Бүгін - Назарбаев алғаш рет президент ретінде ант берген күн, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Осыдан 32 жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет президент ретінде ант берген.
Президент сайлауының нәтижесі
1990 жылы Қазақ КСР-інің «Қазақ КСР Президенті қызметін бекіту және Конституцияға (Негізгі заң) өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Қазақ Кеңес Социалистік Республикасының Президенті туралы» Жарлығы қабылданды.
Сол жылдың 24 сәуірінде жоғарғы Кеңесте заң қабылдағаннан кейін, Президентті сайлауда жасырын дауыс беруге қатысқан 335 депутаттың 317-сі Назарбаевты қолдап, 18-і қарсы дауыс берген. Дауыс берудің нәтижесінде Қазақстанның тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.
Президент өз қызметіне кірісті
Ал 1991 жылы 10 желтоқсанда "Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы" Қазақ КСР Заңымен Қазақ КСР Қазақстан Республикасы болып қайта аталды.
ҚР Жоғарғы Кеңесі "Қазақстан Республикасы Президентінің қызметке кірісуі туралы" қаулы қабылдады, оған сәйкес Н. Ә. Назарбаев 1991 ж. 10 желтоқсаннан бастап ҚР Президенті қызметіне кірісті деп есептелді.
1991 жылы өткен президент сайлауында кандидат ретінде Нұрсұлтан Назарбаев тіркелді. Сайлау қорытындысы бойынша экс-президент 98,8% дауыс жинап, ҚР Президенті атанды.
Республика атауы өзгертілді
Сол уақытта жарияланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын өзгерту туралы» Заңға сәйкес жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет Қазақстан Республикасы деп аталды.
Дәл осы күні Нұрсұлтан Назарбаевты Мемлекет басшысы ретінде ұлықтау рәсімі өтті.