«Egemen Qazaqstan» газетінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің Қазақстанның ішкі саясатының жаңа тұғырнамасына арналған кең ауқымды мақаласы шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Материалда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 5 қарашада қол қойған «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлықтың тарихи маңызы жан-жақты талданады.
Ерлан Қариннің айтуынша, бұл құжат – Қазақстанда алғаш рет ішкі саясатты жүйелі түрде айқындайтын біртұтас идеологиялық және ұйымдастырушылық акт. Бұған дейін саланың әр кезеңде қабылданған бағдарламалары болғанымен, олардың арасында бірізділік болмаған және кей тұстарда бір-біріне қайшы нормалар кездескен.
Мемлекеттік кеңесші құжатты әзірлеуге танымал сарапшылар, Ұлттық құрылтай мүшелері мен ғылыми қауымдастық жарты жылдан астам уақыт еңбек еткенін атап өтті. Тұжырымдамада жалпыұлттық құндылықтар, жаңа нышандар – шаңырақ, домбыра, Абайдың «Қара сөздері» секілді ұлттық символдар бекітілген.
Мақалада «Заң және тәртіп» қағидаты, «Таза Қазақстан» жобасы, мектептегі «Адал азамат» бағдарламасы, еңбекқорлықты дәріптеу, жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру секілді бағыттар егжей-тегжейлі сипатталады. Автор цифрлық кеңістіктегі жалған ақпарат, «ақпараттық рэкет», кэнселинг мәдениеті сияқты қауіптерге де ерекше тоқталып, оларды реттеудің маңызын атап өтеді.
Қариннің жазуынша, қазіргі мемлекеттік саясаттың басты ерекшелігі – жылдам нәтиже беретін формалды іс-шаралардан бас тарту және жүйелілікке көшу. Соңғы жылдардағы экономикалық өсім, инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік саланы жаңғырту жұмыстары осы ұстанымның нәтижесін көрсетеді.
"Қосарланған билікке" құштарлық қатері жойылса да, Тоқаевтың президенттік билігі мен жеке басына төнген қауіп түбегейлі қайтқан жоқ