Мәжілісте «Масс-медиа» туралы заң жобасы мақұлданды

1797
Adyrna.kz Telegram

«Масс-медиа» туралы заң жобасы Мәжілістегі бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Құжатты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева таныстырды.

«Министрлік заң жобасын мемлекет мүддесін, қоғам сұранысын және медиа саласының даму тенденцияларын ескере отырып әзірледі.

Оны дайындау барысында Еуропа елдерінің халықаралық тәжірибесі, Біріккен Ұлттар ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының стратегиялық құжаттары жан-жақты зерделенді»,—деді ол.

Айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты – сөз бостандығын, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, әсіресе журналистердің мәртебесін арттыру және мемлекеттік тиімді ақпараттық саясатты қалыптастыру.

Сондай-ақ министр жаңа заң жобасына сәйкес БАҚ-тың ресми сауалына жауап беру мерзімі 7 күннен 5 күнге қысқаратынын атап өтті. Бұдан бөлек отандық телерадио хабар тарататын спутниктік операторлардың шығындарының бір бөлігі субсидияланады. Ал 2025 жылдан бастап мемлекеттік емес БАҚ республикалық деңгейде гранттық қаржыландыруға көшетін болады.

Айта кетейік, екінші оқылымға дейін жұмыс тобы тиісті мемлекеттік органдармен заң жобасын талқылайды.

Пікірлер