Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында жылды қорытындылап, биыл жүзеге асқан саяси реформаларға шолу жасады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Айтуынша, өтіп бара жатқан 2023 жыл еліміз үшін тың бастамаларға толы болды.
«Биыл саяси жүйенің жалпы келбетін өзгерткен және жаңа экономикалық үлгінің негізін қалаған реформалар жүзеге асырылды. Сондай-ақ азаматтардың қоғамдық құндылықтар мен нормаларды қайта қарау, өзгерту қажеттігін ұғынуына ықпал еткен оқиғалар болды.
2023 жылдың бірінші жартыжылдығында былтыр басталған саяси реформалар іске асырылды. Атап айтқанда, Конституциялық Сот жұмысын бастады (1 қаңтардан бастап), Парламенті Сенатының сайлауы өтті (14 қаңтар), Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды (19 наурыз), Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі күшейтілді.
Осылайша, бірінші жартыжылдық саяси жүйені институционалды тұрғыдан қайта қарау үшін қолға алынған күрделі үдерістің аяқталуымен қорытындыланды»,—деді ол.
Ерлан Қарин 2023 жылдың екінші жартыжылдығында мемлекеттік саясатта жалпыұлттық құндылықтар жүйесін қайта қарауға басымдық берілгенін атап өтті.
«Бұл жұмыс Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында, яғни Түркістанда сөйлеген сөзінен басталды (17 маусым). Осы алқалы жиында Мемлекет басшысы ұлтымыз үшін маңызды мынадай негізгі идеологемаларды атап өтті: Тәуелсіздік пен Отаншылдық, Бірлік пен Тұрақтылық, Әділдік пен Тілектестік, Заң мен Тәртіп, Сенім мен Жауапкершілік, Білімпаздық пен Кәсібилік, Үнемшілдік пен Еңбекқорлық. Кейін түрлі оқиғалар бұл мәселенің маңызды екенін көрсетті. Қоғамда заң мен тәртіпті сақтау, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қою, вандализм мен жүгенсіздікке қарсы күресу және басқа да мәселелер төңірегінде қызу пікірталас өрбіді. Мұның бәрі жеке және қоғамдық мәдениеттің жаңа нормаларын қалыптастыруға және оны сақтауға қалың көпшіліктің сұранысы арта түскенін аңғартады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға кірісті. Бұл – жаңа, аса күрделі және өте маңызды міндет. Саяси реформаларға қарағанда, бұл жерде заңнаманы өзгерту немесе жаңа институттар құру жеткіліксіз. Қоғам санасын бір сәтте өзгерту мүмкін емес. Бұл – кезең-кезеңімен, біртіндеп жүзеге асырылатын табиғи үдеріс. Жаңа қоғамдық этика жаңарған ұлттық менталитеттің негізі болуы үшін оған бағыт-бағдар беріп отыру керек. Міне, дәл осы мәселе алдағы 2024 жылы қоғам назарында болуы мүмкін»,—деп сөзін толықтырды Мемлекеттік кеңесші.