"Ассамблеяның атқарып жатқан жұмысы - Нөл" - қоғам белсендісі Шолпан Ғаббасова

4298
Adyrna.kz Telegram

Қоғам белсендісі Шолпан Ғаббасова Қазақстан халқы ассамблеясының қызметіне қатысты азаматтық пікір білдірді. Автордың айтуынша, ассамблея өкілдері Қазақ елінің басына түскен сын шақтарда бұғып қалып, қазақ тілі мен қазақ топырағына қатысты тартысты тақырыптарда жұмған аузын ашпай келеді, деп жазды "Адырна" ұлттық порталы. 

Фейсбук әлеуметтік желісінде Шолпан Ғаббасованың ассамблеяға қатысты азаматтық пікірі тарады. Қазақ елі азаматтарының дені ассамблеяның таратылуын қалайды. Бұл жайлы автор:

- Ассамблеяның құрылғаннан бергі жұмысы нөл деп есептеймін. Ассамблея этностары өздерін, өз тілдері мен салт-дәстүрлерін, мәдениетін жарнамалаумен ғана айналысты. Әрине, қазақ ретінде ол маған қызық. Бірақ, Қазақстандағы ешбір этнос өз этносы ішінде қазақ тарихын, тілін, салтын ұлықтауға, қазақ ұлтының мемлекетті құраушы ұлт екенін, елдің де, жердің де иесі қазақ ұлты екенін мойындауға, Қазақияда қазақтар ана тілінде жауап алуға, ана тілінде қызмет көрсетуін талап етуге құқықты екенін мойындауға жұмыс жүргізбеді. Ұлттар бірлігі мен өзара силастығын арттыруда роль атқармады, Жамбыл облысындағы, Қарағандыдағы, т.б. жерлердегі қақтығыстарда араағайын бола алмады. Орыс этносының өкілдері қазақтың тарихын жоққа шығарып, домбырасын сындырып, қазақ ұлтын қорлайтын, территориялық тұтастығына қатысты арандату сөздерін айтып жатқанда жұмған ауыздарын ашпады. Тентектерін тәртіпке шақырып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуын талап етпеді. Ресей шенеуніктері мен саясаткерлерінің Қазақстан жайлы негізсіз қорлау, айып сөздерін ести отыра үнсіз қалды.
Қазақстанда қазақ тілінің проблемасы бар екенін біле отыра ҚХА «Жоқ, біздің Қазақстанда 2023 жыл Қазақ тілі жылы болсын, орыс тілі жылы болуына қарсымыз. Қазақ тіліне қолдау керек» деп айта ала ма екен?
Сондықтан ассамблеяның жұмысына беретін нөл деген бағам орынды деп ойлаймын және халықтың ақшасынан-бюджетінен бөлініп отырған қаражатты үнемдеу үшін ҚХА таратылсын деген талапқа қосыламын, - деп пікір білдірді.
Орайы келгенде айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен құрылған Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган. Негізінен алғанда, олардың басты мақсаты мемлекеттің шаңырағын көтерген негізгі ұлттың, қазақтың, төңірегіне топтасу. Ұлттық саясат мен ұлттық мүдденің жүзеге асуына қызмет ету, қоғамда этникалық дүрдараздықтың тумауы үшін тиімді саясат жүргізу болып саналады.
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер