NIS – Индонезиямен байланыста

8082
Adyrna.kz Telegram

Талдықорғандық NIS мектебінің оқушылары Джакартадағы «Sekolah Cikal» индонезиялық мектебіндегі құрдастарымен онлайн кездесу өткізді.

Кездесуді Зияткерлік мектеп кітапханашылары ұйымдастырды. Оқушылар өздерінің мемлекеттері туралы әңгімелеп, елінің салт-дәстүрімен, мәдениетімен таныстырды. Шетелде Отан даңқын асқақтатқан ең танымал қазақстандықтар туралы ақпарат индонезиялық оқушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды.

Кездесуді NIS оқушылары ашты. Қазақстанның таңғажайып, алуан түрлі табиғаты туралы бейнеролик ұсынып, тарихи орындарға толығырақ тоқталып, елдің сұлулығын көрсетті.

Skype жобасы аясында бұл жолы Индонезия мектебімен байланысқа шықтық. Бұл өте мазмұнды және қызықты онлайн сұхбат болды. 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан үнділік «Бал-Бхарати» мектебімен серіктестік орнатқанымыздай, болашақта да Индонезия мектебімен серіктестік орнатамыз деген үміттеміз. Біздің мақсатымыз – коммуникативті дағдыларды, ұлтаралық қарым-қатынасты, жаһандық азаматтықты дамыту, —  деп өз пікірімен Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-кітапханашысы Ғалия Нукеева бөлісті.

Өз кезегінде Джакартадағы Sekolah Cikal мектебінің оқушылары жойылып бара жатқан жануарлар түрлері туралы айтты. Сонымен қатар өздерінің тарихы, негізгі дәуірлері, тағамдары мен дәстүрлері туралы қысқаша экскурс жасады.

Онлайн кездесу барлық қатысушыларға таңғажайып және ерекше елдер – Қазақстан мен Индонезияның мәдениетін сезінуге мүмкіндік берді.

Пікірлер