Тәліптер уәлаятында. Ауған қазағының оралуына кедергі – статусы

3462
Adyrna.kz Telegram

Ауған қазақтарының өмірін зерттеп жүрген тарихшы оларды елге әкелудегі басты кедергі «қазақтығын білмеуі» екенін айтады. «Адырна» тілшісі Жомарт Жеңісұлынан Ауғанстанға сапар жайында сұхбаттасты.

2023 жылдың соңында Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Талибан ұйымы туралы мәлімдеме жасады. 29 желтоқсанда министрлік Талибанның тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығару туралы шешім қабылданғанын жария етті. Әлемнің көптеген елінде тыйым салынып келген Талибан осылайша Қазақстанда ақталды. Оны министрлік БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің орындауға міндетті қарарларына сәйкестендірумен түсіндірді.

Қараша айында Ауғанстаннан Иранға барып, уақытша орныққан қазақ диаспорасының түйткілі туралы айтқанбыз. Соның бәрін Иранға барып, қандастармен тілдесіп, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтқан тарихшысы, ирантанушы Жомарт Жеңісұлы әңгімелеп берген

Ол таяуда Ауғанстанға сапарлап, жергілікті қазақтардың бір бөлігін аралап келді. Олардың арасында өзін қазақ сезінетіндер де, сезінсе де қазақ тілін ұмытқандар бар дейді ирантанушы.

Жомарт Жеңісұлынан Ауғанстандағы қазіргі билік иесі тәліптердің беталысы туралы да сұрадық. Төменде сол сұхбатты ұсынып отырмыз.  

- Ауғанстандағы қазақтар ата тегін біледі ме?

- Ауғанстанда қазақтар аса көп емес. Кейбіреулері өзінің ру, шыққан тайпасын біледі. Өте аз бөлігі жеті атаға дейін де біледі. Бірақ жалпы Қазақстанмен байланысы жоқ. Елдегі туыстарын танымайды.

- Білім алу, күнкөріс деңгейі қандай?

- Білім алу өте қиын. Әсіресе қыз балалары білім алмайды. 6 жастан кейін мектепте оқытпайды. Одан кейін әлеуметтік жәрдемақы, зейнетақы деген жоқ. Әрқайсысы қолынан келетін ісі,  кәсібі арқылы күнін көріп жүр. Тұрақты жұмыс жоқ. Үкімет жаңадан құрылып жатыр. Өз бизнесімен айналысып жүрген қазақтардың ғана жағдайы орташа. Ауғанстанда тұратын қазақтардың шамамен 90 пайызында күнкөріс деңгейі төмен.

- Ауған қазақтары қандай бизнеспен айналысады? Нені саудалайды?

- Ауғандықтар түрлі мемлекеттен товар сатып алу арқылы кәсіппен айналысады. Азық-түлік, қант дегендей. Қазақстаннан ұн алады. Мал өсіріп, егін егетіндер бар.

- Ауғанстанда өмір сүріп жатқан қандастарымыз қазақ тілін біледі ме? Қазақстаннан хабар алып отырады ма?

- Бұл жақта қазақ мектебі жоқ, ешкім қазақша сөйлемейді. Тілдері өзгеріске ұшыраған. Қазақстанның жаңалықтарынан құр қалған. Интернет желілері, байланыс нашар. Сондықтан көп өзгеріс, жаңалықтарды білмейді. Әрине, діни білімдері бар, бірақ интеллектуалды деңгей туралы айту қиын. Зайырлы білімнен көбінесе мақұрымдау.

- Ауған қазақтарының жағдайымен таныспас бұрын Иран сапарына барып келген болатынсыз. Ирандағы ауған қазақтары мен Ауғанстандағы қазақтардың айырмашылықтарын айтсаңыз.

- Ең бірінші айырмашылық – Ирандағы қазақтар «махалла» болып, топтасып тұрады. Олардың руы, тайпасы, Иранға қашан және қандай жолмен келгені белгілі. Олардың 99 пайызының руы – адай.  Одан кейін Ирандағы қазақтардың Қазақстанмен, елшіліктерімен байланысы өте тығыз. Ал Ауған қазақтарында мұндай процесс болмаған. Топтаспайды, шашыраңқы орналасқан. Көбісі өзінің қазақ екенін білмейді, руын білетіндер аз. Жалпы айтқанда Ирандағы қазақтардың ұлттық сана-сезімі жоғары. Ал Ауғанстандағы қазақтардың ұлттық сана-сезімі өте төмен

- Шетелдегі қазақтардың құзырлы органдар, елшілікпен байланыс деңгейі қандай?

- Біздің елшіліктер Қазақстан азаматтарымен байланыста. Олардың құқықтарын қорғайды. Қай мекенде қанша қазақ бар екенін біледі. Статистикалық мәліметке анықтау үшін нақты «мынау қазақ, мынау қазақ емес» деп айтатын құзыры жоқ. Ал Ауғанстан қазақтарын анықтау үшін арнайы тарихшылар, этнографтар, лингвистер, арнайы мамандар керек. Сараптамадан өткізіп, елшілікпен бірге анықтағаннан кейін сол жақтағыларға арнайы статус берілсе, ғалымдарымыз оларды анықтап берсе, оңды болар еді.

- Ауған қазақтарын Қазақстанға көшіріп әкелу идеясы қалай жүзеге асырылар еді? Қоғамға сіңіп кете алады ма?

- Мен олармен тілдескенімде Қазақстанның қай өңіріне барса да қарсы еместігін айтты. Олар «солтүстік өңірге қоныстансақ жақсы болар еді» дейді. Себебі олар - диқан, егіншілікпен айналысады. Ал оңтүстікте егістік жердің бәрін алып алған. Бізде арнайы мемлекеттік бағдарламалар бар. «Серпін» сынды бағдарламалардың жалғасы ретінде Ауғанстаннан қазақтарды Солтүстікке көшіріп әкеліп, босаған үйлерге, ауылдарға орналастыруға болады. Оларға толық мүмкіншілік бар. Оларға қазақ мектебінашып берсе, жергілікті халықпен араласса біздің қоғамға тез үйреніп кете алады. Оған дәлел ретінде Түркістандағы Достық ауылын айта аламыз. Осы ауылға тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көшіп келген Ауған қазақтары қазір жерсініп кетті.

- Ауған қазақтарының ата жұртқа оралуына басты кедергі не?

- Кедергі – олардың статусының айқындалмауы. Олардың шынайы қазақ екенін анықтау керек. Өйткені олардың арасында «қазақпын» деп өзге ұлт өкілі кетіп қалуы мүмкін. Олар келіп алғаннан кейін біздің ел арқылы басқа мемлекетке кетіп қалуы мүмкін. Мен мамандармен сөйлестім. Комиссия құрып, нақты статусты анықтап алу керек. Одан кейін біздің мемлекет зайырлы. Ал Ауғанстан діни мемлекет қой. Дегенмен Ауған қазақтарының діни көзқарастары бізбен бірдей. Оларға ешқандай қиындық болмайды деп ойлаймын.

- Ауғанстандағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, көзбен көріп қайттыңыз. Не түйдіңіз?

- Ауғанстаннан Қазақстанға төнер қауіп жоқ. Жаңа үкімет тәртіп орнатып жатыр. Мемлекетте қылмыс дерегі азайған. Ауғанстанның солтүстігінде еліміздің ұлттық жәдігерлері, тарихи орындары көп. Қазақ халқының этникалық тарихына қатысты мәліметтер бар. Сондықтан болашақта Қазақстан билігі үлкен экспедиция ұйымдастырып, ұзақ мерзімде жіберсе тарихтың қырларын, сырларын ашатын еді.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер