиевтің мүддесіне жұмыс істеген.

Orda.kz тілшілері Farmont Baker Street-тің екі құрамдас компаниясы бар екендігін анықтады (2016 жылға дейін). Олар -  Dynamic Estates Ltd және Parkview Estates Ltd. Аталмыш компаниялар Бейкер көшесіндегі жылжымайтын мүлікті және Хайгейт ауданындағы үйді иеменденген. 2009-2014 жылдары барлық үш компанияның басшысы Құрманбаев болған.

Мүлік сатылды ма, мирасқа қалды ма?

«Выход к морю» телеграм арнасы Қазақстанның бұрынғы президентінің тұңғыш қызы Дариға Назарбаеваның Лондондағы өз мүлкінің "жоқтауын асырғанын" жазды. Жарияланған мәтінде Лондондағы Бейкер көшесіндегі бірнеше ғимараттар, соның ішінде Бейкер стрит 221б ғимараты сөз болады.

Деректерді жіпке тізген авторлар 2022 жылы Farmont Baker Street-тің заңдық мекенжайы, тұтас деректері мен қызметтік құрамы ауысқанын бағамдады. Ескі директорлардың барлығы жұмыстан кетіп, оның орнына жаңа басшылық келген. Олардың қатарында шетелдіктер де бар. Яғни, америкалық жеке меншік иелері Джош Баумгартен мен Адам Шварцтің жарқын есімдері бизнес тізімінде пайда болады.

Дәл осындай "құйтырқы құбылыстар" Дариға Назарбаеваның Бейкер көшесіндегі бизнесімен байланысты екі компанияда да болған (Parkview Estates Management Ltd және Dynamic estates Ltd).

Америкалықтар кім? 

"Джош Баумгартен пен Адам Шварц - "Анджело Гордон" компаниясының Лондон филиалындағы директорлары. Бұл  - инвестициялық компания. Компания өз сайтында, шамамен, 5 53 млрд инвестициялар портфелін уысында ұстайтынын мәлімдейді.

Инвестициялар "зейнетақы қорларының, корпорациялардың, коммерциялық емес ұйымдардың, тәуелсіз әл-ауқат қорларының және жеке тұлғалардың атынан", яғни ақшасы бар кез келген адамның тарапынан жасалады. Қызметтің сипаттамасына сүйенсек, компанияның басымдығы – консервативті инвестициялар, оның ішінде жылжымайтын мүлік", - дейді басылым.

Авторлардың көңіліне күдік ұялатқан бір гәп бар. Гәп - Бейкер көшесіндегі ғимараттар Angelo Gordon компаниясына немесе оның құрылымдарының біріне емес, тікелей менеджерлер Джош Баумгартен және Адам Шварцқа жеке тиесілі екендігінде. Сонымен қатар,  барлық мүлік сатып алғаннан кейін Джерсиде ашылған жаңа Baker Melcombe Property Ltd компаниясына қайта тіркеліп, қайта жазылған.

"Басқа компаниялар арқылы сол Angelo Gordon менеджерлеріне жазылған тағы бірнеше жылжымайтын мүлік табылды. Бұл жай ғана корпорацияның іскерлік тәжірибесі, тарихы болуы мүмкін. Бұдан күдіктене қоймаймыз. Десе де, Джош Баумгартен пен Адам Шварц өзінің негізгі кәсібімен қатар бірнеше қауіпті бизнесті қатар тізгіндеуі мүмкін. Бұл үйлер соның жаңғырығы ма?.. Тағы бір пайым: олар - Дариғаның номиналдары. Олар  жылжымайтын мүлікті Дариғаның жеке бас мүддесі үшін басқарады, - деп болжайды авторлар.

Әдетте, мұндай фирмалар саяси тұрғысыз, тағдыры тайқыма адамдардың мүліктеріне сирек ақша құяды. Назарбаевтардың уысынан шығып қалған мұндай активтердің өзі күмәнді. Оның үстіне, бұған дейін ықпалды лейборист Маргарет Ходж Ұлыбритания парламентінде қазақстандық элитаның "сыбайлас жемқорлық және лас ақшасы" туралы баяндама жасаған еді. Ол Лондон билігін Назарбаевтардың елінен ақшаны сыртқа шығарып, өз туыстары жолында желге шашқанына көз жұмғаны үшін айыптағаны есімізде.

Қолда бар деректерге сәйкес, барлық кешенді алуға жаңа иелер, ашығы, америкалық зейнеткерлер £110 млн төлеген. Назарбаевтар мұны кезінде соңғы бағасынан $30 млн артық төлеп, сатып алған екен...

"Адырна" ұлттық порталы 

 

 

Пікірлер