Елімізде қыс айлары халық көтерілетін қызуқанды айларға айналды. Бұрын желтоқсан айы, кейін қаңтар қосылды. Қаңтар келгенде Қаңтар оқиғасы ойымызға оралады.
Жаңа жыл мейрамынан кейін қытымыр қаңтардағы аласапыранның болғанына да екі жыл толып отыр. Қаншама қылмыстық іс қозғалып, айыптылар жазасын өтеуде. Әлеуметтік желілерде қанша пост-подкасттар жазылды, түсірілді. Алматыда еске салатын арнайы ескерткіш те ашылды. Президентіміздің бастамасымен жаза басып, білмей қателікке бой алдырған 1205 сотталған адамның 1095-і осы рақымшылыққа ілікті.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында қаңтар оқиғасының шындығын тағы бір рет шегелеп айтты. Елдегі саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрған саясатқа қарсы топ қаңтар қырғынын ұйымдастырғанын айтты.
Президент өз сұхбатында «Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді», - деп мемлекеттік төңкеріс жасауды ойлаған қаскөй азаматтардың Президентті елден кетуге үгіттегенін айтады. Шынын айту керек Президентті кім үгіттегені бәрімізге белгілі. Ол туралы ашық айтылып жүр және ол адам тиісті жазасын өтеуде. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік күштері Алматы қаласы мен Алматы облысындағы лаңкестік әрекет жасалуы мүмкін деген нысандарды қорғауға қатысты және жағдай тұрақталғанда өз елдеріне қайтты.
Алматының қоғамдық-саяси өміріне араласып, оның ішінде азаматтардың түрлі наразылық іс-шараларына куә болған азамат ретінде айтарым бейбіт шеру жаппай тәртіпсіздікке ұласқанын, жағдайдың ушыққанын санасы бар азаматтар түсінді. Оны шынымен бұрмалап, бассыздықты ақтауға болмайды. Тыныштықты ойлаған, елді бүлдіріп алмауды бағамдаған азаматтар жаппай тәртіпсіздіктен қашты. Балаларын қызық көру үшін алаңға алып бармады. Дүрбелең кезінде қарулы радикалдар мен лаңкестер бір мезетте, бір ғана бұйрықпен мемлекеттік органдардың және күштік құрылымдардың ғимараттарына, қару-жарақ дүкендеріне, құқық қорғау мекемелері мен әскери бөлімдердің қоймаларына шабуыл жасады. Жағдай ушыққаннан кейін ғана құқық қорғау органдары соңғы шараға баруға тура келді. Бәрі заңды. Адам құқықтары қорғалған, демократиясы үлгі саналатын батыс елдерінде де бұндай тәртіпсіздіктерге жол берілмейді. Президентіміз әрдайым айтатын заң мен тәртіп үстемдігі орнаған кезде ғана елде әділеттілік орнайды.
Сондай-ақ, әлеуметтік желі беттерінде қаңтар оқиғасына тұңғыш Президентіміздің қатысы бар және ол кісі де жауапқа тартылу керек деген пікірлерді көріп қалдым. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сұхбатында осы дауға да нүкте қойды, өз сөзінде «Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-талқанын шығара жаздағанын ашық айттым», - деп жазды. Тұңғыш Президентімізді қалқалап, қосарланған билік жүйесін жақтап, өздерінің жымысқы ойларын асырушы топ болғанын ашық айтты.
Президентіміздің сұхбаты көп сұраққа нақты жауап берді.
Елімізде заң мен тәртіп үстемдігі орнасын. Еліміз аман болсын, қаңтар оқиғасы сияқты дүрбелең болмасын.
Серікболсын Сарыбай