West Oil Software жұмысшыларының келіссөзден бас тартқаны айтылды

1519
Adyrna.kz Telegram

20 желтоқсанда West Oil Software (WOS) компаниясының жұмысшылары "ҚазМұнайгаз" өкілдерімен келіссөз жүргізуден бас тартты, деп мәлімдеді Маңғыстау облысы Қарақия ауданының әкімі Сымбат Төретаев.

Төретаев кеше West Oil software-дің наразы қызметкерлерімен кездескен. Әкім наразы қауымды сабырға шақырып, мәселені үстел басында шешуді ұсынған. Жұмысшылар әкім ұсынысын қабыл алған.

20 желтоқсан күні таңертең «ҚазМұнайГаз» АҚ төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов, «Маңғыстау Мұнай Газ» басшысы Мұрат Мұстафаев, West Oil software басшылығы мен Қарақия ауданының әкімі ереуіл өтетін жерге келіп, уағда бойынша келіссөз процесін бастауға шақырды.

Алайда, West Oil Software бұған дейінгі уәдеден айнып, келіссөзді бастаудан бас тартқан.

- Арнайы комиссия келіссөз жүргізуге дайын. Бұл жағдайды реттеудің ақылғы қонымды жолы, оны пайдалану қажет, - деді Дәулетжан Хасанов жиналғандарға.

Алайда, WOS қызметкерлері «ҚазМұнайГаз» штатына жұмысқа орналасуды талап етіп, келіссөзден бас тартты.

WOS-тың бірқатар мамандарының жалақыны «ҚазМұнайГаздағы» еңбекақымен теңестіру, ҚМГ еншілес кәсіпорнының штатына кіру сияқты қосымша талаптары орынсыз екенін ескеру қажет. Неге?

WOS-тың кей қызметкерлері бұрын "ҚазМұнайГаздың" еншілес ұйымдарының қызметкері болған және 2018 жылы 5/50 бағдарламасын пайдаланып, өз еркімен жұмыстан шыққан әрі аталған бағдарлама аясында 5 жылдық жалақысының 50% алған. Орташа алғанда, бір адамға төленетін төлем сомасы шамамен 11 млн теңгені құрады. Осы себепті ҚазМұнайГаздың ЕТҰ штатына көшуі туралы талаптар да мүмкін емес.

Ереуілге байланысты "West Oil Software" ЖШС күніне шамамен 23 млн теңге шығынға батуда.

Бұған дейін, "West Oil Software" ЖШС  қызметкерлері Тоқаевтан, өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтан жұмысшылардың қуғынын тоқтатуды сұрап, видеоүндеу жолдаған болатын.

Пікірлер