"Қазавтожол" Қырғызстанмен арадағы құрылыста қаржы жымқырды деген күдікке ілінді

1373
Adyrna.kz Telegram
gov.kz
gov.kz

Қазақстанда жолдарды басқаратын «Қазавтожол» ұлттық компаниясының Жамбыл облыстық филиалының үш шенеунігі қамауға алынды. Олар Қырғызстанмен шекарадағы «Қордай» бақылау-өткізу бекетінің құрылысы кезінде 194 миллион теңгеден астам (434 мың доллар) ұрлық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Соттың санкциясымен барлық күдіктілер: «Қазавтожол» филиалы директорының орынбасары, мердігердің өкілі және техникалық қадағалау сарапшысы қамауға алынды», - делінген хабарламада. Істің басқа мәліметтері, қамауға алынғандардың аты-жөні хабарланбайды.

2020 жылы "Қордай" өткізу пункті кеңейтіліп, қайта жаңартылды. Жұмыстар бір жылға созылды, олардың құны 5,2 млрд теңгені ($11,6 млн) құрады. Тапсырыс беруші "Қазавтожол", ал бас мердігер — "ДорСтрой"ЖШС болды. Нәтижесінде, пункттің өткізу қабілеті тәулігіне бір-екі жарым мың автомобильге дейін өсті.

Айта кетейік, Қазақстандық жолшылар атышулы сыбайлас жемқорлық істеріне бірінші рет қатысып отырған жоқ. 2019 жылы "ҚазАвтоЖол" Маңғыстау облыстық филиалының директоры мен оның орынбасары өңірде автожол салу кезінде 500 млн теңге ($1,3 млн) көлемінде пара алғаны үшін сот оларға алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер