Елордадағы «Астана Арена» стадионында футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Арменияны жеңді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл Қазақстан командасының УЕФА-ның Ұлттар лигасындағы соңғы, алтыншы матчы еді.
Бірінші таймда 40-минутта Қазақстан құрамасының капитаны Юлия Мясникова есеп ашты.
Ойынның екінші жартысында 48-минутта Аида Гайстенова есепті 2:0-ге жеткізді. Он минуттан кейін Ю.Мясникова екінші голын соқты. 68-минутта Армения ойыншысы Клаудия Чолакян айып добын орындап, бір гол соқты. Дегенмен 71-минутта Камила Құлмағамбетова матчты 4:1 есебімен түйіндеді.
Алты турдың қорытындысы бойынша Мадияр Кембілов жаттықтыратын Қазақстан құрамасы С4 тобында 8 ұпаймен үшінші орынға ие болды. Израиль (16 ұпай) көш бастаса, Эстония (10 ұпай) екінші сатыға жайғасты. Ал Арменияда бірде-бір ұпай жоқ.